26.03.2019, 11:25
Қараулар: 136
Шыңғырлаудағы  наурыз тойы

Шыңғырлаудағы  наурыз тойы

Ұлыстың ұлы күні тойланған мереке  Шыңғырлау өңірінде  айрықша,  ерекше салтанатпен  өтті. Рухани жаңғыру аясында ұлтымыздың салт-дәстүрі айшықталған  қойылымдармен  көркемделген    той-думаға  шыңғырлаулықтар мен қонақтар көптеп қатысты. Шат-шадыман көңіл, аспанда қалықтаған әсем ән. Ақшаңқан киіз үйлерде ұлттық тағамдар, айран -көже, табақ-табақ сары бауырсақ  қонақтарға ұсынылды. Зерлі  шапан киген, ақ кимешек сәнін келтірген  үлкендермен қос қолдап келіп көріскен жастар мен балалар кәдімігі ежелгі қазақ ауылдарын еске түсіргендей.  Аталарының  баталы сөздерін, шежірелерін  қызыға тыңдап балалар  жүрсе,  шолпылары сылдырлап қыз -келіншектер  қонақтарды күтті. Ал, қызыл — жасыл киінген  өнерпаздармыз мерекенің  шырайын келтіріп, көктемгі шуақты күнді жарқырата түскендей. Әжелер тәттіден шашу шашып,  тай қазан көтеріп, сәйгүлікке мінген  жігіттер де мерекенің  одан әрі сәнін кіргізді.  Жағалай  көрме ұйымдастырылып, оған шыңғырлаулықтардың  қолынан шыққан қол өнер бұйымдары қойылды. Әсіресе қазақша  оюланған көрпе -көпшік,  ағаштан қиылған,  моншақтардан тізілген, тоқылған т.б. шыңғырлаулық шеберлердің дүниелері  көздің жауын алып тұрды.  Наурыз тойына жиналған  халық алдында аудан әкімі Альберт Есалиев сөз сөйлеп,  шын жүректен шыққан құттықтау  лебізін арнады.

Мереке баршаға шаттық, көтеріңкі көңіл сыйлады. Наурыз құтты болсын!

Айсұлу  Муса.