26.07.2019, 11:32
Қараулар: 498
Диктафонға жазылған диалог (Әзіл -шыны аралас)

Диктафонға жазылған диалог (Әзіл -шыны аралас)

 

Көршілес тұратын Сәлима мен Әлима  әжейлер қарттықтың мамыражай шуақты  шақтарын бірге өткеруде. Қос кейуана қатарлас кенже ұлдарының қолдарында тұрып жатыр. Шынашақтай келіндерінің қолынан  шәйлерін ішіп, «О, жасаған, тәубе,тәубе!» деп шүкіршілік айтып отырады. Күн сайын үй алдындағы қос терек жанындағы сәкіге  келіп жайғасады. Көктемгі күннің шуағына  балқып, алыста жүрген  үлкен ұлдарын, қыздарын, немерелерін әңгіме етіп, бір — екі сағат отырып қалады. Бүгін де сол әдеттерімен көрпешелерін қолдарына ұстап, қиқалақтап келіп орындарына отырды. Сәлден соң Сәлиманың келіні  үйден басын шығарып, есінеп қойып, сыртқа көз тікті, құлағында бірдеме тығып қойып, әлде кіммен әңгіме айтып жүр. Сәлден соң  көрші келіншектен қалыспаған Әлиманың келіні қолындағы планшетін іске қосып, экранға қарап, қолын бұлғап, үй ішін түгендеп шықты. Автоматқа кір салып, жуылғанша соны күтіп жүрген болды ғой.Әлсін-әлсін, кейуаналар отырған жаққа қарап қояды. Осы екі кемпір  таңертеңнен кешке дейін не айтады екен дегендей.

Даланың ауасы керемет, торғай шырылдап,  аулада балапанын бауырына тыққыштап  ана қаз жүр. Жақында бұзаулаған кәрі сиыр өрістен аңырап келіп, бұзауын емізе бастады. Артынан қуып келген бақташы, оны айырып әлек. Сәлима мен Әлиманың келіндері шаруаларын тастай сала, сиырды қайта қуып берді, әйтеуір. Орамалдарын түзеп,енді екі кемпір жаққа қарап, сылқылдап күліп те алды. Ойларында бір нәрсе бар сірә,  Салиманың келіні тез-тез басып, кейуаналар отырған сәкіге бір зат әкеліп қойды да қайта кетті. Өзі күліп барады. Түсінбей қалған  қос кемпір  «Күлсең  кәріге күл  дегендей, қайтеді-ей, мыналар!» -деп келіндермен  бірге күлді. Сөйтсек, әңгіме — дүкен құрған әжейлердің қастарына телефонның  диктафонын қосып кеткен екен ғой. Енелеріміз біз туралы не айтады екен, білейік дегені шамасы. Сүт пісірім уақыттан соң   қосып, тыңдап қараса, диктафондағы жазбаның  мәтіні мынадай болып шығыпты :

Сәлима: Әминәш-қыз ау, ана Кәбираның үйіне барғанда байқадым, келіні әзер жүр екен. Белін ұстап, жарға  сүйеніп, әзер тұрып-отырады. Тіпті шай құмақ түгілі отырғышқа отырарда  қабағы кіржиіп, күйеуін көмекке  шақырды. Кәбира байғұста ес жоқ. «Қай жері ауырады, мына келінге не болған?»,- деп сұрасам айта алмады. Неге қаратпайсыңдар деп әлгі анау  қаладан келген сіңлісі бар ғой, соған да айттым. Басын шайқап, ол да жақ ашпады. Кеше үй алдынан ұлы өтіп барады екен, тоқтатып алып ұрыстым, — Қарағым-ау келіншегіңді қалаға апарып қаратпадың ба, ауруы қатты қинапты ғой, обал ғой, не істеп отырсыңдар, доғдырыңның қолыннан бәрі келеді, қаратыңдар  тезірек,- дедім.

Әлима: Иә, не болыпты. Қандай ауру екен айтты ма енді?

Сәлима: Ия, айтты. Тіпті не айтарға білмейді қалдым, қыз — ау!.

Әлима: Иә, айтсай енді, емі жоқ па екен?

Сәлима: Бар ғой тек, тоғыз айдан соң жазылады екен.

Әлима: Уақыты белгілі, не ауру сонда?

Сәлима: Уй-бүй, қыз — ау, түсінбейді екенсің сенде, кәдімгі аяғы ауыр екен…

Әлима: Сонда бұны да қазір аурудың түріне жатқыза ма екен?

Сәлима:Соны айтам ә?! (Осы сәтте диктофондағы дауысқа үйректердің қарқылы бірге  жазылып қалыпты). Тағы да Сәлима әжей бастап, Әлима әжей қостап,  «маңызды тема» әрі қарай жалғасады..

Әлима: Ибай.Соны айтам ау, осы үлкен ұлға аяғым ауыр кезде  ауылдан шет тұратын Шөмішбай атайдың үйіне  жаяу  барып отыз қойын бір күнде  екі әйел қырқып бермеп пе едік. Үй, бүй сонда бетіміз кір-қожалақ болып, ән салып отырып, соңынан қаймақ қатқан қою шайды  терлеп отырып ішкеніміз қайда.О, ол да бір заман екен- ау.

Сәлима:-Ия десейші, әлгі Жұмахан қайның қыз алып келгенде ше сенің аяғың екінші балаға ауыр, бірақ енең аурулы болған соң, бір апта ішінде әзірлік жасап, той өткіздің,тіпті жап — жас болсаң да құдалығын өткізіп, бәрін ризалап едің ау.

