18.07.2019, 16:55
Қараулар: 227
Ру мен ру қыз алысса..

Ру мен ру қыз алысса..

Халық арасында жеті атадан бері болса, өз руыңнан қыз алуға болмайды деген қағида бар. Алайда намаз оқитын бауырлар «исламда бір анадан тумаған болсаңдар, сүт бауыр болмасаңдар үйлене беруге болады» дейді.   Исламға дейін арабтар және өзге де халықтар өгей шешемен және кейбір  туыстарымен үйлене беретін. Бертін келе қазақ халқы экзогамиялық сипаттағы «жеті атадан қыз алыспау» дәстүрін қабылдады. Бұл салттың дінге қайшылығы жоқ, керісінше қан тазалығымен қоса, ертең дүниеге келетін ұрпақтың физиология және психологиялық жағынан дені сау ұрпақ болуының бірден бір кепілі. Шариғатта Әл-Ғадату Мухаккама «Әдет-ғұрып үкім ретінде орындалады» деген. Дін үкіміне қарсы шықпаған салт-дәстүрге шариғат тарапынан ешбір сын жоқ.

«Үйленбекші болып ем. Бірақ мен сүйген қыз өз руласым болып шықты. Ата-анамыз қарсы. Не істеген жөн? Ислам руға қалай қарайды?» — сынды сұрақтарды ғаламтор желісінде болсын, күнделікті өмірде болсын көп кездестіреміз. «Ниса» сүресінің 22-23 аяттарында «Әйелдерден әкелерің үйленгендерге үйленбеңдер. Сендерге аналарыңа, қыздарыңа, қыз туыстарыңа, әкелеріңмен туысқан әйелдерге, шешелеріңмен туысқан әйелдерге, еркек немесе қыз туыстарыңның қыздарына, сүт емізген аналарыңа, жақындасқан әйелдеріңнің қолдарындағы өгей қыздарыңа, бірге еміскен сүт бауыр әпке-қарындастарыңа үйленуге тиым салынады. Егер жақындаспаған болсаңдар, сендерге бір оқасы жоқ. Бел балаларыңның әйелдері және екі қыз туысқа бірге үйленулерің арам қылынды…» делінген. Демек, мұнан басқа қыздармен отбасын құруға болады. Дегенмен «жеті атаға дейін қыз алыспау» дәстүрін естен шығармаған жөн.

Бұрынғы уақытта ата-бабаларымыз ру мен ру қыз алысуға жеткенде елге сауын айтып, хабар жетер жердегі қазақтың игі жақсыларын жинап, сол қыз алысу дәрежесіне жеткен рудың екі жасын арнайы сойылған боз биенің сүтіне шомылдырған. Бүкіл рубасы ақсақалдары батасын беріп, қосып: «Міне, енді сендер де рубасы болдыңдар, бұдан былай кейінгі жастарға рұқсат» деп баталарын берген. Қазір осындай қарияларымызды іздеп, бата сұраушылар аз. Осыдан ба руластар үйленуге болмайды деген қағида шыққан, алайда оны реттеп жатқан ешкім жоқ.  Зер салып байқасақ, қазіргі қыз алыспайтын туыс болып жүрген рулардың көбісі әлдеқашан жеті тұрмақ, он жеті атадан асып кеткендер. Яғни, бір рудан қыз алуға болмайды деген қатып қалған қағида жоқ, дегенмен ата-анамен ақылдасып, ру ақсақалдарымен кеңесіп, бата алған жөн секілді.

 

Айбарша Лекерова