18.07.2019, 16:59
Қараулар: 545
Қасиеті мол қара сабын өндірісін неге ашпасқа?

Қасиеті мол қара сабын өндірісін неге ашпасқа?

Қара сабынның қасиеті  туралы  үлкендердің аузынан көп еститінбіз. Бірақ оның неден жасалатынын, әрі  қандай ерекше пайдасы бар екендігін біле бермейтінбіз. Сөйтсек, оның тарихы өз алдына, ал қолданылу аясы тіпті  кең екен. Қара сабынмен қоса кір сабынның да пайдасы өте көп екенін осы мақалада  айтқымыз келеді. Мұны жазуға себеп болған бір оқиғаны айтпай кету тіптен мүмкін емес. 

Әлсін -әлсін аллергеясы асқынып,  үсті басын жара тұтастай басып, өлім аузына барып келген  адам осы қасиетті қара сабыннан жазылыпты. Терісі күлтеленіп, бет аузы да ісініп, мазасы қашқан, аурына ешбір ем табылмаған науқас тіпті  жұмысынан да қалады. Тері аллергені деген диагнозымен ем іздеп, бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Қайда барса да емделу керек деп  неше түрлі дәрі жазып береді. Ішетінін — ішіп, жағатынын — жағып, әбден діңкесі құриды. Ем болмайды. Сондайда бір егделеу дәрігер оны кабинетіне шақырып алып, әйеліңе айта бар, киімдеріңді дұрыс жусын демесі бар ма? Менің ауруыма әйелімнің қандай қатысы бар деп  өзі аурулы адам қатты ренжиді. Әйелінің өте таза, ұқыпты екендігін айтып, ашу шақырып  кетіп қалады. Күндердің күнінде жарасы  тағы асқынып, домбыққан көзі  көруден қалады.  Сөйтіп, амалсыз әлгі дәрігерге қайта кіреді. Ол да айтқанынан таймай, жаңағы сөзді қайталап  отырып алады. Әбден амалы таусылған, шарасыз жан енді не қыл дейсіз, дұрыстап түсіндіріңізші  деп жалынғандай болады. Үн -түнсіз біраз отырып қалған дәрігер,  енді ешқандай дәрі- дәрмек пайдаланбау керектігін, егер мұқият  тыңдаса, айтқанынын қалт етпей орындаса,  бір ғана ақыл айтатынын ескертеді.  Сосын бір айдан кейін ғана, тек көрінуге кел дейді.

Сонда қандай ақыл айтқан дейсіз ғой, енді дәрі — дәрмекке тіпті шашылма, көп адам қазіргі таңда менсінбей кеткен зат-  сабын бар, ауруыңа ем болса тек сол ғана. Аты — қара сабын.  Ата — бабамыз сонау  көшіп қонып жүргенде — ақ сонымен кір — қоңын жуып, әртүрлі  жұқпалы ауруларға қарсы қолданған. Әсіресе адам терісін әртүрлі бактериялардан, түрлі жұқпалардан  сақтайды. Бір көмек болса тек содан болар. Соны тауып, үсті — басыңды, шашыңды, бетіңді сол сабынмен сабындап жуу керек. Тіпті күніне үш-төрт рет жуынсаң да  артықтық етпейді.  Сүртінетін сүлгінің де тек қара сабынмен жуылсын деп шарт қояды. Ал енді әйеліңе айтарым, үстіңе  киіп жүрген және алдағы уақытта киетін  киіміңнің барлығын да тек қана қара немесе кір сабынмен жусын деп  сәлем айтады.  Бұл сөзге бірден түсінген әйелі  кір жуатын ұнтақты көп пайдаланып, кір шайқағанда  дұрыс шайылмады ма деген күдікке де қалады. Десе де  дәрігердің айтқанын жасап,  қара сабын тауып, бәрін де бұлжытпай орындапты. Екі- үш аптадан соң өз көзіне өзі сенбейді. Қолдарының, бетінің жаралары мүлдем  жоғалғанын   байқайды.  Сөйтіп бір ай дегенде аллергеннен пайда болған тері жарасы,  асқынуларынан құлан — таза айығып, енді тек  дәрігерге алғыс айтуға барыпты. Міне, бұл  жерлестеріміздің бірінің басынан өткен оқиға.

Енді қара сабын туралы айтсақ.  Үлкендердің көпшілігінің әлі де есінде екен.  Аулымыздың үлкендерінің бірі  Талшын Тажкенова әжеміз есіне былай алады. Бала кездерінде  мия, алабота, жусан деген шөп атауларына  жете таныс болып өстік.  Жусанмен үйді  аластап, кейбір ауруларымызға   мияны қайнатып ішкізіп, ал  үстімізде жара болса, немесе тұмау болса қара сабынмен емдегенін білеміз көпшілігіміз,- дейді.  Алаботаны жинатып, сақар дайындайтын. Бала –шаға бірігіп жүріп, көп қылып алабота жиямыз, оны өртеп, оның күлінен қара сабын жасап, сонымен үстімізді  сабындап жуып беретін деп үлкендер айтып отыратын.

