11.04.2019, 9:42
Қараулар: 2
Көл ортасындағы елес

Көл ортасындағы елес

Тұрғылықты жеріміздегі  жер-су аттарына қатысты аңыз-әңгімелерді жиі естиміз.Сол аңыздардың бірі — Қарағаштағы «Әулие қыз» туралы. Ел арасында ол екі нұсқада айтылып жүр. Бірінде сұлу қыздың сүйгеніне қосыла алмай, қайғыдан құса болып өмірден өткені, ал мүрдесі бұлақ маңына жерленіп, аппақ елеске айналғаны айтылады. Екіншісі-ұйықтап жатқан қыздың түсінде әулие ата аян беріп, одан ауыл шетіндегі бұлақтың көзін ашуды сұрайды-мыс. Сөйтіп, қыз әр түн сайын барып бұлақ көзін ашам деп жүргенде  ауыр дертке ұшыраған. Аңызда айтылғандай  аурудың емі табылмай күндердің күнінде жас қыз көз жұмады. Жалғыз қыздарынан  айрылып, қайғы жұтқан  ата-анасы оны осы  бұлақ маңына жерлеген екен. Сол уақыттан бастап  қыздың елесі  бұлақ пен көлдің  ортасын кезіп жүреді деседі. Ауыл аудамдары «Әулие қыз» бұлағының басына  мезгілсіз уақытта  барудан сескенеді. Елесті көрсе де көрмедік деп айтатын болған. Бірақ аңыздан бейхабар жолаушылар осы жерден өткен сайын,үнемі  түн мезгілінде  елес қызды көретіндіктерін талай әңгіме қылған. Көзі көргендерден сұрап біліп,  газетке жариялауды жөн көрдік.

Осыдан  бірнеше жыл бұрын аудандық телекоммуникация желісінің екі  қызметкері іссапармен Қарағаш ауылдық округінің елді мекендерінде болады. Түске жақын осы округтегі  шаруаларын тәмәмдеп, жолай «Сарқырама» көлінің  маңында аяқ суытады. Уақыт — күз айы. Көліктерінен шығып, әсем табиғатты тамашалап, тамақтанып та алады. Күз айы болса да табиғат-ана соңғы шуағын төгіп, жігіттердің  арқаларын терлетіп жібергендей.Беті-қолдарын жуып, салқындап алмаққа оқталып, екі жігіт аяқтарын суға малады.Сол-ақ екен, қыздардың сыңғырлаған  күміс күлкісі естіліп, екі жігіт аз — мұз елеңдеп қалады. Айнала тып — тыныш, өздерінен басқа адам да, келген өзге көлік те көрінбейді. Бірақ, кәдімгі қыздардың дауысы шығады. Бұл қыздар қайдан жүр деп жігіттер таңырқайды. Ағаш бұталарын серпи тастап, дауыс шыққан жаққа қарайды.О,тоба! Көлдің қақ ортасында  бір — біріне су шашқан екі қызды көреді.  Аң-таң бір сәт тұрып қалған екеуі де бір — біріне ләм — лим сөз айтпастан өздері де суға сүңгіп кеп кетеді.  Суға түскен сәтте-ақ, қыздардың елесі жоқ болады. Сол-ақ екен мұздай су естерін жиғызып, енді жағаға шығып, жалма — жан  киімдеріне жабысады.Себебі, мынадай суық суға шомылған  қандай  қыздар деген қорқыныш ой, ішкі бір бимәлім түйсікпен бұл жерден тезірек кетуді қалағандай болады.Сөйтіп,көліктерін оталдырып, әрмен қарай  жолға шығады.

Бір — біріне жақ ашпастан келесі ауылға жеткенше көлдегі  көрген көріністері көз алдарынан кетпейді.Ойлары онға бөлініп, саналарынан шықпай қояды. Келесі ауылда жұмыстарын аяқтаған соң шай үстінде «Сарқырамада» болғандарын айтады. Санаға сыйматын бір оқиға болғанын да жасырып қалмайды.Сол-ақ екен төрде отырған кейуана әжей елең етіп, мән-жайды  толық сұрамасы бар ма. Әжейдің қойған сұрақтарына жауап беруден шаршаған  екі жігіт «Сіз, сұрақ қойғанда құдды бір тергеушіге ұқсайды екенсіз. Біз жақындамадық, тіпті ол қыздармен сөйлеспедік» деп күледі. Ал, әжей күлмейді. Біршама үнсіз отырып:«- Әй,балаларым-ай, періштелерің сақтаған екен. Ол киелі жер. Қыз әулиенің мекені. Ренжітуге, артық — ауыс сөз айтуға, ішімдік ішуге болмайды. Шамаларың жеткенше «Биссимиллаһир раһманир рахим» айтып, аруаққа дұға жасап, бет сипаған дұрыс», — деп Қыз әулие туралы аңызды тарқатып айтып береді.

Иә, әрбір аңыздың да артында бір шындық бары белгілі. Ендеше, осындай қастерлі, киелі жерлерге аяқ басқанда алдымен тілімізді кәлимаға келтіріп, аурақтарға дұға бағыштап, Алладан біліп-білмей жасаған қателіктеріміз үшін рахым етуді сұраудың еш әбестігі жоқ деп ойлаймыз.

Иә, аңыз әңгімелердің көпшілігі тылсым дүниемен ұштасып жатады.Әрбір аңыз арқылы ұлтымыздың тағы бір ерекшелігін танимыз. Бұл ұлтымыздың ежелден келе жатқан  наным –сенімдері, ырымдары мен тиымдары.

Айсұлу Арыстанова