20.06.2019, 10:32
Қараулар: 566
Қасен қазірет

Қасен қазірет

Жасы сексенді еңсерген шыңғырлаулық Ашқат Ешмұханов  қазыналы қарттарымыздың бірі. Өмірдің ыстық — суығын басынан өткеріп, аумалы-төкпелі заманды көрген қарияның әңгімесінен  туған елге деген тағзым,  өмірден өткендерге деген үлкен құрмет лебі еседі. Айтқан әңгімелерінің тәрбиелік мәні зор. Жастарымыздың  ұлтымызға тән салт-дәстүрімізді бойларына  сіңіріп, ата — баба жолын қастерлеп, қасиетін дәріптегенін қалайды. Жаңакүшті, Сағаны  айтқанда Ашқат атаның  әжімді жүзінен  ауылға деген сағыныш, жерге деген жанашырлық, еліне деген мейірім  сезіліп тұрады.  Ақсақалдың сөздерінен «Әттең-ай!» да байқалады. Себебі де жоқ емес. Ауылдың халқы   үдіре көшкенде Ашқат ата  Сағаны қимай біраз отырып қалады. Бұрынғыдай  күш — қайраты  болса, ауылды қайта көтерер ме едім деген өкініш те бар. Жаңакүштен шыққан ер азаматтар  бір күндері  туған жерді  қайта көркейтеді деген  үміті әлі де  жанына жалау. Ашқат атаның әңгімесін құмығып тыңдай бергің келеді. Соның ішінде Жаңакүштегі  Сағаны мекен еткен Қасен қазірет туралы естеліктері  тіптен ерекше.

Бірінші әңгімесі:

—   Жаңакүште Қасен қазірет деген қасиетті, арқалы адам өмір сүрді. Сағада мешіт салдырып,  жұртшылыққа діни сабақ берген қырда оның  әйелі, бала-шағасы жерленген қауым бар. Руы Табын, Мұраттың Жақсымбеті. Кеңес кезіндегі атеистердің теперішін көре жүріп тіпті сол кездің өзінде Араб елінде діни  сабақ  алып, шамамен 1940 жылдардың басында осында келген. Ауыл адамдарына ислам дінін уағыздаған. Жамағатты имандылыққа ұйытқан. Діни сауаттылығы өз алдына, қазіретке ерекше   қасиет  дарыған. Көріпкелдігімен бірге адам баласының санасына сыймайтындай оқиғаларға ауылдастары талай куә болған. Тіпті өмірден өткен соң да жұртқа  талай таңдай қақтырған. Мысалы, Қасен қазіреттің өтініші бойынша бір жыл уақыттан кейін ауыл үлкендері моладан  мүрдесін  алып, қайта жерленгендігі. Үлкендерді айтуынша-мүрде сол күй, тап-таза боп жатқан. Мүрденің тек шашы мен тырнақтарын алып, арулап қайтадан қара жерге тапсырған. Ал, моланың ауызына есік орнатқан.

Солшыл саясаттың  жетегіндегілер «молдасың»деп шеттеткенімен, қазіреттің бетіне тіке қараудан қаймыққан. Айтқаны — дөп келіп, жылы сөзі — жанға ем болып, ал көмегі қажет адам болса, оған барын берген.  Қасиетіне көзі жетіп талай адам оған келіп жүгінген. Мешіттегі діни оқуға тіпті сонау  Отрадный, Алмаз аулынан да адамдар қатынап, сауат ашады. Оның рухымен жандарын нұрландырып отырады.Қиналғандар жанына медеу етіп, мейіт басына қонған. Дәрігері жоқ ауылда, әсіресе, босана алмай жатқан әйелдерге көп көмегі тиген. Наным-сенімнің күштілігі ме, әлде аруақтың қолдауы ма, толғақ қысып қатты қиналған әйелге қазірет моласының есігін аштырса, көп күттірмей-ақ бала да «шыр» етіп дүние есігін ашады екен.                                                                                                                                                                                              Ес білгелі осы  жерде талай   алапат  өрт болған. Таңқалдыратыны сол-қандайма алапат өрт  болса да,  қазірет моласынан әрі өте алмай  сол жерден тиылады екен. Әлі күнге дейін осы мешітке келетіндер аяғы  еш саябырсымаған.