Иә, қара сабынды жасауға қазақ  ежелден  ерекше мән берген. Әбден сары күз болғанда  нағыз пісіп, қатайған алаботаны көп қылып жинайды. Бұған ауылдағы әйелдер, қыз — келіншектер, бала-шағаны да қосады. Себебі  жиналған алабота неғұрлым көп болса, соғырлұм көбірек күл шығады.   Күлді бір жерге жиып, кендір қалтаға салып қояды.  Кей уақыттарда алаботаның орнына  күнбағысты да пайдалануға болады.  Алаботаның күлі көп болса, соншалықты көп  сабын дайындауға болады.  Кесек-кесек боп  ұйыған  күлді   үлкен ыдысқа  салып  сақылдап қайнаған су құяды. Күлді шиден жасалған шыптаның үстіне жұқалап жаяды.  Текшеленген күлдің үстінен сақылдаған қайнаған суды  құю керек.  Сонда  күлдің сөлі, нәрі сумен тегенеге ағады. Жиналған суды  тұндырып,  майланған қазанға құйып, қайнатады.  Нілі сорғыған күлді ауыстырып, жаңалап, астындағы  жиналған суды майланған қазанға дер уақытында  құйып алу керек.  Бір қалыпты қайнатқанда  қайнаған күлдің  суы сақарға айналады.  Төрт- бес қазан күлдің қайнатқан суынан  жарты -ақ қазан  сақар шығатынын ескеру керек.  Қайната- қайната келген күлдің суының түсі  қызылкүрең бояуға жақындайды екен.  Қайнату арқылы алынған  сақарымыз  майда әрі, уытты болады. Бұл өзара қоспалар арқылы  ажырату әдісі. Физикалық қосылыстар арқылы алынған сақар осылай дайындалады. Еш қиындығы жоқ. Оған малдың майын, қойдың жүнін, хош иісті болуы үшін жұпар гүлдер жапырағын қосу әдістері де бар. Ол сақар  жасаушының өз еркінде. Атам заманнан бері осы қара сабынды өндіру зауыттары болмай- ақ ақылды халқымыз осындай әдіспен сабын  дайындап, оны тазылық құралы, әрі емдік қасиеттері үшін қадір тұтқан, қашанда  орнымен пайдаланған. Ысырап етпеген. Сақар қайнату әдісін өзге көзден аулақ жасаған, әйтпесе сабын бұзылады деп сенген, қазақта «сабындай бұзылып» деген теңеу осыдан шыққан екен.  Көрші —  көлем балаларына «бұзаушық» деп үлестірген, ал кетер қыздың сандығында осы   қолдан жасалған қара сабынның  бір кесегі салынған. Таза болсын, әрі балалығынан қалған көзіндей сақтасын деген ырым болар, сірә.  Сол себепті әжелеріміз  күз келісімен  алаботаны өртеп, неғұрлым көбірек сақар  жинап алуға тырысқан. Оны жыл бойы  сабын жасауға пайдаланып келген.

Осы қара сабынның  қасиеті туралы әжелеріміз былай дейді:  Емдік қасиеті ерекше, баланың үстіне бөртпе шықса, малдан бұзау таз жұқса  бір — екі рет сабындап жуғанымен кететін болған. Тұмау кезінде сабынды үгіп, дәкеге салып, оны балаға иіскеткен. Ал денені әлдеқалай жырып, немесе өзге зат кірген жағдайда іріңдеген орнын қара сабынмен жуса тез кететін болған.  Ал теміреткі, қотыр, безеуді кетіруге  де осы сабынның  көмегі зор.  Құрамындағы емдік , дезенфекциялық қасиеттеріне байланысты тіпті шаштың жақсы өсуіне де пайдасы бар болып шықты. Ең алдымен қара сабын аллергенді кетіруге бірден бір ем. Қара сабынның біз білмейтін ерекшеліктері әлі де көп, оның құпиясы сонау күн шығыс елдерін қатты қызықтырған. Ал көшіп қонып, ат жалында жүріп, көштен қалмаған бабаларымыз қара сабынды осыдан  талай ғасыр бұрын ойлап тапқан. Оның  технологиясының еш қиындығы жоқ. Шикізаты міне сайын даладан, ауламыздан да  табылады.  Ал елімізде   қаншама адам « түсініксіз» жараларын емдеуге ем таба алмай аурухана есіктерін тоздыруда. аллергологтар түсіндіре алмайтын ауруларына ем іздеп, қаншама ақша жұмсауда.  Сондықтан да біреу біліп, бірі білмейтін қара сабын қасиетін  көбірек айтып насихаттасақ, бәлкім елімізде  осы қара сабын  өндірісін ашып, патент алатын жан да табылар деген ой туындайды. Лайым, химиясыз өндіріс, қол жетімді тауар деп осыны айтар болар. Әдемілеп шығарса, оның көп сұранысқа ие болуы да мүмкін ау. Бұл оқырманға ой салар деген үміттеміз.

 Айсұлу Арыстанова