27.06.2019, 16:49
Қараулар: 341
Торыатбас баурайында

Торыатбас баурайында

Қараңғылық мұхитына баттым да,

Кісінеді мені күткен ат қырда.

Санамдағы бір тал қырын тұтаттым,

Шақпағымыды жарқ еткізіп жақтым да.

Ақбоз ағып, жетіп келді жаныма,

Мен жармастым жануардың жалына.

 

Қазақ халқы ертеден ұлттық құндылықтарымызға аса мән береді. Оның ішінде ұлттық ойындарымыздың, ән-жырларымыздың алар орны ерекше.

Бай дәстүрімізді, салтымызды, ешкімге ұқсамайтын дара болмысымызды паш ету мақсатында жуырда Торытбас тауының баурайында «Ұлы дала құндылықтары» облыстық іс-шарасы аясында «Қазақ даласының ұлы мәдениеті» атты фестиваль өтті. Екі күнге созылған шараның басты мақсаты – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани қазына» бағытын және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларын іске асыру, ұлттық өнеріміз бен ұлттық спортымызды, халық ауыз әдебиетін дәріптеу.  Аталмыш шараға Сырым, Ақжайық, Бөрлі, Тасқала аудандары және Орал қаласынан арнайы өкілдер келіп қатысты. Шара аудан әкімі Альберт Есалиевтің құттықтау сөзімен басталды.

Фестиваль бірнеше жарыстардан тұрды: киіз үй тігу сайысы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Тарих, тұлға, тамырластық» тақырыбында көрме, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, «Қазақ даласының ұлы мәдениеті» өнер фестивалі. Шараның екінші күні ұлттық спорт түрлерінен жарыстардың жалғасы өтті. Асау үйрету, жамбы ату, теңге ілу, көкпар тарту, аударыспақ, тау туризмі сынды ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыстар тауға келгендердің көңілінен шығып, жиналған қауым шабандоздар мен көкпаршылардың, киіз үй тігушілердің шеберліктеріне тәнті болды. Фестивальге келген қонақтардың барлығы ауданымыздың бай мұрасынан хабардар болып, екі күн ішінде көшпенділердің өміріне еніп, халқымыздың ежелгі тұрмысымен, тарихи салт-дәстүрлерімен, ұлттық спорт түрлерімен танысты.  Соның ішінде ерекше спорт түрі – асау үйрету болды.

Асау үйрету – айрықша өнер. Жалпы ат спортының бұл түріне кез-келген адам келе бермейді. Бұл талай асауды бастықтырған, жылқының сырын білетін нағыз мықтылардың бәсекесі. Жігіттерге өрлікті, өжеттілікті насихаттайтын бұл спорт түрі перінің ойнағына туған желтабан жүйріктерді бағындыра білетін сұңғылалардың арасындағы тартыс.  Киіз үй тігу де — ерекше өнердің бір түрі. Оны халық арасында насихаттау, тігу және қайта жығу, жинауды үйрету, жасау-жабдығын орны-орнымен қолдана білуге баулу – басты міндет. Киіз үйдің бөлшектерін біліп, оны тігу, құралдарын дұрыс орналастыра білу үлкен білгірлікті талап етеді. Жарысқа қатысушылар киіз үй тігуге ерекше ынтамен, құлшыныспен кірісті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, киіз үйді тез әрі тату тіккен Шыңғырлау ауданы бұл сайыста І орынды иемденіп, 60000 теңгені қанжығасына байлады. ІІ орынға ие болған Сырым ауданы 40000 теңгеге, ІІІ орыннан көрінген Бөрлі ауданы 30000 теңгеге ие болды. Ал, Тасқала ауданы 20000 теңгені еншіледі.

Құйқылжыған күй тартып, әсем әнімен жиналған жұртты тәнті еткен өнерпаздарымыз да арнайы алғыс хаттармен марапатталды.    Жамбы ату сайысы бойынша  І және ІІ орынды Шыңғырлау ауданы қанжығасына байласа, ІІІ орынды Ақжайық ауданы иемденді. Сонымен қатар, тау туризмінен І орын Шыңғырлау, ІІ орын Бөрлі, ІІІ орын Тасқала аудандарына бұйырды.

