27.06.2019, 16:45
Қараулар: 33
Өлке тарихына тәнті болды

Өлке тарихына тәнті болды

«Ұлы даланың жеті қыры» және  Назарбаев зияткерлік мектебінің  «Туған елге тағзым» жобасының аясында  Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары (әр қаладан 12 оқушыдан) жуырда  ауданымызда өткен  «Әлемдегі ең кіші сарқырама бастауы – Қыз Әулие» бұлағы мен «Сарқырама ландшафтысын» кешенді зерттеу мақсатында өңірімізге келді.

«Жалпы барлық Назарбаев зияткерлік мектептерінде «Шаңырақ» қауымдастығы жұмыс жасайды. Аталған қауымдастыққа мектептің бір кіші сыныбы мен бір жоғары сынып оқушылары біріктіріліп, жыл бойы екі сынып бір шаңырақтың астында бір-біріне көмектесіп, мектепішілік жарыстарға бірге қатысып,  өзара бауырмалдыққа тәрбиеленеді. Оқу жылын қорытындылай келе «Шаңырақтардың» арасынан 12 үздік оқушы анықталып, республикамыздың түкпір-түкпіріне туған жердің тарихын зерттеуге жолдама алады. Аталған жобаның негізгі мақсаты — оқушыларды туған жердің тарихымен таныстырып, жасөспірімдердің зерттеушілікпен айналысуына жағдай жасау»,- дейді Орал қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәрбие орынбасары Эльвира Айдыналиева.

 

 Азамат Ахметов (Нұр-Сұлтан қаласы, Назарбаев зияткерлік мектебінің кураторы):

 — Биылғы экспедициялық әлеуметтік жобамыздың нысаны батыс өңірі болып таңдалды. Жоба аясында оқушылар Шыңғырлау өңіріндегі «Қыз Әулие» бұлағының су құрамын зерттеп, оның ерекше мөлдірлігіне көз жеткізді. Өңірде өсетін өсімдіктердің түрлерін сұрыптап, жер қыртысының құнарлылығына да тәнті болдық. Сапарымыз көңілімізден шықты. Оқушылар да дән риза.

Егізбай Ұлан (Қарағанды қаласы, Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы):

Шыңғырлау өңірі мені өзінің 7 кереметімен баурап алды. Соның ішінде әлемдегі ең кішкентай сарқыраманың осы өңірге тиесілі екендігі жпергілікті тұрғындар үшін үлкен мақтаныш деп ойлаймын. Менің ғылими жобам «Қыз әулие» бұлағының аңызын жинақтауға арналған  болатын. Өзіме қажет ақпаратты аудан орталығындағы өлкетену мұражайынан алдым. Мұражайдың жәдігерлерге толы бай қоры мені тағы бір жобаны бастауыма шабыттандырды десем болады. Әсіресе, Сегізсай өңірінде қазба жұмыстары барысында табылған түрлі жәдігерлердің тарихы ерекше әсер етті.

Міне, өңірімізге алыстан ат арытып келген жас зерттеушілер өлкеміздің қайталанбас сұлулығына, бай тарихына тәнті болып кетті. Мұның өзі жергілікті жас өлкетанушылардың өз туған жерінің табиғатын танып-білуге, оның тарихын зерттеуге деген құлшыныстарын ұштай түседі деп сенеміз.

Самат БАЙБОЛАТ