18.07.2019, 16:30
Қараулар: 1286
Шағын аудандағы сенбілік

Шағын аудандағы сенбілік

Ауданымыз жыл сайын жасыл желеккке оранып, көркіне көрік қосып келеді. Көктем айлары басталысымен-ақ аудан тұрғындары апта сайын ұйымдастырылған сенбіліктерде көше бойларына, мекеме-ұйымдар маңайына, тал-теректер отырғызып, оны күтімге алуды күн тәртібінен түсіріп көрген емес.

Өткен жылы ғана аудан тұрғындары қол жеткізіп, жаңа баспаналы болған Қонақай шағын ауданында тал шыбықтары отырғызылған болатын. Жуырда осы жаңа аудан маңындағы жасыл желектерге күтім жасау мақсатымен аудандағы мекеме-ұйым ұжымдары қолдарына күрек алып, көкке бой түзеген жасыл желектердің түптерін қопсытып, суғарды. Ұйымшылдықпен атқарылған жұмысты алдағы уақытта да жалғастырмақ ниетте екендіктерін айтқан сенбілікке қатысушылар, әр үй маңына отырғызылған жасыл өскінге тұрғындар тарапынан да күтім керек екендігін айтып, ортақ істен қалыс қалмауға шақырды. Уақытымен суғарылып, қамқорлыққа алынған тал-терек қана аудан көркін келтірері анық. «Таза болса табиғат-аман болар адамзат» тақырыбымен бастау алған осындай жарқын бастамалар көпке ой салып, бірлесе әрекеттенуге түрткі болады деп сенеміз.

Гүлім Шынтас