1.04.2019, 10:18
Қараулар: 174
Әніңді Алаш сағынды… Қалампыр Рахымқызының туғанына 70 жыл толуына орай

Әніңді Алаш сағынды… Қалампыр Рахымқызының туғанына 70 жыл толуына орай

Тоқтаусыз дөңгелейтін дүние-тегермеш апта тұрмақ, айларды да әп-сәтте тауысып, өршелене алға кетіп барады. Кешегі тарихқа көз жүгірткен музей қызметкерлерінің назарын музей көрмесінде тұрған шағын мүсін өзіне тартады. Иә, бұл бюст түрінде жасалған заманында «Ел еркесі», «Аққұмнан шыққан- Ақкербез» атанған белгілі әнші- термеші, ҚР-ның еңбек сіңрген әртісі Қалампыр Рахимованың мүсіні. Көктегі құсқа үн қосқан жерлесіміздің қазақ өнерін әлемнің біраз елдеріне паш еткен өнер жолы оның талантты тұлғасын бірқатар биікке қояды. Жасынан еркін, ерке өскен Қалампырдың мінезі өжет, тік мінезді, дауысы ашық, көркем екен. Ол Алмаз ауылында туып-өсті. Шыңғырлау ауданының Алмаз ауылының Соркөл деген бөлімшесі бар болатын ол тұста, сол ауылда дүниеге келген әнші 4 сыныпты осы Алмаздан оқып, іргелес Лубен кеңшарының (бүгінде Ақшат аталады) мектебіне ауысады. Әншілік қабілеті әуелден бар Қалампыр мектеп әншісіне айналады, біріне-бірі жалғасып жататын түрлі мектепішілік шаралар оны әнші ретінде қалыптастыра бастайды. Жазғы каникул кезі де текке өтпей, ауыл клубы көркемөнерпаздары құрамында егістік басында еңбек бригадаларына, шопандар ауылдарына концерттік бағдарламаларға қатысып жүреді. Осылайша, кішкентай Қалампыр домбырасын серік етіп, жерлестерін тебірентіп, жақсы әнші болып қалыптасады.

Бір жолы, қайнаған еңбек, жаз бойы үзілмейтін түрлі шаруаның шағында Лубен ауылына атақты Ғарифолла Құрманғалиев концерттік сапармен келеді. Аты Алашқа белгілі әншінің елге сапары жұртшылықты қуантып, ауылдағы ағайын концерттен тыс уақытта да дастарханын жайып, төріне көрпе төсеп, аса бір құрметпен қонақ қылыпты. Осындай қонақтықтың бірінде Ғарекеңнің әніне желпініп отырған жұрт, ауылда жас әншінің бар екенін тілге тиек етсе керек. Өнер майталманы сол жас баланы көргісі келеді. Айтылды- бітті, Қалампыр сол үйге шақыртылады.

Көп алдында талай ән шырқап ысылып қалған Қалампыр осы жерде бірнеше ән орындап беріпті. Батыстың иірімі күрделі, кез-келген әншінің дауысы жете бермейтін әндерді еркін игерген кішкентай қыздың өнері Ғарекеңді тәнті қылыпты. Шын өнерді көкірек көзімен танитын сұңғыла әнші осы жолы Қалампырды Алматы қаласына, өзінің дәстүрлі ән мектебіне оқуға шақырыпты.

Осылайша, қарапайым ауылдың қараторы қызы 1967 жылы Алматыға келіп өнер мектебін Ғарифолла Құрманғалиевтың класы бойынша бітіреді. 1969 жылы алғаш құрылған, кейіннен атағы әлемге белгілі болған «Гүлдер» ансамбіліне жұмысқа алынады. Қалампырды білетін, көрген, бірге жұмыстас болғандардың «ол «Гүлдер»-дің алғашқы қарлығашы еді» деуі осы себепті. Ол шығармашылығында 100 астам халық әндері мен термелерін шырқаған. Бүгінгі күні әріптестерінің бірі болған Роза Рымбаева ол туралы: «-Мінезі тік, тура айтатын, ер мінезді қыз еді. Мен батыстың ән мектебін осы Қалампырдан көбірек таныдым» -дейді.

Ол шырқаған Мұхиттың «Айнамкөзі», «Зәуреші», «Кіші айдайы» т.б. Ғарифолланың әндері, Махамбеттің термелері, Сағымқожаның, Естайдың және басқа да халық композиторларының әндері әнсүйер ағайынның жүрек қылын тап басатын тамаша туындылар еді. Ол  барлық ғұмырында қазақтың әнін, домбырасын өзге мемлекеттерге танытты, танытып қана қойған жоқ, халық әндерінің құдіретін өзге ұлттарға мойындата білді.

Қалампыр Рахымқызы қатарынан озық, өзіндік стилі, дауысы бар тамаша әнші болатын. Оның әншілігіне еңбек еткен ғұмырында жолы түскен шет жерліктер де тамсана қол соққан. Ол 1971 жылы Мәскеуде өткен халықаралық музыкалық симпозиумға қатысты. Гастрольдік сапармен ТМД елдерінде: Англия, Жапония, Бельгия, Малайзия, Польша, Пакистан, Сингапур, Финляндия, Португалия мемлекеттерінде ән салып, зор ықыласқа бөленді.

Бүгінде ол дүниеге келген Алмаз ауылында Қалқаман, Жаңыл атты бауырлары ғұмыр кешіп жатыр. Ауылдың мәдениет үйінің қабырғасына әншіге арналған ескерткіш-тақта ілініп, ауылдағы басты көшеге әншінің есімі берілген. Ал, ауылдастары оның шығармашылығы, еңбек жолы туралы жатқа біліп, ауыл мен аймақ мақтанышына айналдырған.

Жарқырай жанып, өнер аспанынан өзінің орнын алған тамаша талант, ерекше әншілік қабілеттің иесі Қалампыр Рахымова кенеттен жол апатына ұшырап қаза болады, бұл 1988 жылдың күзі еді. Көздегенін жықпай қоймайтын ажал-тағдыр оның өркен жайып, артында ұрпақ қалдыруына да мүмкіндік бермеді. Оның артында халықтың сүйікті әншісі, қазақтың әнші қызы, ел еркесі, «Аққұмнан шыққан-Ақкербез» деген жұртының берген бағасы мен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі» деген атағы ғана қалды.

Жылдар жылжып, тастың да өзі тозатын уақыт-құдіреттің күші жетпейтін бір құдірет бар, ол-халықтың жады. Ал, халық сүйіспеншілігінен орын алғандар ел жадында мәңгі сақталады.

Өмірің-ән, жан едің жаның дастан,

Өзің салған әніңді сағынды аспан.

Наз дауысты Алмаздың Қалампыры ең,

Аспандағы аққуға әнін қосқан!

 

Жарқ еттің де лауладың жалындап тым,

Әніңмен ұшқан құсты дамылдаттың.

Ел еркесі боп қалдың ел есінде,

Наз үніңді бүгінде сағынды Аққұм!

 

Аспанымда қалқып жүр әнің әлі,

Ел жадында естелік жазылады.

Танытқан өнеріңді, өз еліңді,

Өзіңді Шыңғырлауың сағынады!

 

Аллам өзі осындай бақ бергені,

Даңқың бар шетел білген жат жердегі.

Өнердің тарихында ізің қалды,

Аққұмның ән оздырған «Ақкербезі»!

 

Аудандық тарихи-өлкетану музейінде сақталған бір шағын мүсіннің тарихы, міне, осындай…!

 

Қаршыға Елемесов