26.07.2019, 11:14
Қараулар: 455
Орталық көшеде  жарқыраған асфальт жол бар

Орталық көшеде  жарқыраған асфальт жол бар

Шыңғырлау аулының  қақ ортасындағы «шұрық-тесік» асфальт жолдың  мәселесі   жылдар бойы «жырланып» келгені көпке аян. Шыныменен, ұзақ жылдар бойы халыққа қызмет көрсеткен жолдың әбден уақыты жеткен еді. Осы уақыт ішінде көп нәрсе, тіпті заманның өзі талай   өзгерді. Бірақ, өкінішке орай, орталықта  көптеген әлеуметтік нысандар  салынып, көркейіп, гүлденсе де осы жол шырайын шығармай қоятын.Үстінен  күндіз-түні  жүздеген машина, небір  адам мен жүк тиеген көлік өтетін жолдың ұсқынын айтсақ, асфальт  дегеннің тек жұрнағы  қалған.   Әсіресе,  көшелердің ең бір  көшесі, сауда нүктелері көп  орналасқан, өзі биіктеу   жолдың үсті, базар маңындағы  тұсы сын көтермейтін. Бұл жерден жүру әрбір көлік жүргізгенге қиынның қиыны болғаны  шындық. Көлік жүргізушілер қатпар-кедір жолда дөңгелегін  бірдеме іліп кете ме, астын соғып алмайын немесе батпаққа  түсіп кетпейін деп қатты қапаланатын. Шұқыр -тесіктен  қашамын деп  талай көлік осы жерде бір-бірімен  бетпе-бет келіп қалып, «жапырайып» қалатынын да көрдік. Азып — тозып, мүжіліп,ойқыш-ойқыш  болған  жолдың үстімен  ілдебайлап   әлі де  мыңдаған көлік жүрер ме еді қайдам, өткен жылдың ақшасын қоса санағанда, облыстық бюджеттен 284 млн.983 мың   теңгеге қаржыландырылмаса… Енді жоғарыда аталған қиыншылықтар әшейін бір әңгіме болып қалары сөзсіз.  Міне, есесіне,  Л.Қылышев көшесіне жарқыратып тұрып асфальт төсеу жұмысы аяқталып  келді.

Күйіп тұрған күнге қарамастан, тоқтаусыз жүрген жұмыс  өз нәтижесін көрсетуде.  Ал, шыңғырлаулықтардың  қуанышында шек жоқ — ортада жарқырап жатқан асфальт жол!

Амандәулет Айталиев, көлік  жүргізуші: Ес білгелі осы ортадағы жол мәселесі күрделі болды. Аталарымыз да, әкелеріміз де осы жолмен  жүріп өткен. Өзге жақтан келгендер де осы ортадағы жолды неге жөндемейді деп  мүсіркеп,кейде ашуланып айтып кететінді. Енді міне, дұрыс болды. Айнадай жарқыраған асфальт  жолда көлігіміз желдей есіп отыр. Бұрын мәшинеміз қиқалақтап,ұрылып соғылып, шашылып қала беретін. Біз мына асфальтқа  қатты қуанып жүрміз. Енді тек, тиісті органдар қарап,үлкен жүк көліктерін жүргізбесе, әрі өзіміз де ұқыпты пайдалансақ, игілігімізге жарайды емес пе. Тек ел аман, жұрт тыныш болсын!

Осы жұмысты атқарып жүрген  мердігер «Айдана»  ЖШС — нің  прорабы  Мироян Карленнің айтуынша тапсырысты  уақытынан бұрын бітіруге талаптаныпты.  Оның үстіне оны  аудан әкімінің өзі басты назарда ұстап, қадағалап отыр. Жұмыс барлық техникалық стандарттарға сай орындалуда, бәрі де тапсырыс берушінің тапсырмасына орай атқарылуда, -дейді.Орталық көше жолының  ұзындығы  3, 2 шақырымды құрайды. Оның үстіне  екі  автобус бекеті және жол қиылыстарын тегіс қамтып, жүргізушілерге ыңғайлы жағын қарастыруда екен.  Асфальт төсеу жұмысында ең алдымен жолды қырып, тегістеп, қиыршық тас төсеп, үстін жұқа асфальтпен жаптық , соңынан  кәдімгі ыстық асфальтпен құйып тегістеп шықтық.  Бұрынғы  асфальттың ені 6 метрлік болса, бұл тапсырушының айтқанындай   орталық көшедегі асфальттың ені 7, 2 метрлік жалпақтығымен орындалуда,- дейді.  Айта кету жөн, ауыл шетіне орналасқан көшпелі  асфальт зауытының  іске қосылуы аталмыш жұмыстың ырғақты болуына, жолдың сапалы жасалуына септігін тигізді.

Жаңа асфальт бойында жүйткіген көлік, ал  тұрғындардың  қуаныштарында шек жоқ, осындай іргелі істер көп болсын!

Айсұлу Арыстанова