26.07.2019, 11:26
Қараулар: 634
Ақын жыры асқақтаған кеш

Ақын жыры асқақтаған кеш

Ақжайық өңірінің мақтанышы, Алаштың арқалы ақын қызы, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, арынды жырларымен «Ақжайықтың ақ шағаласы» атанған  Ақұштап Бақтыгереева өзінің 75 жылдық мерейтойына орай Шыңғырлау ауданына    сапарлап келді. Сапар барысында ақын апамыз ауданымыздың өн бойында жүзеге асып жатырған келелі қадамдармен танысып, кемелді елдің келбетіне көз қуантты. Өнерін құрметтеп, өмірін өнеге тұтқан жалпақ жұрттың  ыстық ықыласы ақын жүрегін тебірентті білем, Абай Құнанбаев ескерткіші алаңында жастармен кездесу үстінде әлем таныған қазақтың ұлы перзенті Абайдың «Сегізаяқ» өлеңін жатқа оқып жіберді. Бұл әдемі істі елімізде жүріп жатқан ұлы ақынның өлеңдерін жатқа оқу эстафетасымен байланыстырған ақын қыз, мұны әлеуметтік желіден қабылдап алғанын және енді облысымыздың көш басында жүрген белгілі азаматтарына жолдайтынын жеткізді. Бұл тамаша орнын тапқан, жастарға әдемі үлгі боларлық жайт деп қабылдадық. Өрелі жанның әр ісі- өнеге деп осындайда айтылса керек.

Ауданымыздың музейі мен ескерткіштерін тамашалаған Ақұштап апамыз алыста қалған балалық шақтың әр сәтін, ауыл естелігін музей жәдігерлерінен көріп, тебірене түсті, толғана сөйлеп, өткен күннің өшпес естелігінен сыр шертті.

Алашы әлпештеген ақын қызының мерейлі сапары аудандық мәдениет үйінде «Жайығым» деп сыр ашып, жырдан төккен кестесін…!» тақырыбындағы кездесу кешімен жалғасты.

Ұлт ұясы- отбасы. Халықтық тағылымның барша тұнығыы да осы отбасынан бастау алады. Бұл біз білетін, біз танитын ақын апамыздың ұстанымы, айтар ұлағаты. «-Бесігің қайда? Есімің қайда? Пейілің қайда? Мейірім қайда?»-деген сауалдар, ұлт рухы қайтсе биіктейді, ұрпақ санасы қайтсе тереңдейді, ата мен әже тәрбиесі қалай болуы керек еді, кісілік деген не еді деген жауаптарға толы жарқын отырыспен жалғасты арынды ақын апа- Ақұштап Бақтыгерейқызының  шыңғырлаулықтармен шығармашылық кездесуі. Ақынның көкірек көзінен ақтарылып, әр көрерменнің жүрегіне орнаған мәнді әңгіме, мағыналы мақам, тартымды тағылым көременін тез баурады, қимылсыз тыңдатты. Емен-жарқын әңгімеге құрылған кездесу кеші көпті көкірегіне түйген, ең алдымен ел қамын ойлаған ақынмен бір сырласу, ақылын тыңдап, өнегесін санаға сіңіру болды десе де болғандай.

Алдымен, шырайлы өлкенің шұрайлы тарихымен ғана емес, шынайы тұлғаларымен де танылған Шыңғырлау өңірі туралы бірер мәрте айтылып, ақынның өзіне сөз берілді. Дауылпаз кеудеге көп сыр қордаланған екен, көп тағылым тұныпты, солардың тиегі ағытылды бір. Тыңдаушының да, тыңдатушының да айызы қанып, санаға-нәр, ұрпаққа- жол боларлық көп деректер келтірілді.

«Топталып ұшқан үйірің,

Достардай еді-ау жаны ізгі.

Адамнан кеткен мейірім,

Сендерде қалған тәрізді»- делінген «Даланың қарлығаштары-ай» өлеңі оқылды.

«-Анамын- бөбегін сағынған,

Ақынмын-жыр болып ағылған.

Көңілмін екіге бөлінген,

Жүрекпін екіге жарылған»,- деген сыр айтылды.

«-Қалмадым елі қасыңнан,

Мен болдым қызың, ұлың да.

Үйір ғып қойдың жасымнан,

Қамшыға, асау құлынға.

Жинамай асық қалтаға,

Ерекше сенің өсті «ұлың»…

Бір күні менің арқама,

Төгіліп кетті қос бұрым…»,-деген әкеге сағыныш та ақтарылды осы төрде. Түрлі тағылымды тақырыпты шолып өткен ғибратты әңгімеге еліткен көрермен ағайын ақын жанын жиі соғылған қошеметімен қанаттандырып отырды. Сахна төрінен ақын сөзіне жазылған әндер орындалып, жергілікті жұртшылықтың алғыс-тілектері жолданды. Шара соңында аудан әкімі Альберт Есалиевтің ақынға алғыс хат тапсырып, көрермен көпшіліктің қолтаңба алып, суретке түскен көңілді қарбаласымен жалғасты.

Бұл сапарын ақын жүрегі елінің бүгінін уайымдап, ертеңіне алаңдағаны, ұрпағы ұлағат ұқпаса, ертеңі елдің не болар, қыз тәрбиесі мен ұл тәлімінің олқысын толтырсам деген мақсатқа мегзегенін жеткізді. Көкірегіндегі көп ұлағатты жеткізе алды да.  Мұны кездесу кешінен ойлана шыққан, рухтана шыққан әр тұрғынның келбетінен байқадық.

 

Қаршыға Елемесов