18.07.2019, 16:31
Қараулар: 375
Шыңғырлаулық өнім-қалалықтар үшін

Шыңғырлаулық өнім-қалалықтар үшін

Баршамыз байқағанымыздай, соңғы кездері ауыл шаруашылық өнімдеріне қалалықтардың сұранысы  артып келеді. Бұған, бір жағынан, БАҚ беттерінде, теледидарларда  денсаулығың күшті болсын десең табиғи тағамға бет бұру қажет екендігін түсіндіретін насихаттық — ақпараттық  хабарлардың  көптігі де себеп. Әрі  әрбір саналы жан қазіргі кезде   тұтынып отырған тағамдағы  түрлі қоспалардың адам ағзасына тигізер зиянының қаншалықты екендігін бағамдай алуынан да болар, сірә?! Міне,  таза тағам түрлеріне бет қойған оралдықтар бүгінде  шыңғырлаулықтардың   еттен, сүттен дайындалатын өнімдеріне  деген қызығушылықтарының артқанын байқатуда. Оған бір мысал – жақында ғана  «Орал» ӨАК  ашып берген,  Орал қаласындағы ауыл шаруашылық өнімдерін  сату нүктесінде қойылған    шыңғырлаулық «Бекманов» шаруа қожалығының өнімі. Бұл жерге күнбе-күн  балғын ет, қаймақ, сүт, ірімшік, сүзбе, сары  май жеткізіп отыратын  Нұрлан Бекманов ауылдық жердің тауары жақсы сатылғанын айтады.

Сұраныс көбейген сайын оның өндірісі де  молаюы тиіс. Әсіресе,  біздің шұрайлы жердің жайылымында еркін өскен  етті тұқымды  сиырлардың өніміне  деген қажеттілік  әжептәуір. Тұрақты келушілердің арасында тіпті  тары- талқан әкеліп сатсаңыз  деген өтініштер де айтылып жүр екен. Өндірген өнімің осылай халыққа ұнап жатса, өтіп жатса,еңбегіңнің өнбегін көру, әрине ғанибет қой.

  Айсұлу Муса

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар