18.07.2019, 16:52
Қараулар: 526
Қазаның оттан түспесін

Қазаның оттан түспесін

Жуырда темір-терсек жинаумен айналысушы бір тұрғынның ауласынан үйіліп жатқан металдардың ішінен екі-үш үлкенді-кішілі кәдімгі қазанды көзім шалып қалды. Ескі деп ескі емес, ешбір жері ұшпаған, тесілмеген қазанды біреу керексіз дүние ретінде тиын-тебен құрау үшін тапсыра салыпты. Сырты да таза, әлі талай отқа қойып, дәм дайындауға болатын ас үй десе бірінші көз алдыңа келетін заттың керексіз дүние болып темір-терсектің арасында жатқаны кәдімгідей біртүрлі көңілімді жүдетіп жіберді. «Апырмай, мынаны кім тапсырды, әлі жаңа ғой, қаншама жыл пайдалануға болады әлі»,- деп айта беріппін. Айналшықтап, қолыма алып, әлсін-әлсін бәлкім жарамаған соң  әкелді ме екен деп аударып-төңкеріп қарай беріппін. Көз алдыма өзімнің жаңадан жанұя құрып бөлек шығарғанда енемнің еншіме берген қазаны түсе кетті. (Қазақта тұрмысқа шыққан қызға қазан бермейтін ырым бар емес пе?). Сол қазанмен мен қандай тамақ дайындамады десеңізші, газдың үстіне қойып екі жағына аударып-төңкеріп нан да пісіретінмін. Сол қазанда піскен нанның дәмін татқандар: «сен қазанға нан пісіретін едің ғой, дәмі ерекше болатын»,- деп әлі күнге еске алады. Сол қазанға құрт қайнатып, көже де пісіріп, қуырдағы өз алдына әйтеуір барынша пайдаланған едік. Және бұл әр үйдегі ең қолжетімді, жиі қолданылатын, онсыз бір де бір қонақ тәрбиеленбейтін бұйым болатын. Аулаға құрылған қазан ошақта піскен ауқаттың дәмі тіл үйіріп, иісі аңқып тұратын. Қазір сыртқа қазан-ошақ құрмақ түгілі, заманның дамуына орай ыдыс-аяқтың түр-түрі шыққан уақытта кәдімгі қара қазанымыздың керексіз болып қалғаны көңілімді кәдімгідей пәс етті.

Осы тақырыпты қаузау мақсатымен тарихи әдебиеттерге үңіліп, халқымыздың жөн-жоралғыларын жинап оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдім.

Әріден бастасақ талай жаугершілік заманда аяқ астынан жау шапқанда үдере көшкен жұрт үлгергені сытылып, үлгермен ауру-сырқау, жасы ұлғайған жандарды қазанның астына жасырып кетеді екен. Төңкеріліп жатқан қара қазанға жаудың көзі тоқтамай өтіп кетеді.Талай қазақтың жанын алып қалған қара қазанның астында қалғандардың ұрпақтары біздің ата-бабаларымыз еді.

Ертеректе зираттарда артында ұрпағы қалмаған жандардың бейітінің басына қазанды төңкеріп тастайды екен. Бұл: «артында ұрпағы қалмады, оты өшті» деген мағына береді екен. Әжелеріміздің «қазанды төңкерме!» деген сөзі осындайда есіме түсіп отыр.

Қайтыс болған адамның моласы бұзылса, түске кіріп мазаласа басына қазан апарып қоятын да ырым  бар. Сол сияқты, қайтқан кісінің соңынан ұрпақтары ауру-сырқаусыз, белгісіз себептермен өле берсе, құран оқытып, басына қазан төңкертетінін білмейді екенмін. Халқымызда қазанға қатысты тағы да бір ырым бар-суға батып кеткен адамды қазан арқылы табады екен. Адам суға кетсе үйіндегі қазанын төңкеріп суға жібереді. Бұл ғажапқа таңданбасқа шара жоқ, әлгі қазан адам батқан жерді айналып жүзіп тұрады екен.

Ал иісі қазақ халқына киелі болып танылған Тайқазанымыз туралы  қалай айтпай өте аламыз?  Тайқазан сирек кездесетін жеті түрлі асыл металдардың қоспасынан құйылған. Оның жасалған жылын тарихшыларымыз 1399 деп дәлелдеп отыр. «Кімде-кім Алла тағала үшін су құятын ыдыс жассаса, Алла тағала жұмақта оған арнап хауыз дайындайды» деген хадис бар. Сондықтан да бұл тайқазан кесененің бұырышына жай ғана жәдігер ретінде қою үшін емес жоғарыда айтылған сөзді шынайы ету үшін  жасалған іс болса керек. Сол себепті Йассауи кесенесінің төрінде тұрған тайқазанды қаңсытпай су құйып, шөлдеп келгендер шөлін бассын деп игі амал жасалады.

Тағы да тарихты таразыласақ. Бұрындары сақ елінің бірлігі бұзылып, ел ішін берекесіздік, өз ара өштесу жайлай бастапты. Сол кезде ел билеген көсемдер мен орақ тілді шешендер ақылдасып, халықтың басын біріктіру үшін үлкен қазан құюды бұйырыпты. Сарбаздардың жебелеріндегі мыстарды балқытып, алып қазан құйыпты. Сол қазанға піскен тағамнан дәм татқан сарбаздар бір-біріне деген ренішін ұмытып, өзара ымыраға, татулыққа келіпті.

Қазақтың қорғаны да, құт-берекесі де болған, әр шаңырақтың басты атрибуты ретінде танылған  қара қазанымызды өз басым ешбір жаңа, тіпті озық технологиямен дайындалған болса да өзге ыдысқа айырбастамас  едім. Бала кезімізден әжелеріміз сырттағы қаз қатар тізілген екі-үш ошақтың біріне сүтін пісіріп, біріне тары-бидайын қуырып, үшіншісіне нан жабу үшін астына маздатып тезек жағып, қазан бос тұрмасын деп су қайнататын. Әжелеріміз: «қазанға салатының болмаса тым болмағанда су құйып қайнат, қазаның қаңсып бос тұрмасын»,- деп келіндеріне айтып жататыны жадымда қалыпты. Мұның бәрі үйіңнен береке, ырыс кетпесін, қадірлі қонағың төріне жиі келіп, қазан-ошағың оттан түспесін деп ырым еткені болса керек. Ал, қазаны оттан түспеген үйге әрдайым  бақ-дәулет өзі-ақ келіп, дәулетін еселей түседі деп сенемін. Ендеше, қазанымызды қаңсытпай, керексіз етіп лақтыра салмай ас үйімізден орын берейік. Бәлкім, қайсыбір отбасындағы ырың-жырыңдардың жиі орын алуы, ажырасулар мен жетіспеушіліктің салдары да осы құт-берекенің бастауы болып танылған қара қазанымыздың керексіз болып қалуынан да болар. Бәрі де мүмкін…

Гүлшат Ибрагимқызы