17.06.2019, 15:05
Қараулар: 111
Америкада ана тілінен сабақ берген

Америкада ана тілінен сабақ берген

Бүгінде шетелде оқитын жастарға ешкім таң қалмайды. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жастарымыз өз білімдеріне сай түрлі бағдарламалар аясында алыс-жақын мемлекеттердің таңдаулы білім орындарынан білім алуда. Ал, сол шетелдерде қазақ тілінен сабақ берген жерлестеріміз туралы естігендеріңіз бар ма? Олай болса, мақаламыздың бүгінгі арқауы американдықтардың өзін қазақ тілінде емін-еркін сөйлеуге үйреткен жерлесіміз Измұханова Әсем Қайыржанқызы туралы болмақ.

1991 жылы Жаңакүш ауылында дүниеге келген Әсем туған ауылындағы мектепте алтыншы сыныпқа дейін білім алып,  кейін 7-11 сыныпты Теректі ауданының «Үміт» гимназиясында жалғастырады. Жоғары білім қуып, Алматы қаласындағы «Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері» университетінің «Аударма және филология» факультетіне оқуға түседі. Магистратурада оқиды. Еңбек өтілін бастапқыда аудармашылықтан бастап, екі жылдан кейін өзі білім алған университетте ағылшын тілінен оқытушы қызметіне орналасады.

Осы білім ордасында қызмет жасап жүріп, жерлесіміз 3 жыл қатарынан халықаралық  «William Fulbight FLTA» бағдарламасының шәкіртақы конкурсына қатысады. 300-ден астам үміткер қатысқан байқауда Әсем бірінші жылдың өзінде барлық кезеңдерден сүрінбей өтеді. Тек соңғы сұхбаттасу кезеңінде оқытушылық тәжірибең аз деген шешіммен байқаудан өте алмай қалады. Екінші жылы да дәл осы жағдай қайталанады. Үшінші жылы Қазақстан бойынша 2 үміткер жеңіп, соның бірі Әсем АҚШ Индиана штатының шағын Блунингтон қаласына жолдама алады.

Әсем 50 мыңға жуық студенті бар Индиана унерверситетінде қазақ тілі пәні мұғалімі бола жүріп, шетелдіктерге қазақ тілінен сабақ береді. Жалпы бұл университет өз студенттеріне таңдау тілі ретінде 60-тан астам тіл ұсынады екен. Білім алушылар ерікті түрде қызығушылығына, зерттеу жұмыстарына байланысты қалаған тілдерін таңдайды. «Университет оқуға ұсынған тілдердің тізімін көргенде қатты таң қалдым. Себебі әлемдік тілдерден бөлек, қазақ, ұйғыр, парсы т.б. тілдерге қоса, мен мүлде естімеген Африка елдерінің шағын түрлі тайпаларының тілдерін оқуға да болады екен»,- дейді Әсем.

10 ай бойы Индиана унерверситетінің 1-2 курс магистрант студенттеріне қазақ тілін  үйреткен Әсем Қайыржанқызы бастапқы кезеңде сабақ беруде қиналғанын жасырмады. Басты себеп:  шетелдіктерге қазақ тілін үйретуге арналған сапалы оқулықтың болмауы. Өзімен бірге Қазақстаннан апарған 5-9 сыныптың қазақ тілі оқулықтары студенттер үшін өте қиын болса, екінші жағынан бұл оқулықтар мектеп жасына арналғандықтан студенттердің жас ерекшеліктеріне сай келмеді. Себебі студенттер деп отырғанымыз алды отыздан асқан ересек адамдар. Сондықтан Әсем көп уақытын тапсырмалар дайындауға жұмсаған. Ерекшелігі, қазақстандық оқу бағдарламасында оқуға бір мәтін, жазуға екінші мәтін, грамматикаға үшінші мәтін берілсе, АҚШ оқу жүйесінде тыңдалым, жазылым, оқылым, айтылым – бәрі бір мәтін аясында жүреді. Осы бағытта тапсырма дайындау жағы оған қиындық туғызғанымен, кейін бұл әдістің расында тиімді нәтиже беретініне көзі жеткенін айтады.   Студенттердің Қазақстанға деген қызығушылығы жоғары болғандықтан болар, олар қазақ тілін тез арада меңгерген. Тіпті Қазақстан туралы жаңалықтарды қазақ тілінде ұстазының өзінен бұрын біліп бөлісіп отырған. Мысалы, Әсем Астана қаласының «Нұр-сұлтан» болып өзгергенін Кристина Палмер деген студентімнен естідім дейді. Келесі шәкірті Брэд Устбрук те өз алдына қазақ елінің күнделікті жаңалықтарымен бөлісуді дағдыға айналдырғанын айтады. Қазақ тілінің ережесін меңгеріп, әлеуметтік желілерде қазақ тілінде ақпарат алған студенттер нәтижесінде өз ойын жүйелеп, еркін жеткізе алатын дәрежеге жеткен. Олар үнемі ізденісте жүріп, ұстазынан әр салаға қатысты дүниелердің қазақ тілінде айтылуын, мағынасын сұрап отырған. Бірде студенттері қазақ жастарының жиі қолданатын слэнг сөздерін үйретуді сұрапты. Жастар арасында жиі қолданылатын «базар жоқ», «жынды», «қуғынбай» сөздерінің мағынасын ашып түсіндірдім. Кейін олар сөз барысында осы сөздерді қолданданды. Мен өзім таңқалғанда «мәссаған» одағай сөзін көп қолданады екенмін. Бірде олар осы сөздің мағынасын сұрап, кейін өздері де жиі айтатын болды дейді.

