18.03.2019, 15:44
Қараулар: 2
Менің жасымды берсін

Менің жасымды берсін

Жасым 99 -да. Баршаңызды да балаларым деп айтуға әбден қақым бар. Осы жасқа келгенше өмірдің ыстық — суығын, жоқшылықты да көрдім. Десек те өміріме өте ризамын. Қиындықтардың бәрі де адамды қатайтады, балаларымыз бізге күш-жігер береді. Ал бойымыздағы  рух  өмірге деген құштарлықты арттырады.  Міне, бұл менің 99 наурызды қарсылауым. Өзім Ресейдің Дмитреевка  ауылында  дүниеге келсем де ес білгелі Қарақай ауылында  өмір сүрдім. Сол жерде өсіп- өніп,  зейнеткерлікке де сол жерден шықтым.  Балаларымнан жапырағым жайылып, қазіргі күні ,немере, шөберенің қызығын көріп отырмын.

Бейбіт, тыныш заман, өміріміз — шуақты, нанымыз — көп, тамағымыз- тоқ, дастархан- мол, бұдан артық бізге не керек!? Адам өмір сүру үшін ең алдымен бейбіт заман болсын, ерінбей  еңбек етсек, бәрі де болады.

Міне, наурызға да жеттік. Наурызда  ақ көп болсын,  көңілдер шат болсын! Баршаларыңды Ұлыстың Ұлы күні-наурызбен құттықтап, ғұмыр жастарың ұзақ болсын деймін!

Менің  жасымды берсін! Көрген қиындығымды көрсетпесін, алдарыңда тек жақсылықтар болсын!

 Нұрсұлу Тоқжанова,

Шыңғырлау ауылының  тұрғыны