18.07.2019, 16:41
Қараулар: 315
Бір ауыз сөздегі мейірім!

Бір ауыз сөздегі мейірім!

Есепсіз шалып дүние-б…ң көп басын,

Жүрсек те айтпан жетпестік пенен жоққа сын.

Елеулі еткен екпінді мынау ғұмырда,

«Айналдым» сенен «қара-орман» –үйім, отбасым!

 Сұрап тұратын күн сайын, таңнан дос хәлін,

Болмасын дейтін ешқашан ешбір доста мұң.

Көңіл төрінен маған деп орын сайлайтын,

«Айналайын» деймін сендерден асыл достарым!

 

Осындай сөз бар, бабамнан қалған баталы үн,

Осындай менің «Қазақ» деп шыққан атағым.

«Айналдым» сенен ақ бесік, алтын мекенім,

Бабама-пейіш, балама- бесік- Отаным!

 

«Айналайын сөзінің мағынасы терең екен достар! Күнде айтып жүріп, бұл сөздің ерекшелігін білмейді екенбіз.

Ата-әжелеріміз көп айтқан осы сөздің астарына үңілсек, ерте бір уақыттарда қатты сырқаттанып қалған жастар, балаларына үлкен кісілер өздерін құрбандыққа атайды екен. Яғни, «сен ауырма, орныңа мен ауырайын, немесе, сен өлме, орныңа мен өлейін» деген секілді. Содан соң ауырған баланы үйдің ортасына жатқызып, үлкен кісі, яки ата-анасы ауырған жанды үш рет айналады екен. Үш айналып есікке келгенде «айналайын» деп қатты дауыстап айтады екен. Осыдан әлгі жас адам жазылып, үлкен кісілер ауырып қалатын болған, тіпті қаза боп кететін жағдайлар да кездеседі екен.

Қазақ халқының жадында осы сөз мәңгілікке қалып қойыпты, яғни, бұл сөз «сенің жолыңа жаным құрбан» дегенді білдіреді. Байқап тұрсаңыз, бір ғана сөзде қанша мейірім, ықылас, жанашырлық пен махаббат жатыр, қадірлі оқырман!

Және бұл сөз ешбір тілде аударуға келмейді екен. Жобалап аударғанмен осы сөзге сиып тұрған үлкен мейірімді жеткізе алмайтын боп шыққан.

Мен өзім бұл сөзді марқұм атам Лекерден көп естідім, сол кісі тіпті осы сөзден басқаны айтпайтын маған… Сөйтсем, бұл сөздің мәні осындай боп шықты. Балаларыма өзім де көп айтамын осынау сөзді, жаным елжіреп айтамын, ішімдегі мол мейірім айтқызады екен ғой… Сіздер де балаларыңызға айтып жүріңіздер!

Ал, бүгін, мағынасын білгеннен кейін барша жаны-қазақ, қаны, түсінігі, болмысы- қазақ жұртыма арнап айтқым келді! Бар болғандарың үшін Аллаға шүкір, айналайын, асыл бауырларым менің!

 

Қаршыға Елемесов