  • «William Fulbight FLTA» бағдарламаның басты мақтасы екі мемлекет арасындағы мәдениетті таныту болды. Қазақстанның мәдени елшісі болғандықтан, мен Америкада тек мұғалім болмадым, шамамның келгенінше биші де, әнші де, аспазшы да болдым. Апта сайын түрлі мәдени шара ұйымдастыруды қолға алып, Қазақстан туралы ақпарат беруге тырыстым.. Қазақстан туралы көркем фильм, деректі фильм көрсеттім. Кино қарау барысында міндетті түрде үйден пісіріп апарған бауырсақпен шай ішеміз. Келесі аптада ұлттық би билеймін. Биді олар өте жылы қабылдады, мені түрлі шараларына билеуге шақырып отырды. Негізі олар әр дүниеден мағына іздейді, сол себепті «Қамажай» биінің әр қимылын түсіндіруіме тура келді. Қазақстан туралы презентация жасадым. Мектептегі бастауыш сынып оқушыларына барып тұсаукесу дәстүрін көрсеттім. Осындай дүниелерді жасау арқылы мен өзімнің жаңа қырларымды аштым. Негізі мен тұйық адаммын, халық алдына көп шыға бермеймін. Ал американдықтар үнемі жылы лебізін білдіргендіктен, өзіме деген сенімділік пайда болды. Бірде қала радиосына шақырту алып, қазақ елі туралы, дәстүрі туралы кеңінен баяндап, сұхбат соңынан Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындап бергенде тыңдаушыларға өте қатты ұнады, — дейді Әсем Қайыржанқызы.

Жерлесіміз жұмыс жасаған Блунингтон қаласында Орталық Азия студенттері ассоциациясы Наурыз мейрамын тойласа, қысқы демалыс уақытында Бостон қаласындағы қазақстандықтардың «Мирас» ассоцациясымен 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнін жоғары деңгейде атап өттік дейді. Сонда 50-60 қазақ қандастарды кездестірген.

«Дамыған және дамушы елдің арасында айырмашылық жер мен көктей. Әсіресе, менталитетке байланысты. Мені қатты таң қалдырғаны үлкендердің өмірге деген көзқарасы. Олар балаларын өсірген соң, біздей емес, балаларымен, немерелерімен көп уақыт өткізбейді. Уақытты өздеріне жұмсайды және өздерін толықтай қоғамға арнайды. Мысалы, маған бір зейнеткер ерлі-зайыпты жұп хост ата-ана болды. Хост ата-ана дегеніміз – оларға уақытша бала боласың, олар сені жат елде тез үйренісуге жетелейді, бір сөзбен айтқанда жалғызсыратпайтын жандар.  Сол хост әкем ақысыз балаларды оқытса, хост анам түрмеден шыққан әйелдерге арналған дүкенде сатушы болып жұмыс жасайды. Тегін. Келесі бір ұнаған тұсы хост ата-ананың әр сенбі сайын достарымен «Сенбілік таңғы шайда» бас қосуы. Сол кездесуге мені де шақыратын. Бізде бас қосуда әңгіме бала-шаға, кем-кетік, яғни тұрмыстық жағдай аясында өрбісе, олар оқыған кітаптарын, мақалаларын, фильмдерін талқылайды. Мен сол кездесулер арқылы өзімнің дүниетанымның одан сайын кеңейгенін байқадым. Әр сенбі сайын жаңа ақпарат алып отырдым.

Америкада әріптесім екеуіміз пәтер жалдап тұрдық, негізі АҚШ тұрғын үй өте қымбат.  Шәкіртақымның жартысына жуығы пәтерақыға кетіп отырды. Есесіне салыстырмалы түрде тамақ арзандау, әсіресе, жартылай дайындалған өнімдер (полуфабрикаттар) арзан. Нағыз гурмандар болмаса (олар да аз), тамақтануға, ас пісіруге біздер сияқты көп уақыт жұмсамайды. Мысалы бір қиярды турап, соус тұздығымен араластырып, соны кешкі ас ретінде қолдана береді. Есесіне уақытты өздеріне жұмсайды, — деген Әсем

Вашингтон, Бостон, Нэшвэл, Колумбос, Чикаго, Нью-Йорк қалаларын аралаған жерлесіміз барлық ел жақсы, қалалар әдемі, дегенмен өзіңнің туған еліңе ештеңе жетпейді, сондықтан еліміздің  дамуына бәріміз де өз үлесімізді қосуымыз керек дей келе, жастарға армандаңыздар және сол арманыңызға жетуге көп еңбектеніңіздер деген тілегін білдірді. Әсел әлі күнге дейін өз шәкірттерімен чат арқылы қазақша хабар-ошар алысып, екі елдегі жаңалықтармен, өздерінің тындырып жатқан тірліктерімен, соңғы оқыған әдебиеттерімен бөлісуді жалғастыруда. Осындай диалог арқылы ол шәкірттерінің қазақ тілін ұмытып қалмауына ықпал етуде.

Жалпы Әсемнің әңгіме барысында өзінің ана тілімен қоса, орыс, ағылшын, қытай тілдерін еркін (француз тілін ауызекі) меңгере тұра бір тілді екінші тілге араластырмай, таза сөйлеуі – сүйсіндірді.  Өзінің ұяңдығымен, кітапқұмарлығымен, оқуға деген құлшынысымен көзге түскен жерлесіміздің өмірінде  осындай жарқын жүздесулер арқылы жаңа елді тану, жаңа достар тауып, көкірек көкжиегін кеңіте білуі қандай ғанибет деп сүйсіндім. Талдырмаш қыздың тал бойындағы өзіне деген талапшылдығын, білуге деген зор құлшынысын көріп еліміздің әр жасы осындай болсашы деп тіледім.

 

 

Аман Ізмұхан