14.03.2019, 12:20
Қараулар: 2
«Жұмбақкөл» жұмбағы

«Жұмбақкөл» жұмбағы

Бұл әңгімені Шыңғырлау ауданы, Сегізсай ауылының тұрғыны Мұқатай ныспылы қарттан естіген едім.

Қарттың өзі тұратын Сегізсай ауылы Аққұм шағылының дәл іргесінде орналасқан. Ауылдың қасынан ағып жатырған Сегізсай өзенінің арғы бетінен Аққұм шағылы ақшаңданып, қала секілді көз тартып, көрініп тұрады.

-Жас кезім болатын,- деп бастады Мұқатай қарт өз әңгімесін. Екпінім тауды да жыққандай, етегім дауыл уақытым. Жылқы бағатынбыз. Жас болған соң ауылға жиі барғыштайтынмын. Қостың үлкені, әрі аға жылқышыдан үнемі сұранып жүретінмін. Бір жолы «Табындағы ең асау айғырды бас үйретсең, ауылға жіберемін»- демесі бар ма… Күмілжіп қалдым. Күмілжитін себеп жоқ емес, жаңағы айтылып отырған айғыр үстіне мінбек түгілі, жанына жақындатпайтын, алдына келсең тістеп, артына барсаң тебетін тағы малдың нақ өзі еді. Амал қанша, ауылға да барғым кеп тұр, ақыры үйретуге бел будым. Қостағылардың бәрі жабылып жүріп, жаңағы айғырды әупіріммен ұстап, құлағынан басып тұрып ерттеп, «иә, Раббым!» деп мініп кеп алдым. Туасы үстіне жан мінбеген жабайы неме, бас-көз жоқ ту-талақай тулап ала жөнелсін…

Мені түсіре алмаған соң (жалпы атқа мінген бала болсын, ересек болсын аса тақымды, сіңірлі, шымыр келеді. Атқа міну дегенің-таза спорттың өзі ғой), аяусыз төпеген қамшы батты ма, әлде, қиястығы ұстады ма, бет алды-құла дүз шауып ала жөнелді. Жұлдыздай аққан жылқының үстінде, тымақтай болып кете бардым. Өзі де жер қоймай келе жатырған айғырды үсті-үстіне қамшылап қоямын. Ызасы өткен жануардың әбден ығырын шығармақпын. Қос басынан ұзап алған соң, ептеп аттың басын әйгілі «Аққұм» шағылына бұра бастадым.

Шыны еспе құмнан тұратын «Аққұм» туралы әңгіме-аңыздар да сан салалы. Алыстан аппақ қала секілді назар тартатын осынау кең құмды өлке көршілес Қаратөбе ауданының аумағына сұғына барып бітеді. Соры мен кебірі жиі жолығаты қатаң топырақты қасат далада аяқ астынан еспе құмды бұйраттардың басталуы шынында да таңқалдыруын қоймайды, мұны құдайдың құдіреті шығар демеске лажың жоқ. «-Бір замандарда Қобыланды батырмен жауласқан, ақыры жеңіліс тапқан Алшағыр ханның ордасы еді бұл құм»,- дегенді айтады ел іші. Сол Алшағыр ордасының қақпасы әлі күнге тікейіп тұр екен,-дейді-мыс… Қысқасы, ертегі-аңыз көп-ақ. Айғырдың басын осы құмға бұрдым. Еспе құмға салып, әбден діңкелетпекшімін. Сонымен, құмға біраз енгеннен кейін, айғырымнан ақкөбік тер шығып, екпіні де бәсеңдей бастады. Мен әлі қамшы салып келемін. Жаздың шаңқай түсі ауғанда ат та, мен де шаршай бастадық. Арынды жүріс бүлкек желіске, ақыр соңы аяңға ауысты. Лүп еткен желі жоқ шексіз-шетсіз құм ішінде шөл де мазалап келеді. Осы бетпен ауылға кешке жетермін деп болжап келемін. Екінді шамасында бір бұйраттың үстіне шыға келгенімде, алдымнан, құмның қақ ортасынан жарқыраған көлді көрдім. Көлдің көлемі едеуір, бір қызығы айналасында бірде-бір құрақ жоқ.Терең көрінді маған. Аттан түсуге қорқамын, мінгізбей кетсе қалдым қалың құмның ішінде. Көлді айналып өтпек болдым, сәл сәтте ғана аңдадым, көлдің иінін ала арғы шетінде, бұйрат құмның иығын ала жатқан 6 ақ қасқырды көрдім. Шетінен тайыншадай6 ірі қасқырлар. Астымдағы айғырдың содан мазасызданып, дірілдеп кеткенін байқадым. Айналып өтуге дәрмен жоқ, не де болса тура кесіп өтпек болып, тәуекел деп айғырды көлге салып жібердім. Бұл кезде қасқырлар да орындарынан созалаңдай тұрып, бір-бір қарап алып, асықпай бұйратты асып жоқ болды.  Қанша айтқанмен үйірге түскен, жүріс көрген тақыс, қажырлы айғыр көлден аман-есен жүзіп өтті. Арғы жағаға шыққан бетте аялдамай әрі астым.

Кешқұрым ауылға келіп, үйде аунап-қунап, ертеңіне кейін қарай шықтым. Айғыр біраз желпілдегенімен, едәуір бас біліп қалыпты, бұрғанға көніп, айдағанға жүріп келеді. Ауылға да барып, атымды да үйретіп қуанып келемін. Ойым кешегі көлді тағы бір көру. Соншалықты әдемі көріністі дұрыс тамашалай алмағаныма өкінішім де жоқ емес. Кешегі ізімді жобалап тартып келемін. Көлдің тұсына жетіп, кешегі бұйраттардан асып түскенімде аңырып тұрып қалдым. Кешегі көлдің өзі түгілі, орны да жоқ. Тек сусыған еспе құм. Құмды бұйраттың қасқырлар жатқан тұсындағы топ жыңғыл сол күйінде болмашы желге сәл ызыңдап орнында тұр, бірақ көл ұшты-күйлі жоқ. Алты қасқыр да көрінбейді. Апыр-ау, бұл не құдірет, әлде, қиыс кеттім бе деп әрі-бері шапқылап, ештеңе таппадым. Кейін де талай рет іздедім, бірақ қайтіп кездестірмедім. Қазір міне, шал болдым, десе де сол көлді әлі де бір көргім келеді. Бірақ, оны қайдан табасың? Біреулер көріпті, бар екен деп жатады, бірақ, төбесінен түсіріп ешкім тауып бере алмайды. Мұның не жұмбақ екенін де ешкім дәл айта алмайды. Мен білетін, өзім көзіммен көрген «Жұмбақкөл»-дің (ел ішінде осылай аталып кеткен) құпиясы осындай,- деп әңгімесін тәмамадады Мұқатай қарт.

Қейбір ғылыми пікірлерге көз салсақ, құмды жердің суы жер бетіне жақын келеді, желмен бірге сусып, үнемі көшіп жататын құмның кей жері төмендеп, кей жері биіктеп жататыны бар, осы тұста төменірек түскен жерден құм асты суының мөлдіреп бетіне шығуы ғажап емес. Яғни, көлдің бір күн бір жерден, келесі жолы басқа жерден пайда болуын түсіндірудің бір нұсқасы осы деп қабылдауға болады. Бүгінгі күні барша батыс аймақтың мекені бір кездері әр дәуірде әртүрлі аталған, ғылымға белгілісі «Үлкен Хвалын теңізі» аталған үлкен теңіздің астында болған екен. Сол теңіз тартыла келе бүгінде «Каспий» аталатын арнасын тауыпты. Төңірегімізде әк тастан, теңіз түбіндегі шөгінді жыныстардан түзілген таулы сілемдер, жергілікті жұртшылық тауып алып жүрген теңіз жәндіктерінің тас боп қатқан қаңқалары мұны растайды. Енді, қарап отырсаңыз кез-келген теңіздің, мұхиттың су асты өзендері болады, бұл табиғат заңдылығы. Олар көл-көсір судың астында да өзінің арнасынан ауытқымай ағып жатады, мұны құдайдың құдіреті немесе физикалық табиғи үйлесім десеңіз де өз еркіңіз, қадірлі оқырман. Айтпағым, осы тоқтаусыз аққан су асты өзендері өздерімен бірге үнемі құмды шайып әкеле берсе керек. Осылайша, кейін су тартылғанда қасат топырақты далада көл-көсір құмды аймақ пайда болған деген жорамал туады. Бұл ешқандай ғылыми негізге сүйенбеген жай ғана жорамал, бірақ солай болуы әбден мүмкін.

Ал, Мұқатай қарияның, жергілікті тұрғындардың әңгімелеріне құлақ түрсек, құм ішінде көшпелі көлдің бар екендігіне көзің жеткендей болады. Аңыз дейін десең, көрген адамдар бар, көздері тірі. Шындыққа балайын десең, еш пенде тап басып, тауып бере алмайды. Әйтеуір, тиянақты зерттеуді қажет ететін түйіннің бірі осы –Жұмбақкөл.

Қаршыға Елемесов