18.03.2019, 15:51
Қараулар: 174
Ұлт ұлағаты

Ұлт ұлағаты

Жуырда аудан музейінде халықтық болмысымыздың ажырамас бөлігі, «Ер қанаты- ат» — деп ғұмырлық түйін жасаған бабаларымыздың мұрасы — ат әбзелдерін танып-білу және олардың жасалу жолдарын үйреткен танымдық шара өтті. «Қазақтың ат әбзелдері және оның жасалу жолдары» тақырыбындағы шеберлік сағатына аудан орталығындағы Шыңғырлау, Шилі  орта мектептерінің 6 сынып оқушылары қатыстырылды. Шеберлік сағатын аудан тұрғыны, теріден жасалатын бұйымдар мен құралдардың шебері Амангелді Самаев ағай жүргізді.

Ол өзінің қолынан шыққан ер-тұрман, ат әбзелі құралдарын әкеліп, оқушыларға таныстырды. Әбзелдің әрбір түрінің қалай аталатынын, қалай жасалатынын, неге пайдаланылатынын және халық түсінігіндегі орны мен маңызын жан-жақты түсіндіріп берді. Балаларға 4, 6, 8, 12, 16, 32 өрме өру тәсілдері түсіндіріліп, көрсетілді. Бірқатар балалар бұл әдістерді қолма-қол меңгеріп, өру, есу, ширату әдістерін жасап байқады. Қызығушылық ынтасы белең алған балалар әрбір өру әдісін жарыса тамашалап, бірінен-бірі көріп қамшы, шылбыр өруге үйренді. Сонымен қатар, Амангелді Орынғалиұлы теріні илеу, малды байлау әдістері, ноқта түю, тұсау мен шідер жасау тәсілдерін біраз тарқатып айтып берді. Музей қызметкері Қ.Елемесов музей көрмесіндегі осындай бұйымдармен таныстырып өтіп, арнайы слайдта көрсетілген суреттер бойынша жылқы малының түрлері, олардың жүрісі, сыртқы мүшелерінің атаулары, жалпы жылқы түлігіне қатысты халықтық наным-сенімдерге кеңінен тоқталып, әңгімелеп берді. Қос мектептің технология пәнінің оқытушылары Дархан Қуанышқалиев пен Қуандық Айтжанов тағылымды шараға алғыс білдіре отырып, пәндік тақырып аясында оқушыларға түсінік беріп отырды.

Мектеппен бірлесе отырып оздырылған орынды шараның тағылымы да жоғары болды, балалар жылқы түлігі туралы мол мағлұмат алып, ат құралдарын жасауды көзімен көріп, қолымен жасап жатты. Тақырып аясында үлкен экранды теледидардан бейнеролик көрсетіліп, таным көкжиегін кеңейте түсті. Шара соңында Амангелді Орынғалиұлына ұлағатқа толы танымдық дәрісі үшін алғыс білдіріліп, Алғыс хат пен сыйлық табысталды. Шара соңы естелік суретке түсумен түйінделді.

 

Қаршыға Асуұлы,

музей маманы