18.07.2019, 16:37
Қараулар: 459
Қоғамның белсенді мүшесі болуға үндеді 

Қоғамның белсенді мүшесі болуға үндеді 

Жуырда Шыңғырлау ауданына «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалысы аясында және «Жастар жылына» орай «Қазақ соқырлар қоғамының» қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалымен  БҚО зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы  кітапханасының 50 жылдығына орай осы ұжымдар бірлесе отырып, үлкен мәдени бағдарламамен ат басын тіреді. Аудандық мәдениет үйінде өткен «Мейірімділік жолымен» атты әлеуметтік жобасы аясында «Жүректен жүрекке» деп аталған концерттік бағдарламасын ұсынған зағип және көзі нашар көретін жандар аудан тұрғындарына әуелете ән шырқап, мәнерлеп өлең оқып, әр түрлі ұлттардың билерін билеп, көңілді сахналық көріністер көрсетті.  Шара басталар алдында сөз алған ҚСҚ қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалының төрайымы А. Нұркасимова мен БҚО арнаулы кітапханасының директоры Қ. Борамбаева мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамнан қол үзбей түрлі шараларға белсенді қатысып, өздерін дамытып отыруы қажеттігін тілге тиек ете келе, бүгінгі өнер кеші осындай хал-жағдайдағы адамдардың өміріне игі ықпалын тигізеді деп сенетіндіктерін жеткізді. Ж. Ишанғалиев, А. Жақсылықова,  «Сырласу» қыз-келіншектер клубы мүшелерінен құрылған вокальды топ, С. Жұмағалиева, С. Құспанов және басқаларының өнерлеріне тәнті болған шыңғырлаулықтар қол соғып, қошемете білдіріп отырды.

Мәдениет үйінің фойесінде кітап көрмесі ұйымдастырылып, арнайы құрылғы арқылы қалай кітап оқуға болатыны, жалпы зағип жандарға кітап оқуға деген мүмкіндіктің зор екендігін, ол үшін арнайы мамандардан дәріс алу жолдары туралы кеңінен түсіндіріліп, ол іс жүзінде көрсетіліп те жатты.

Аудандағы зағип жандар шынайы қолдау-мүмкіндікті паш еткен осы шара өз мақсатына жетіп, мүмкіндігі шектеулі әр адамның өзін қоғамның белсенді бір мүшесі ретінде сезіне алуларына жол ашқанында сөз жоқ.

Концерттік бағдарлама соңында аудан әкімінің орынбасары Е. Тұрмағамбетов арнайы келген өнерпаздарға аудан жұртшылығы атынан риясыз ризашылығын білдіріп, Алғыс хат табыс етті.

Г. Ботанова