1.04.2019, 10:50
Қараулар: 161
Қызым саған айтам, келінім сен тыңда!

Қызым саған айтам, келінім сен тыңда!

Ақшат ауылдық мәдениет үйінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және Жастар жылын қолдау мақсатында «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда!» сырласу кеші өтті. Шара мақсаты: жанұядағы ата – ене, қайын сіңлі арасындағы қарым – қатынасты нығайту, ұлтымыздың салт – дәстүрлерін насихаттау, келіндерді өнегеге баулу. Халқымызда өте әдемі дәстүрге арқау болған «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деген тамаша сөз бар. Енелер келінге айтқысы келген, көрсеткісі келген тәрбиені өз қызымызға үйрету арқылы іске асыра алады.

Кештің шымылдығын М.Ақжалғасова «Қазақтың келіндері-ай» әнімен ашты. «Ақ әжелер» тобының мүшесі Дамелі Тайпақова сөз сөйлеп, жиналған қонақтарды, келіндерді Наурыз мерекесімен құттықтады. Көрермендер Ұлттық дәстүрлерден видеороликті тамашалады. Қатысушы келіндер Н.Сапарова — өзі мұғалім болсада, бос уақытында тастармен әдемілеп шашқа тағатын баулар, қазіргі заманның сән үлгілерінің бірі тырнаққа маникюр дизайнын жасайтынын айтып, қалай жасалатынын түсіндірді. Г.Бисманова шаш өруден үлгі көрсетті. Кеш қонағы ауылымыздың ақыны Г.Сарқұлова жиналған қауымды құттықтап, «Ана» атты жаңа өлеңін оқып берді. Ауылдық кітапхана меңгерушісі Н.Араппаева  «Бесікке салу» дәстүрін көрсетіп, тыштырма жасады. Мәдениет үйінің директоры А.Ермұханов жиналған аналарды, жеңгелерді, келіндерді, қарындастарды Амал күнімен құттықтады. Кеш барысында ене мен келін арасындағы қарым – қатынасы туралы түрлі сұрақтар төңірегінде пікірталас болды. Салт – дәстүріміздің түрлері насихатталды. Кеш соңында мектеп оқушысы А.Игильман «Ана сен бақыттысың» өлеңін оқып, Н.Үмбетова мен Д.Сағидоллаева «Қазақ биін» билеп берді.

 

                                                                                                Салтанат Қылышева,       

Ақшат ауылы