20.06.2019, 10:02
Қараулар: 1270
Субсидияға сенген қапы қалмайды

Субсидияға сенген қапы қалмайды

Ауыл шаруашылық құрылымдары үшін Үкімет тарапынан жан-жақты қолдау-көмек  көрсетілуде.Оған негіз — ауданымызда ірі қара малды көбейткенге,асылдандырғанға, қойды өсіргенге, мал бордақылау алаңдарын салып, ет өндіргенге, ауыл шаруашылық техникаларын және  құрал-жабыдықтарын несиеге алғанда, тіпті егін егіп, дән сатып алғанға да  берілетін субсидияның көбейгендігі. Мысалыға айтсақ, жақында ғана Ақшат ауылдық округіндегі «Дән» шаруа қожалығы  субсидия алды. Шаруашылық жетекшісі Қанат Қосмағанбетовтың айтуынша  бұл қомақты көмек болған. Қол қусырып қарап отырғаннан гөрі қарекет қылғанды дұрыс санайтын  ақшаттық азамат несие алып, мал жайылымының қақ ортасынан  құдық қаздырған болатын. Тәуекелге бел буып, даладан құдық қаздыруы қалай деп таңданған ауылдастары да болды, әрине. Десек те  субсидиясын алатындығына сенімді болғандықтан жұмысты аяғына дейін жеткізіп,енді нәтижесін де көріп отырған жәйі бар. Оған қоса тиімді пайдаланған жағдайда жайлымды суландыруға да мүмкіндік бермек. Қанат Сырымұлы  құдық қаздырумен ғана шектелмей, малшы және шопанға арналған, кәдімгі тұрмысқа қажетті заттармен жабдықталған тұрғын-жай (вогончик )  сатып алды. Мемлекет тарапынан қолдау болатындықтан ол  электр қуатын өндіретін күн  панелін де әкеліп, орнатып тастады.  Міне, енді  осындай шаруаға жұмсалынған 6 млн. теңге қаражатының 80 пайызы мемлекет тарапынан  субсидияландырылып, бүгінгі таңда  «Дән» шаруа қожалығының есеп шотына түсуде.

 Осындай жағымды әрі жақсы жаңалықтар «Агрофирма «Жарас» шаруа қожалығына да тиесілі. Техникалық паркін жаңа техникалармен толықтыру мақсатында  «КазАгроҚаржы»АҚ арқылы  биыл лизингке  екі  дана «Вектор» комбайнын алды. Заманауи, әрі су жаңа дала кемелерінің әрқайсысы 44 млн. теңге шамасында тұрады. Және де субсидияландырылады.

  Мал шауашылығына басымдылық беріп отырған ауданымызда аталмыш субсидиялардың  пайдасы, әсіресе, ірі қара малын асылдандырған шаруа қожалықтар үшін орасан зор болды. Асыл тұқымды әрбір сүтті бағытта өсірілген өзіміздің ақ бас қызыл сиырдың аналығы үшін 150 мың  теңге төленсе, ал  шетелден сатып алынған етті бағыттағы ірі қараларға   225 мың теңге төленіп отыр. Ет бағытындағы малды асылдандыру мақсатындағы бұқаға шаруаларымыз  150 мың теңгеден субсидия  алуда.Өткен жылы  осындай жұмыспен айналысқан 5 шаруашылық қой малын өсіріп, өндіргені, тұқымын асылдандырғандығы үшін 4 млн. 494 мың  теңге қаражат алды. Ал ірі қараны сатып алып, өсіріп, көбейтіп, тұқымын асылдандырып, селекция жұмысын жүргізгендігі үшін  203 млн. 998 мың  теңге қолдау-қаражат  шаруалардың  әрі қарай  малмен айналысуға, кәсіптерін дамытуға септігін  тигізген. Мұндай шаруашылық құрылымдарының саны  былтыр 96 — ға жеткенді, биылғы жылы да  еңбектерінің өнбектерін» көріп, субсидия алып, көңілдерін бірлемек. Айта кету жөн, мемлекет тарапынан осындай қолдау тіпті өсімдік шаруашылығына да берілген болатын. Айталық, «Жаңа жер» шаруа қожалығы тұқымдық дән сатып алғаны үшін, ал «Хамутдинов»  шаруа қожалығы  егістікті тыңайтқышпен өңдегені үшін, барлығы  4 млн. 663 мың теңге субсидия алды.

 — Өткен жылы  шыңғырлаулық 11 шаруашылық құрылымдары   ауыл шаруашылық техникаларын және құрал- жабдықтар алуға  185 млн.137 мың теңге қаражат шығарған болатынды.  Енді осы пайдаланылған қаражаттың  25 пайызы  мемлекет тарапынан субсидияландырылып, шаруа жандарға  үлкен көмек болуда, — дейді аудандық  кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық  бөлімінің басшысы  Азамат Бисембаев. Иә,еңбек өніміділігін арттыру үшін ауыл шаруашылық техникаларын жаңарту туралы  Елбасымыздың Жолдауында да айтылып өткендей  біздегі жаңарған трактор, комбайындар  еңбек өнімділігін еселетіп, ал адамдардың жұмыс істеуге ынта — жігерлерін арттыра түспек. Құжаттарың сақадай сай болса, ешбір кедергісіз бұл ақшаға қол жеткізуге әбден болатыныны түсінетін уақыт жеткен. Енді осы жылдың мал өсіміне, алған жабдықтарына,техникаларына  құжат жинап,  жыл аяғына дейін тағы да қомақты ақша алмақ. Бұған қарап, нақты әрі қаржылай  қолдау көрген  ауылдағы шаруаның жағдайы жақсарса, елдің игілігі де  молаяды деген ойдамыз.

Айсұлу Арыстанова