24.06.2019, 17:14
Қараулар: 605
«Атамыз  Сәкен  Сейфуллинмен бірге атылған»

«Атамыз  Сәкен  Сейфуллинмен бірге атылған»

Зұлмат жылдардағы  қуғын — сүргін құрбандарын еске алатын күн Хангереевтер  ұрпағы  үшін ең бір ауыр күн. Себебі, Дәрібай Хангереев  аталары  38 — дің құрбаны болып,  жалған жаламен жер айдалып кеткен. «Халық жауы» деген бір жапырақ қағаздағы  үкіммен тағдыры  шешіліпті. Кінәсіз талай адамдармен бірге  абақтыдағы азапты, кеудеге толған  күйінішпен күндері өтіп, саяси тұтқын деген желеумен Алматы  маңында  атылып, сол жерге көмілген.

— Бұған дейінгі күні -түні еткен еңбегі, жұртқа жасаған жақсылығы,  сол кездегі биліктегі  абыройы да бір күнде күл-талқаны шыққан. Қолына кісен салынып, келмеске кете барған,- дейді  атасы туралы  әкесінің естелігін айтып берген  Мәлік Темірханұлы Хангереев.  Оның айтуынша арғы  аталары  Бөкенбай, Тіленші, берісін  Қарабатырдың ұрпақтары саналатын  Дәрібай Хангереевтің кіндік қаны тамған жері — кәдімгі біздің Кіндікті екен.Табын руының  Жиенбеті. Тумысынан пысық   жігіт  Кіндіктіде 24-ші ауылды басқарған. Електегі 2 сыныпты училищені оқыған. Іскерлігі мен ұйымдастырушылығымен  көзге түсіп,  1922-1923 жылдары Қазақ АКСР- милиция бастығы, 1923 жылы Ақтөбе  губерниясы атқару комитетінің  төрағасы,  Қаз АССР әлеуметтік қамсыздандыру халық комиссары, Қосшы Одағының төрағасы, соңынан Мақат  мұнай  кәсіпшілігі бастығының орынбасары,  Доссор мұнай  кәсіпшілігі  бастығының көмекшісі, Атырау  «Ембімұнай» трест бастығының орынбасары, халық комиссары,  Маңғыстау жерінде (Александровский форт) аудандық  комитеттің  жауапты хатшысы міндеттерін атқарған. Қиын заманның бар ауыртпалығын көтере жүріп, мұнай өндірісін дамытуға, адамдардың жағдайын дұрыстау жолында еңбегі ерен болыпты.  Десек  те көзге түсер, білікті, зиялы қауымды құртқан сол   «қырғыннан» аман қалмапты,-дейді редакциямызға арнайы хабарласып, атасы туралы деректерді бізге жеткізген оның Алматы қаласында тұратын немересі Мәлік Темірханұлы.

Сонымен саяси көзі ашық, тік сөйлейтін, ақылына көркі сай азаматты сыртынан сатқандар табылып, ойда жоқта «халық жауы» болып шыға келеді.  Бір кеште , 23  қыркүйекте НКВД адамдары келіп, «Жинал!»  деп бұйрық етіпті.

Апас-қапас  бір киер киімін алып,  Дәрібай ұлы Темірханның басынан бір иіскеп кете барған. Есік алдында еңіреген  жұбайы мен баласына «Ертең машина келеді, елге көшіңдер»,- депті. Сол күні милиция бастығының бөлмесіне қамап,  бірақ аппақ төсек жайма, көпшік, жамылғы беріпті. Ертеңіне барып көргенде оның жүзі солғын тартып, бұлардың  елге көшуін  қайталап айтыпты. Енді оралмайтынын  сезген болар,  «әкелерің солай деді» деп комитеттің  адамдары бала-шағасын  тез арада осы Кіндікті жеріне көшіріп әкеліпті.

Абақтыда  Дәрібайдай адамдар көп болыпты. Әкесінің айтуынша Мәлік ағаның есінде қалғаны —  сол камерадағы тұтқындар бір — бірімен тығыз байланыста болған. Бәрі де Үкіметтің құрылуына бірден — бір үлесін қосқан адамдар, саяси қайраткерлер, оқыған-тоқығаны, өмірден көргендері бар, бәрі де елім деп еңірегендер.  Еш  мойымай, бір — бірін демеп, қолдап,  үміттерін үзбеуге тырысып — ақ баққан. Соның ішінде ерекше зиялы, сауатты, Сәкен Сейфуллин деген кісі бар деп атасы  бірнеше рет айтқан. Оны бәрі үлгі тұтқан.

Атылу жазасына үкім шыққанда да Сәкен Сейфуллинмен бірге  атылғандығын әкесі Мәлікке талай  айтып, құжаттардан білгендігін әңгімелеген.

Есімізге алсақ, Сәкен Сейфуллиннің өлімі, оның қайда жерленгендігі туралы біраз деректердің бұрмаланғандығын білеміз. Тіпті сонау Сібірден мәйітін іздеп, талай экспедиция құр қол қайтқан. Ал соңғы жылдары  тарихшылардың көмегімен Сәкен Сейфуллинің Алматы абақтысында ұстауда болып,  сол маңда атылғандығын растайтын құжаттар  табылғаны рас.  Мәлік ағаның әкесі,  Дәрібайдың ұлы  Темірхан  көп жылдар бойы  қауіпсіздік фкомитетіне хат жазып, біраз ізденген. Оған қоса, әкесінің, әжесінің айтқан сөздерін әкесі мен Сәкен Сейфуллиннің тағдырлары шынымен  осы абақтыда  қиылысқанын білген. Бірақ, «жабулы қазанның жабулы» тұрғаны дұрыс деп санаған.

Заман өзерді.Талай құпия деректер жарыққа шықты. Солардың бірі Дәрібай Хангереев   те 1959 жылы «ақталды» деген  Кеңес Одағы Жоғарғы сотының үкімі шығады. Ал, әкеден ерте айрылып, өмірлері көшіп-қонумен, жазықсыз жазаланудан қаймыққан  үрім — бұтақ бәрібір  оқып-тоқып, бір-бір мамандық игеріп, өмірден өз орындарын тапты. Десек те жазықсыз кеткен  аталарының тағдыры жандарын ауыртады. Бұндай зұлматтың қайталанбасын тілеп, оның бүгінгі ұрпағы  аталары — Дәрібайдың рухын биік ұстап жүр.

Айсұлу Арыстанова