17.06.2019, 15:10
Қараулар: 40
Арсен — үздіктер қатарында

Арсен — үздіктер қатарында

Жуырда Қостанай қаласында ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырысына сәйкес өткен «Қазақстан балалары шексіз әлемде!» балалар киносының республикалық фестиваліне Шыңғырлау орта жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Жанияров Арсен қатысып, І орынды қанжығасына байлап қайтты.

Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен бұл байқаудың мақсаты — балалардың интеллектуалдық және шығармашылық қаблеттерін дамыту, кино және телевидение салаларында дарынды балалар мен жастарды іздеу және қолдау, шығармашылық тұлғаның өз ойын білдіру тәсілдерінің бірі ретінде фильмдер, жарнамалар, репортаждар жасау процесін ынталандыру.

«Фестивальге қатысып, үлкен әсер алдым. Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезімнен-ақ бейнероликтерді монтаждауға, анимация,   мультипликациялық техникада жасалған видеороликтерді жасауға әуес болдым. Әсіресе, мультфильмдерді дубляждау қатты қызықтыратын. Кино-фестивальге «Қыран құстың елге оралуы» деген тақырыпта қысқа метражды анимациялық видео әзірледім. Онда елден жырақта жүрген қыран құстың  сағынышпен туған жерге оралуы суреттеледі»,- дейді Арсен өз әсерімен бөлісіп.

Қысқа метражды фильмдер мен шығармашылық өзектілігі бар деректі және ойын киносы, STOP-MOTION-видео – сюжетті туынды, әлеуметтік жарнама, әлеуметтік ролик, анимация,  видео-арт – бейнеролик, музыкалық клип, киножурнал, «Ералаш» сынды  9 түрлі аталым бойынша республиканың түкпір-түкпірінен 134 оқушы қатысқан балалар киносының республикалық фестивалінде «Анимация» аталымы бойынша Арсеннің жұмысы үздіктер тізіміне ілігіп, І орынға лайық деп танылған.

Самат Байболат

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар