14.03.2019, 12:24
Қараулар: 412
Көктем көрісу айтымен басталады

Көктем көрісу айтымен басталады

Халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, «Бір жасыңмен» деп бір-бірімен қол алысып, ренжіскен адамдар татуласып, араздықты ұмытуға шақыратын 14 наурыз – көрісу мейрамы еліміздің тек батыс өңіріне тән болғанымен, бүгінде Қазақстанның әр түкпірінде тойлап жатқаны байқалады.

Шыңғырлау ауданында да биыл 14 наурыз – көрісу мейрамы кең көлемде аталып өтілуде. Аудан орталығында «Асан Қайғы алаңына» көрісу мейрамына орай киіз үйлер орнатылып, ұлттық қолөнер бұйымдарының, ұлттық тағамдардың көрмесі жасақталды. Алаңға мол жиналған халық бір-бірімен көрісіп, бір-бірін құттықтап, тегін үлістіріліп жатқан көже, бауырсақтардан ауыз тиюде. Аудан әкімінің орынбасары Е.Тұрмағамбетов бастаған топ алаңға жиналған хылықпен амандық есендік-сұрасып, үлкендерге құрмет көрсетті.

Ал, мекемелерде де дастархан жайылып, келген адамдармен көрісіп, өздерінің функцианалдық міндеттеріне сай қызметтерді ұсынып қана қоймай, келушілерге дәм ұсынуда.

Ашық аспан аясында жас келіндер «Бауырсақ-пати» сайысына қатысып, қазандықта  бауырсақ пісіріп жарысса, ер азаматтар, жастар жағы ұлттық спорттық ойындарға қатысып, бірі күшін, бірі бағын сынауда. Жиналған халық аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалап, киіз үйлерде жаюлы тұрған дастархан мәзірінен ауыз тиюде.

«14 наурыз – көрісу күні ерекше мейрам. Астарында үлкен мән жатыр, сол себептен біз үнемі жастарға насихаттап, осындай мерекелер арқылы бойына ұлттық тәрбие мен рухты сіңдіруіміз қажет»,-дейді мерекеге келген 10 баланың анасы, «Алтын алқа» иегері Тәжікенова Талшын апамыз.

Дегенмен, көрісу мейрамы тек Батыс өңірлерінде, Қазақстанда ғана емес, көршілес Ресейдің Астрахань, Саратов, Орынбор, Қарақалпақстанның жерінде қазақтар көп қоныстанған аумақтарда да тойланады екен. Осы орайда, мерекелік шараға келген Орынбор қаласының тұрғыны, кеңес заманында қоныс аударған жерлесіміз Утепова Қадиша: «Біз Орынбор қаласындағы қазақтар диаспорасы 14 наурыз – көрісу мейрамын, әсіресе 22 наурыз – Ұлыстың Ұлы күнін отбасымызбен ерекше қарсы аламыз. Көрісу мейрамында тәтті тағамдар дайындап, үй ішімізбен, тума-туыспен көрісіп, бір-бірімізді құттықтасақ, 22 наурыз – жаңа жыл басын жоғары деңгейде атап өтуге тырысамыз. Наурыз көже, бауырсақ пісіріп, алаңға шығамыз. Биыл да «Локомитив қалашығында» өтетін наурыз мейрамына отбасымызбен жиналып»,- отырмыз» дейді.

Ал, 14 наурыз күні редакциямызға Астана қаласынан арнайы хабарласқан Бисенова Анар есімді замандасымыз барша жерлестерін айтулы күнмен құттықтап, көрісу мейрамының елімізде кең аталып өтіп жатқанын қуанышпен хабарлады. «2006 жылы Астанаға келгенде «көрісу» мейрамы туралы ешкім білмейтін, түсінбейтін. Тіпті, Шымкент қаласының тумасы жолдасым да мүлдем хабарсыз болатын. Біз басында бауырсағымыз бен көжемізді пісіріп, ұлттық тағамдар дайындап, тек тума-туыс, көрші көлеммен көрісетінбіз. Бертін келе байқағаным, 14 наурыз күні көпшілігі бір-бірімен көрісіп, құттықтасып жатады. Әсіресе, арамызда ұялы телефон арқылы «көрісу» кеңінен таралды»,-дейді осыдан 13 жыл бұрын Орал қаласынан Астанаға қоныс аударған жерлесіміз.

Жалпы, Көрісу мейрамы түрлі пікір қалыптасқан, бірі жаңа жыл басы, бірі ізгіліктік мейрамы, бірі тек батыста сақталған ежелгі дәстүр деп жатады. Дегенмен, тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүр әлі жаңара беретіні анық.

Ендеше, береке мен бірліктің мейрамы Көрісу күні құтты болсын! Бір жастарыңызбен!

Анар Сағи

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар