16.08.2019, 16:37
Қараулар: 395
Мақсаттар айқындалды

Мақсаттар айқындалды

Ағымдағы жылдың 5-6 тамыз аралығында Шыңғырлау ауданында 2019-2020 жылғы жаңа оқу жылына арналған тамыз кеңесінің «Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында білім беру ұйымдарындағы тәрбие жүйесін басқарудың жаңа тәсілдері» тақырыбында облыстық педагогтердің тамыз кеңесінің секциялық отырысы өтті. БҚО білім басқармасының адамгершілік-рухани даму және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Луара Батырғалиева  жетекшілік еткен отырысқа аудандық, қалалық білім беру бөлімінің тәрбие жұмысы жөніндегі әдіскерлерінен, мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларынан, сынып жетекшілерінен құралған 54 маман қатысты.

Екі күнге созылған секция отырысының алғашқы күні «Туған елге тағзым» экспедициялық жобасы аясында шұрайлы Шыңғырлау  өлкесінің  «Жеті кереметіне» айналған ауданның киелі орындарын аралауға, олардың тарихымен, географиялық ерекшелігімен танысуға арналды. Өзге өңірлерден келген әріптес ұстаздармен бірлесе жүріп, аңызға толы Аққұм, киелі Қыземшек, тарихы тылсым Торатбасы тауларына саяхат жасап, әлемдегі ең кішкентай сарқыраманың бастауы «Қыз әулие бұлағына» барып, қазақы дәстүрмен құран бағыштап, ырымдап ақтық байладық. Табиғат ананың тылсым күшінен туған ерекше құбылыстарға тәнті болып, ел аузында жүрген аңыз-әңгімелермен таныстық.

Секция отырысының келесі күні тәжірибе алмасу алаңына арналды. Өзге аудандардан келген әріптестеріміз түрлі тақырыптарда баяндамалар қорғап, құқық бұзушылықтың алдын алу, тәрбие саласындағы заманауи жобалар, мектепішілік драмалық үйірмелердің жұмысы, ұлттық тәрбиенің дәріптелу деңгейі тақырыптарында  іс-тәжірибелерін ортаға салып, өзара пікірталаста ой бөлісті.

Мәнді де манмұнды отырыстың соңында педагогтер алдағы жаңа оқу жылына қойылатын мақсат-міндеттерді айқындап, кеңесті қорытындылады.

 

Самат Байболат