Екінші әңгімесі

Кеңес дәуірінің кезі. Колхозды көтеру жылдары. Қырман толы дән, дала толы  мал болған кез. Сондай-ақ  адам  қолы жетерлік,  бірақ материалдық база әлі де жасақталмаған бір кезең болыпты. Науқан кезінде  күрек-айыр жетпей жатса, бірде  шелек тапшы болыпты. Осындай бір  қауырт жұмыс кезінде  басқарушы жұмысшыларды жиып алып, жағдайды айтып, ақылдасады. Бұл мәселені  өзіміз шешсек, қалай болады. Қолымыздан келеді, міне ұстаханамызда бар, тек материалы  жоқ, қайдан алсақ екен,-депті. Сөйтсе, бірінің көзі мешіт төбесіндегі  қаңылтырға түсіп жүр екен. Сол қаңылтырдан біраз шелек шығады дейді. Үлкендер жиналып, бұның жөн еместігін айтады. Десе де басшының сөзін екі етуге болмайды. Сөйтіп,арадан  «батырсынған»  үш адам табылып, мешіт төбесіндегі қаңылтырды ала бастайды. Ақсақалдар жағасын ұстап, лажсыздан үйлеріне кетеді. Қаңылтырдан шелектер жасалады. Бірақ, сол төбеге шығып, қаңылтырды жұлған екі адам көп ұзамай ауру-сырқаусыз дүниеден өтеді.                                                                                                                                                                                                                                                                     Ал,  үшінші адам  тілден айрылып,бет — аузы қисайып, мүгедек болады. Қазіреттің киесі ғой десіп, тұрғындар оның аруағының күштілігіне тағы бір сенеді.

Үшінші әңгімесі

Қыстың қақаған аязды күні. Бір топ жолаушы мінген көлік  Тасмоланы бетке алып келе жатады. Көліктері қалың қарға батып,  қайта- қайта қар күреп, жол салып,  шаршап-шалдығады. Боран күшейіп, енді  қарға адым басу  мұң болып әбден сілелері қатады. Саға деген жерге жеткенде көліктері тағы қарға батады. Жолаушының бірі айнала қарап, сол маңда  көзге түскен моланың есігін  жұлып әкеледі. Қос доңғалақ  астына  есікті көлденең салған  соң, машина  ырғып шыға келеді, ал есікті  жолай лақтыра салады. Ендігі қалған жерде  қар да аз, жол да ашық болады. Сөйтіп, ауылға да келеді-ау… Көліктің иесі үйіне жетсе, өз үйінің  есігі аңқиып ашық тұр. Қыстың күні есік ашық тұрғаны несі, «Ойпырмай, есікті неге жаппай отырсыңдар?» деп үйге аптыға кірген оған үйдегілер үрпиісіп қарайды. Алдынан шыққан  анасы : «Қарағым-ай, не болды? Бір бәлеге ұрынғаннан саумысың, әлде бірдеңе бүлдірдің бе?»,-деп зарлай жөнеледі. Ал, баласы  болса абдырап,  «Жоқ, жоқ! Не болды? Неге үйдің есігін ашып отырсыңдар? Тыныштық па?»,- дейді.  Аптықтарын басқан соң ғана үйдегілер есікті қайта — қайта жабумен болғандарын, жапса болды, ол  өзі — өзінен қайтадан ашыла беретінін айтыпты. Шешесінен мән-жайды қайталап сұрап алғаннан кейін барып, көлік айдаушы  «АҺ!»  деп басын ұстайды. Есіктің неге жабылмау себебін енді түсінеді. Жаңакүштің үстімен өткендері, мола маңында батып қалып, жақын маңнан көрінген  бір есікті жұлып алып, қалың қардан шыққандарын айтады. Жол — жөнекей лақтырып кеткен  есікті  алған  орнына қою үшін  анасы баласын кері қайтарып,  аруақтардан  кешірім сұрауын өтінеді. Бұл есіктің, Жаңакүш маңындағы Сағада жерленген Қасен қазіреттің  моласының есігі екендігін барлығы сонда ғана  түсінеді.

Үлкендердің аузынан естіген естеліктерді тізбектеу  мақсатымыз —  жас ұрпақтарымыздың  туған жерімізді құрмет тұтып,  оның тарихына,  ерекшеліктеріне  деген қызығушылықтарын арттыру. Ал, Ашқат Ешмұханов атамыз болса, Қасен Қазіреттің  аруағын қастерлеп, мешітін қайта тұрғызды. Мал тимесін деп айналасын қоршап, мүлкін сақтады. Келушілерге барлық жағдай жасап қойды. Мешітке  бас сұққан адамның  жан дүниесі тазарып, Қасен қазіреттің  шуақты рухына шомылып шығады. Ауруына ем табады. Рухы биік жандар — мәңгі жасайды  деген осы да.

Айсұлу Арыстанова