16.08.2019, 16:45
Қараулар: 237
Досыңыз қандай?

Досыңыз қандай?

Дос болам десең,

Досымды сыйла қымбаттым.

Досыңа сонда,

Досыммен ғана қымбатпын.

Дос болам десең,

Мендегі доспен достасқын,

Сендегі доспен дос болып сонда тұрмақпын,-деп біртуар ақын Мұқағали Мұқатаевтан артық  достық туралы қалай жаза алармыз.

Шынында, өмірде жаныңа жалау, көңіліңе демеу, суықта жылу, желде қорған болар адал достарыңның барлығы әлемнің жарты байлығын иеленгенмен бірдей-ау. Шынайы достың көңіліндегі тазалықты, қамқорлықты, жанашырлықты сезініп, көріп жүру жүрегіне қаншама  шаттық, қуаныш сыйлайтынын әркім де білетін болар. Бала кезден сырыңды білетін, айтар ойыңды көзіңнен оқып тұратын, сен айтпай-ақ әрдайым қасыңнан табылар достарыңа жетер ешкім жоқ. Адам баласы жасы ұлғая келе достарға, адалдық пен сенімге де басқаша көзбен қарай бастайтындай. Өмір болған соң дос деп жүрген жандардың бірінің күні ертең керек болып қалар деп аралас дос, әлдеқандай пайдасы тиер деген пайда дос, ақыл қосқансып тамырыңды басып тұратын қу қос, айтқаныңды бұрмалап өзге жерге жеткізуге даяр тұратын пошта-достар екенін де ақырындап пайымдай бастайсың.

Достық-деген үлкен ұғымның қадірін кетіріп, оған жеңіл-желпі қарап жүретін жандар да жетерлік. Тіпті, досы жоқ адамдарды көріп те таңқаласың. «Ау, бұл қалай, сырыңды ақтаратын, өзгеге айта алмағаныңды айтып кей-кейде көзіңді бұлап, иығына басыңды қоятын ең аяулы жандарың жоқ па?»-десең, мырс етіп: «Қайдағы достықты айтасың? Үйіңе келіп адал асыңды ішіп, табалдырықтан аттасымен-ақ дұшпаныңның әрекетін істейтін жандарды қалай досым деп айта аласың? Мен де бір кісідей достыққа адал едім, бірақ өмірдегі түрлі жағдайлар адамдардың бұл ұғымға үстірт қарайтындығына көзімді жеткізді. Менің досым-менің отбасым, жан жарым, бала-шағам. Солар аман болсын»,-дейді. Бәлкім, сын кезде сынақтан өте алмаған жандардан көңілі қалғандықтан да солай деп ой түйген болар, ол үшін сөгуге де болмас.

Бірақ кейде ой елегінен өткізіп, жан жағыңа бажайлап қарап отырсаң алдыңа келіп мұңын шағып, сенен ақыл-кеңес сұрап, өмірдегі түрлі қиындықтарын алдыңа жайып салып, іші-бауырыңа кіріп жүрген жандарды кейде шынымен де достық ниеттегі адамдарға балап қаласың. Сен де сондай сәттерде ағытылып, кейде тіпті өзіңнің жақындарыңа айта алмай жүрген ойларыңды,  жұмыс барысындағы қайсыбір келеңсіздіктерді қалай жайып салғаныңды білмейсін. Айтарыңды айтып ап: «әй, осы істегенім дұрыс болды ма, негізі осы адамға көп сене бермеу керектігін маған әлденеше рет айтпап па еді? Бірақ, өзі күнделікті өмірде ауырсаң қамқорлық танытып, ренжісең көңіліңді демеп отырады ғой. Қой, мұндай жандардан арамдық күткен дұрыс болмас»,- дейсің. Сол сенім кейде ақталып, кейде жарға жығып та жатады.

Бір жақын құрбым айтады (құрбы мен жақын достың арасында да айырмашылық бары түсінікті): «Жақын араласатын құрбым бар. Кейде тіпті оны досыма да балап қалам. Бір-бірімізді емеурінімізден түсінеміз. Ақтарылып сырласамыз. Оның басында үнемі бітпейтін проблема. Бірінің шешімін тапса, бірінен қиналып менен ақыл сұрайды. Білгенімді айтам, жаным ашиды, тіпті соның мәселесі менің мәселем сияқты кейде түпті түнде соның жағдайын ойлап уайымдап шығамын. Өзім де ортақ таныстарыма көңілім қалған, ренжіген тұстарымды айтып ішімді босатып  та жатамын. Сөйтсем, әлгі жанашырлық танытып жүрген адамым менің айтқанымды іле-шала үтір-нүктесіне  дейін қалдырмай сол адамдарға  жеткізе салады екен. Бір қызығы, мен де солай деп едім деп өзің әңгімеге қоспайды ғой. Осыдан соң қалай достыққа, дос көңілге сенім артасың?»,-дейді налып,

Иә, шынайы дос пен достық пейілдегі адамдарды айырып алу да оңай шаруа емес. Қазіргі күні  «дұшпан-дос» дегендердің де барлығына көз жеткізіп жүрміз. Өмірдің бұралаң жолында кездескен достардың арасында осындай да «достар» кездесіп қалып жүр. Ол сен үшін қиналғансиды, жабырқап жаны ашығансиды,  көзін шылап бірге жылағансиды, қолтығыңнан демеп қамқорсиды, үйіңдігі барлық жағдайды біліп алмайынша тынышыңды алады, әлдене деп ақыл қосады, «ол сені бүй деп айтты, сүй деп айтты, аузыңды ашпа» деп қорғаштаған болады. Бірақ, соның артында дұшпандық жатады екен. Ол сенің ашуланған сәттеріңнен ләззат алады, бостығыңа көңілдерін бірлейді, өзгеге деген сеніміңе сілкеу түсіре білгеніне шаттанады. Осындай да дұшпан-дос болады, бірақ оның шынайы бет бейнесін  уақыт өте келе ғана байқайсың. Осындайлардан сақтасын дейміз де.

Ұлы адамдардың арасындағы нағыз достықты, жарасымды сыйластықты, бір-біріне деген мәрт көңілдікті өзімізге бағдаршам етіп тәрбиелендік. Өзімізде достыққа өле-өлгенше адал болуға, сыр шашпауға, астынан қиып, аяқтан шалудан аулақ тәрбиелендік. Мектептен бастап күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан нағыз достықты, бертін келе өмір жолында табыстырған достарымның әрдайым жанымда екендігі үнемі үлкен күш-жігер, қайрат береді. Бір-екі ай, бірер жыл дос болып, кейін келе бір-бірімен араласпақ түгілі сәлемдесуге де жарамайтын жандарды көріп таң қаласың. Достыққа тұрақсыздық, айтқан сөзде тұрмау, дос таңдай білмеу де үлкен кемшіліктің бірі болса керек.

…Достыққа жүрмін,

Достыққа жүрмін құмартып.

Өлгелі жүрмін өзіме өзім мұң артып.

Жауыздың барып жанына уәзір болғаннан,

Достардың барып ауласында өлген мың артық!

Нағыз достарыңыз көп болсын!

 

Гүлшат Ибрагимқызы