20.06.2019, 11:09
Қараулар: 517
Өткен мен бүгінді байланыстыратын асыл мұра

Өткен мен бүгінді байланыстыратын асыл мұра

Халқымыздың тарихи-мәдени мұралары сан алуан. Олардың қай-қайсысы болмасын халық игілігіне қызмет етуге бағытталған. Осындай аса құнды мұралардың бірі – ұлттық ойындар.   Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Ежелден мал шаруашылығымен айналысып келгендіктен, қазақ халқының ұлттық ойындары да осыған иекемделген. Әсіресе қойды көп асырағандықтан, балалар ойының көбі қой асығымен байланысты болып келеді.  Сондықтан ұлттық ойындар ішіндегі кең тараған әрі ең көнелерінің бірі асық ойыны болып табылады.   Теңге ілу – бозбалалар мен жігіттердің атпен ойнайтын ойыны. Бұл ойында жігіттің атқа мықтылығы, ат үстіндегі икемділігі, денесін игеру ептілігі сынға алынады. Теңге ілу ойыны тақыр жерде өткізіледі. Ертеде үлкендігі ақ тоқымдай киіздің үстіне 50, 20, 15 тиындық майда ақшаларды салып қоятын болса, қазір тақыр жердің ойықтау тұсына ақ шүберекке түйілген зат тасталады.

Осындай баға жетпес байлығымыз – ұлттық ойындарды дәріптеп, жастардың қызығушылығын оятуға талпынып жүрген жастардың бірі – Ақбұлақ ауылдық округінің спорт әдіскері  М. Меңдалиев. Жуырда ол Елбасымыздың «рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жастарды батылдық пен табандылыққа  баулитын ұлттық спорт түрлері асық атудан және теңге ілуден жарыс ұйымдастырды. Жарыс қорытындысы бойынша асық атудан жүлделі І орынды «Мергендер» командасы, ІІ орынды «Сұңқар» командасы иеленсе, ІІІ орынды «Ақбұлақ» және «Ағатан» командалары қанжығасына байлады. «Сұрмерген» аталымына Аманат Қаражанов ие болды. Теңге ілуден Мейрамбай Әділет «Жеңіске деген жігері үшін» аталымымен және ІІІ орынмен марапатталса, ІІ орынды Дидар Меңдалиев, ал І орынды Кәрімжан Қосжанов жеңіп алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Шыңғырлау спорт клубы атынан медальдармен және дипломдармен марапатталды.

 

Айбарша Лекерова