14.03.2019, 12:18
Қараулар: 617
Теолог-маман шыңғырлаулықтармен  кездесті

Теолог-маман шыңғырлаулықтармен  кездесті

Имандылыққа ұйыған, тәрбиенің мәйегін азық қылған ұлтымыз қашанда еліміздің болашағы-ұрпақ тәрбиесіне көп көңіл бөліп келеді. Әсіресе, мынадай жаһанданған әлемнің, интернет жаулап алған заманның  ең алдымен жастарымызға теріс әсері, зияны болмағанын қалайды. Жастардың санасын жаулап алатын сан түрлі ақпарат, соның ішінде беймәлім, теріс дінге уағыздайтын сайттардан аулақ болғанын қадағалайды. Әрине, мынадай алмағайып заманда  жастарымызға  дұрысты — дұрыс, бұрысты-бұрыс деп айтып отырудың қаншалықты маңызды екендігі белгілі. Себебі, дін жолы деп адасып, талайлардың тағдыры шырмалғанын көріп, естіп жүрміз. Сол себепті өскелең ұрпақтың  болашағына көлеңке түспес үшін  дұрыс түсінік, нақты жұмыстар жүргізілуі қажет. Ауданымызда  жақында теолог қатысқан бірнеше кездесулер, жиындар өтті.  Ақтөбе қалалық орталық мешітінің найб имамы, теолог Алтынбек Хусайнов ең алдымен аудандық ішкі істер қызметкерлерімен кездесу өткізіп, сұрақтарына жауап берді.

Алтынбек  Сәлімгерейұлы Шыңғырлау мектебінде  ауданымыздың әйел жамағатымен де кездесті. Қыз тәрбиесіне қатысты бейнебаян көрсету арқылы сабақ өткізіп, мол мағұматтарымен бөлісті. Теолог сол күні Шыңғырлау колледжінде ұл балалар арасында әңгіме өткізіп,  келесі күні бірнеше ауылдық округтерде жұмыс жүргізді.

— Қандай қоғам, қандай дамыған ел болмасын, оның көлеңкелі тұстары болуы  шартты нәрсе. Егеменді елімізде де кейбір жандардың теріс ағымға еріп, тағдырларына балта шауып жатқандарын көріп жүрміз. Осындайда өзгелердің де алданып қалмас үшін, әсіресе жастарымыздың  осындай топтардың шырмауына түспесі үшін  баршамыз да жұмыстануымыз керек. Теологпен  кездесудің маңызы зор, алдағы уақытта үлкен қателіктерге жол бермес үшін қажетті деп ойлаймын.Теолог маманның көмегін алғандардың біреулері өз  көзқарастарын өзгертсе, ал түсінік жұмыстарын тыңдаған жандар  теріс пиғылды адамдардың алдауына  түспес деп ойлаймын. Негізі, діндар терісін жамылып, теріс насихат жүргізгендерге тосқауыл қою баршамыздың ісіміз. Көзі ашық, көңілі ояу әрбір ұлт жанды азамат-азаматшаның міндеті.Тағы бір айтарым — дінге қатысты сұрақтармен тек қана  арнаулы маман, теологтар ғана айналысады, -дейді арнайы іссапармен келген білікті маман.

Айсұлу Амангелдіқызы