18.07.2019, 16:35
Қараулар: 305
 Шөп мәселесі  шешілуде

 Шөп мәселесі  шешілуде

Соңғы жылдары мал азығы, соның ішінде  шөп  мәселесі биылғыдай әсте  күрделі болмаған екен. Өкінішке орай, үстіміздегі жылы мал басын көбейтіп, енді қыстақ маңына  азық жиям деп отырған шаруа жандардың көңілдері алаңдаулы. Сол себепті осы мәселені жетік білетін, ауыл шаруашылық құрылымдарының басы — қасында жүрген,  аудандық  кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің  басшысы  Азамат  Бисембаевпен сұхбаттасып мән-жайды  біліп, естігенімізді тұрғындарға  жеткізуді жөн көрдік.

     —  Аудан аумағындағы ауылдық  округтерінің кейбірінде  мал  азығын дайындау науқаны кезінде, шөпке қатысты  мәселе туындап  тұрғаны белгілі. Басты себебі неде  деп ойлайсыз?

—  Көктем туысымен   бір апталық аяз болғанын бәріңізде жақсы білесіздер.  Ол шөптің басын көтертпеді. Оның үстіне жауын –шашын болмады.  Мамыр айы басталысымен  күннің аптап ыстығы  онсызда  нашар шыққан шөптің өсуіне тіптен мүмкіндік бермеді. Ал  Елек өзенінің арнасынан шықпағаны, су  көтерілмегені  көлтабандарды жылдағыдай сумен толтыра алмады. Осыдан келіп, міне  шөптің  аздығы  науқанға кері әсерін тигізуде. Иә, шөп сұйық, әрі қысқа. Нәтижесінде  өнім аз. Дегенмен,  шөп шығымы әр округте әрқалай болуы көңілге демеу.Нақтылай айтсақ, 8 округтің тек қана екеуінде шығым  нашар, ал қалған  6 округте  жағдай қалыпты.

— Мәліметтерге жүгінсек?

— Аудан бойынша  осы науқанда 71771 тонна  мал азығын дайындау қажет еді.  Бүгінгі таңға  25815 тонна ғана шөп  жиылды.  Бұл  қажетті азықтың   36 пайызы ғана  жиналды деген сөз. Ал қыстаққа тұратын мал саны:   ірі қара – 34458, қой мен ешкі – 46162, жылқы – 6455, түйе — 53. Десек те әрбір күнді тиімді пайдалансақ,  оның да орнын толтырамыз деп ойлаймын.

 —  Ауданымызда  мал ұстайтын қанша жеке аула бар, оның шөппен қамтылуы қандай дәрежеде?

— Жеке аула шаруашылығымен айналысып отырғандар  саны 3476 . Оның ішінде мал ұстайтын аулалар саны  -1818 ғана. Округтер бойынша тұрғындар ішінде   1204 аула әлі де  шөппен қамтылған жоқ. Сол себепті бос жатқан жер телімдерінен шөп шабуға, сөйтіп мал азығын жиюуға рұқсат беру арқылы  көмек етудеміз. Әрине, оның барлығы ауылдық округ әкімдері арқылы жүзеге асуда. Көршілер арасында дау-дамай туындамас үшін,  осы шаруаның барлығы да   ауыл әкімі арқылы шешілуі тиіс.

— Қандай округтерде, ауылдарда шөп қат деп айтуға болады?

— Ащысай және Шыңғырлау  ауылдық округтерінде шөп өте нашар. Оның себебі жоғарыда айтып кеткенім — көлтабандарда судың болмауы. Жылда  шөбін шабатын  Ащысай, Жаңакүш, Шыңғырлау, Шоқтыбай елді мекендері маңында биыл мал азығын дайындау өте күрделі.

— Осыған орай қандай амал жасалуда?

— Аудан әкімінің тікелей тапсырмасымен шабындыққа орақ түспес  бұрын -ақ  түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Арнайы   штаб құрылып, оның міндеттері белгіленген болатын. Осы штаб мүшелері  шөп шабуға болатын жерлерді белгілеп, тізімін халыққа ұсынып отыр.  Жиындар өткізіп, тұрғындармен, шаруа қожалықтарымен кездестік.  Ондағы мақсатымыз- ауылда тұратын халықтың  малы шөпке мұқтаж болмауын  қамтамасыз ету. Аудандық жер қатынастары бөлімімен мониторинг жасалып, шөптің шығымынан бастап, қай жердің шөбі қандай көлемде екендігі зерделенді.  Содан кейін  шешім алынып,  әрбір ауылдық округтер бойынша  бос жатқан жерлерді   пайдалануға рұқсат етілді.  Адамдар арасында түсініспеушілік туындамас үшін оның бәрі де округ әкімімен және жер қатынастары бөлімі мамандарымен келісіліп атқарылып отыр.

Енді  барлық жерлерде де шаруа қожалықтар және жеке тұлғалар өздеріне   мал азығын жиған соң қалған уақытта сатылымға шөп шығаруды   ыңғайластыруда.  Және оның бағасы да халыққа тиімді болу көзделуде.  Қайткенде де  қолдағы бар мал санын  шөптің аздығынан кемітіп  алмаудың алдын алудамыз. Дегенмен де қомақты  шөп жиған округтердің бар екендігін айтқым келеді. Мысалға айтсам,  Ақтау (30,5 пайыз ), Алмаз(38,5 пайыз) , сонымен қатар Шыңғырлау ауылдық округі  (58,5 пайыз) шөп жинау жұмысын  орындап отыр. Демек, ыждағаттылықпен   тынымсыз тірліктің арқасында    өнімді әлі де  қажетінше жасақтап алуға болады.  Қол жетімді бағамен сатылатын шөбі бар қожалықтар мен округтердің  телефондарын, мекен — жайларын беріп, қайткенде де бұл мәселені шешуге тырысып отырмыз.

-Шөп жетімсіздігі байқалған уақытта қайдан, қаншадан сатып алуға болады?

-Айта кетсем, Ақшат ауылдық округінде бір орама шөптің бағасы 2500 теңге, Ақтауда 2000, ал Ақбұлақ, Ардақ, Алмазда 3000 теңгеден.  Шалғай Қарағаш ауылдық округінде тіпті  1800 теңгеден  шөп сатылымға шыққан. Ал   Шыңғырлау ауылдық округінде сұранысына қарай тұрғындарға әр шөп орамасын  5000  теңгеден  сату үстінде. Аталған округтердегі шаруа қожылықтарымен саттыққа шыгару жұмыстары ұйымдастылуда. Бүгінгі таңда көлігі бар жеке тұлғалар аудан орталығына шөп әкеліп, сатылымға шығаруда.

Міне,  шөп мәселесі осылай шешілуде.

 Жазып алған Айсұлу Арыстанова