27.06.2019, 16:52
Қараулар: 28
Көптің жайын ойлаған дұрыс      

Көптің жайын ойлаған дұрыс      

Жыл сайын   шөп ору науқанына білек сыбанып кірісетін,  құлшынып жүріп, мол азық жиятын  шаруа жандардың биыл  көңілдері  күпті. Оған себеп те жоқ емес.  Көктем шығып, далада шөп басы қылтиысымен  апталап суық ұрды. Оның үстіне  табиғат ана  жауын — шашынға сараңдық танытты. Енді міне, адамзат пен тіршілікті аптап ыстық  сынап  бағуда. 

Күннің күйіп тұрғанына қарамастан  шаруа жандар  келер қыстың қамына  кіріскен шақ. Техникаларын сақадай — сай еткен шауашылық құрылымдары мен жеке тұрғындар қалайда мал азығын жиып, қам жасауды мақсат етуде. Әйтпесе,  бар шөптің қурап кету қаупі де жоқ емес. Айта кетсек, ауданымыздың сегіз  округінде шөп шығымы әр түрлі, тіпті кейбір жерлерде   шөптің ұзындығы 10 сантиметр ғана болатын  шабындықтар да бар екен. Бір округтер бойынша әр гектарына 1,5 центнер берсе,  кейбір аумақтарда ол 2,7 центнерді құрайды.

Ауыл шаруашылық мамандарынан сұрап білгеніміз, биылғы жыл мал баққан жандарға оңай тимейді екен. Шөптің қат болуы қиындық тудыруда. Бұған дейін, нақтырақ айтсақ, соңғы бір — екі жылда ірі мал азығы   мол жиналғаны рас. Тіпті көптігі  сондай,  қыстан — қысқа жетіп артылып қалатынды. Ал, биылғы жылы мүлдем өзгеше. Синоптиктердің пайымдауынша  алдағы уақытта ауа райының ыстықтығы  бұдан әрі  жоғарылайды — мыс (46 градусқа дейін деп күтілуде). Осы мидай ыстықта шөп шауып, қыстың қамын жаз ойлап жүрген жандардың да, онымен қоса   қолдағы азын-аулақ малына шөп сатып алатын  жеке тұрғындардың  алдарында да   мәселе туындауда.  Ол — шабындықта  шөптің аздығы болса, ал шөп  сатып алатындар үшін  бағаның күннен — күнге өсуі. Ерте қиымылдап, орақты ерте салғандар ұтып, шөптің бағасын  көтерсе, ірі қара ұстау үшін қып-қызыл қаражат шығарып отырған жекенің уайымы  бұған кереғар болуда.

 

Қарағаш ауылдық округіне қарасты Қайыңды ауылының тұрғыны, өз шаруа қожалығын   басқарып отырған Тілеген Аманшиевті тыңдасақ : «Иә, барлық жерде де осындай жағдай, жылда  шөпті мол жиятынмын. Енді, ең алдымен қолдағы бар малыма ғана  жиюды көздеп отырмын. Меншігімдегі шабындық аздық етуде, шама келсе сай-саланың шөбін де орып алмақпыз»,-дейді.

Ауданға келер болсақ,  жоспар  бойынша  71 мың 771 тонна  шөп жиылуы тиіс. Шөп шығымы  нашар болса  да барлық округтерде  науқан қызу жүруде.  Сатылымға шығар  шөптің бағасы  әр округте әрқалай, бірақ та  оның бағасы  халық үшін қол жетімді  болғаны дұрыс. Шөптің аздығы  малдың азаюына әкелмес үшін, тиісті шаралар  да алынуда. Сол себепті аудан әкімінің тікелей тапсырмасы бойынша  ауданымызда  жұмыс тобы құрылды.  Қазіргі таңда ауылдық округтер бойынша  халыққа  түсіндіру  жұмыстары жүруде. Шөп мәселесінің күрделі болуына байланысты,  жер қатынастары бөлімі және ауылдық округ әкімінің рұқсатымен  бос жатқан жерлерден шөп шабу ұйымдастырылды. Мақсат біреу — әрбір ауладағы малға қысқы азығы жеткілікті болуы тиіс.

Айсұлу Арыстанова