Көкпар десе ішкен асын жерге қоятын қағылез қазақ жігіттері ат жалын тартып мініп, жерде жатқан  серкені тақымға қысып жалынды  ойын көрсетті. Өз командасына ұпай жинау үшін  бар күштерін сарпыған көкпаршылар ат дүбірін толсастатпай қызуқанды әрі лайықты ойын көрсете білді. Көкпар ойынынан «Үздік жекпе-жек» аталымына ие болған Орал қаласының «Ұлттық спорт» мектебінен келген  Иманғазыұлы Нармағанбет. Сонымен қатар,  «Үздік шабуылшы» аталымын жерлесіміз Қойлыбай Мағжан, ал «Үздік қорғаушы» аталымын Ақжайық ауданының шабандозы Калиакбаров Амангелді жеңіп алды. Аттың құлағында ойнайтын Оралдан келген «Ұлттық спорт» мектебінің шабандоздары керемет өнер көрсетіп, көкпар ойынынан І орынды иеленсе, ІІ орын Ақжайық, ІІІ орын Бөрлі аудандарына берілді.

Аударыспақ – нағыз ер азаматтардың ойыны. Мұнда білек күшіне қоса, ептілігің де, әдіс-айлаң да жеткілікті болуы керек. Бұл ойынға қайсар, төзімді, шапшаң әрі ат құлағында ойнай білетін, ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген жігіттер қатысады. 60, 70, 80, 90, 90+ келі салмақ дәрежелері бойынша сынға түскен спортшыларымыз ат үстіндегі қайрат күшін көрсетті.  60 келі салмақ дәрежесінде ІІ және ІІІ орынды Орал қаласының спортшылары иемденсе, І орынды Бөрлі ауданынының спортшысы жеңіп алды. 70 келі салмақта ІІІ орынды Бөрлі, ІІ орынды Ақжайық, ал І орынды Шыңғырлау ауданы қанжығасына байлады. 80 келі салмақта ІІІ орын Бөрлі ауданының, ІІ орын Ақжайық ауданының, І орын Орал қаласы «Ұлттық спорт» мектебінің спортшыларына бұйырды. 90 келі салмақ дәрежесінде ІІІ орынды Шыңғырлау ауданы, ІІ орынды Бөрлі ауданы, І орынды Ақжайық ауданы еншіледі. 90+ келі салмақта І орынды Бөрлі ауданының, ІІ орынды Тасқала ауданының спортшылары, ІІІ орынды Шыңғырлау ауданының спортшылары жеңіп алды. Барлық спортшылар алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Орал қаласының «Ұлттық спорт» мектебінің спортшысы Абдрахманов Бекнұр:

  • Жарыс жоғары деңгейде өтті. Шыңғырлау ауданы табиғатымен, қонақжайлылығымен тәнті етті. Командалар жақсы дайындалып келген. Соған қарамастан «Ұлттық спорт» мектебінің намысын қорғап, жеңісті қолдан бермедік. Болашақта шара жалғасын тауып жатса, тағы да келеміз деген үміттеміз.

 

  • Былтыр бұл шара тек аудан көлемінде ұйымдастырылса, биылғы жылы облыс көлемінде өтті. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларын іске асыру және ұлттық спорт түрлерін дамыту, ұлттық өнерімізді дәріптеу, тау туризмін дамытып, салт-дәстүрімізді насихаттау шарамыздың басты мақсаты. Биыл 5 аудан және Орал қаласы аудан келіп қатысса, келер жылдары аудандар саны көбейеді деген ойдамыз,-дейді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Өмірбек Бекениязов.

Лайым да халқымыздың мақтанышы болған, ғасырдан ғасырға маңызын жоғалтпай келе жатқан  ұлттық ойындарымыз жаңаша мәртебе алып, жаңғырып жатса қуанбайтын жан болмас.

Айбарша Лекерова