Әлима: Ия,  есімде, он күннен соң осы Дарханды босандым ғой. Сонда деймін -ау, өзі жаңа түскен  жас келін оны өсіруге көп көмектесті ғой. Міне, сол еңбегімді ақтады, жасаған жақсылығымды қайтарды, балаларымды бірге бағысты ғой. Ернарым соларда жүр, жаным, сол. Енді міне, Астанадан үй салмақ.

Сәлима: Ал, Айсақан әжейдің үйінде, үлкен апайлардың біз сияқты бес келіншекті  киіз басуға салғаны есіңде ме, білектеріңнің күші қайда деп қатты  қуырып еді ғой. Әлі есімде,  әжейлердің шәй — пәйін әзірлей жүріп, киізді ырғап қойып, ыссы сумен пысытып, содан соң аяқпен тепкілегенде  бірімізден — біріміз асып түсіп, себепсізден — себепсіз арқа — жарқа болып күлетінбіз. Бәріміздің көңіліміз тоқ, уайым –қайғымыз  жоқ, өзіміз жаспыз, апалар мен әжелерімізге еркелейтінбіз. Сандықтарындағы мәмпәсилерін алып қашатынбыз. Ол уақыттың өзіндік бір ерекшелігі, жарасымдылығы болғаны рас екен-ау.

Әлима: Қазіргі кезде ұжымдасып істейтін жұмыста қалмаған ау, сірә! Немесе жарқырап тұрып күлетіндері аз -ау! Әлде уақыты сондай ма, білмеймін.

Салима: Иә, қандай керемет кездер еді!

Әлима:  Әлі есімде, ерте тұрып, бұлақтағы судың тұнығынан  үйге су тасудан  жарысатынбыз. Инағашпен  20 шелек су әкелетінбіз. Енеміздің демал дегеніне қарамай,  түстігімізді ішіп алып, көл басында кір жуып, оны түйе жапыраққа іліп тастап, кешке дейін жүн жуатынбыз. Киімдерді суға малып алып, сабынмен  мықтап ысқыласаң, тасқа соққылап  кірін кетірсең, кәдімгі аппақ болып шығатын еді — ау. Қазір қолмен кір жуу деген қалды ғой. Бір қапшық қылып үйілген кірді машинкаға бір-ақ тоғытады. Ысқылап кір жумаған соң, әйелдердің  қолының күші болмайды. Бұлшық еттері дамымайды.Тіпті іштегі бала пысымайды деп енелерміз ұрсып отыратынды. Қолмен жуған кірдің берекесі бар болатынды.

Сәлима: Содан шығара-ау,ә! Екеуміз де кір жуғанда оған кәдімгідей уақыт бөліп барып  жуатынбыз. Кім көп және жылдам жуған кім деп енелеріміз мақтайтын.  Содан да болар, екеуміздің де балаларымыз аяқ — қолы балғадай емес пе?!

Әлима: Мына үй артындағы көршілер үйдің сүтін тұтынбайды. Жейтіндері дүкендегі кілең түрлі  қоспа қосылған «заводской» тағамы. Балалары, немерелері үйдің қаймақ-майын, айранын тұтынса, жүрегі айниды екен.  Сонда не болғаны, заман өзгереді деген осы ма екен?!

Сәлима: Заманына қарай амалы дегендей, барлық жағдай жасалып тұр. Бұрынғыдай от жағып,  ешкім отқа тезек жағып, күл шығарып, күйлеш-күйелеш болып жүрмейді.  Суың керек пе, үйдің ішіне кіріп тұр. Кранды аш та ағыза бер. Ыдыс — аяқты да қолмен жумайсың, жәшікке салып суын жіберсең жуып-шайып береді екен. Тамақ пісірсең де комбайын дейме немене, кесіп турап, әдемілеп береді. Қасықпен былғалап отырмайсың «быж» еткізіп, былғап та береді. Секер, бидайыңды да бір ыдысқа салып, кнопкасын  қоссаң, әп — сәтте талқандап береді. Бәрін турап, үгіп беретін комбайындары тағы бар. Тағамды да кнопкамен отырып-ақ пісіре бересің,тіпті соншалықты баппен пісіретін  күріш палауыңды да  әлігі  мультиваркасы өзі тәп- тәуір етіп пісіріп береді екен-ау!

Әлима: Ал кір жуатын автоматың тіпті ақылды. Үндемей суды құйып алып, өзі жуып, өзі шайып, құп-құрғақ етіп алдыңа лақтыра салады.

Сәлима: Иә, несін айтасың. Заман өзгерді.  Не болса да  елде тыныштық болсын. Бала-келіндерге сана берсін. Осындай барлық жағдайы жасалған заманда  тек қана амандық, бірлік болсын. Ас-суымызды алдымызға ұсынған келін-балаларымыздың  барлығына  шүкір етіп, тәубе дейік. Кішкентайлардың алдағы өмірлері бұдан да көркем, бұдан да керемет ертегідей болсын!

Міне, бұл диктафонға жазылған екі әжейдің диалогы. Оны тыңдап алып,  келіншектер бір сәт үнсіз отырып қалды. Бұрынғы заман мен қазіргі замандағы жағдайды ойша салыстырған түрлері. Әйел адамның  тұрмыстағы күйбең — тірлігінің  қаншалықты жеңілдетілгенін осы диктафонға жазылған  әңгімеден түсінген келіншектер, естеріне бірдеме түскендей, тіпті әлденеден қалып қойғандай,отырған орындарынан  тез-тез тұрып, шаруаларына кірісті. Біраздан соң енелеріне « апа-апалап»  қойып,  екеуі де   исі бұрқыраған сары бауырсақпен,  «ішіңіз, ішіңіз!» деп шәй ұсынып  отырды.

Айсұлу Амангелдіқызы