7.03.2019, 17:09
Қараулар: 557
Мейірге толы музей сағаты

Мейірге толы музей сағаты

Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейі көктменің алғашқы күнімен қатар келетін «Алғыс айту» күніне орай аудандық қарттар үйінде болып, «Ұлағат ісі» тақырыбында музей сағатын өткізді. Бұл үшін қариялар назарына бүгінде көп көзге түсе бермейтін ертеректегі бұйымдар мен жәдігерлерден шағын көрме жасақталды.
Қарттық дендеп, сыртқа кіріп-шығуы қиындаған қариялардың музейімізге келе бермейтіні аян. Осы тұста қариаларға музейдің өзі баруын ойластыра отырып, қамкөңіл қарттарды біраз сергітіп, музей жәдігерлері туралы әңгімелеп беруді ұйғардық. Осылайша жүзеге асқан шарада көшпелі көрмеге шығыс самаурыны, шоқпен қыздырылатын өтек түрлері, аштық жылдарының қасіретті құжаттары, бір кездері аудан орталығында болған әуелгі мешіттің естелік жәдігері- мешіт айшығы, қаһарлы 41-дегі майданның алғы шебінен келген түпнұсқадағы хаттар, кейінгі Кеңестер Одағы дәуіріндегі қолданыста болған бұйымдар, нумизматикалық жәдігерлер қойылды. Әрбір жәдігерге мейлінше толық түсінік беріліп, арғы-бергі тарихтардан сыр шертілді.
Хамит Әбдуғазиев, мекеме директоры:
— Сөз жоқ, шара өте мазмұнды және мағыналы. Бұған себеп осындағы қарттарымыздың көздеріне ыстық, өздеріне жақын, бір уақыттарда қолданған жәдігерлер де бар екен. Ал, ескі жәдігерлер көп естелікті ойға түсіреді. Кейбір қарттарымыздың денсаулығына байланысты аудан музейіне бара алмайтынын ескерсек, музейдің бізге келуі өте ойластырылған орынды қадам екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан, ізгі іс-шараға, музей қызметкерлеріне аса разымын!
Шара аясында ауданымыздың Қарағаш ауылының тұрғыны дарынды суретші, шебер мүсінші Сағидолла Әбуовтың «Ауылым-алтын бесігім» атты альбомы тамашаланды. Сондай-ақ, ауданның 90 жылдығына шығарылған кітап мазмұны да таныстырылып өтті. Елге еткен еңбек, өмірге ұл да, қыз да келтірген қариялардың өмір жолы, аудан дамуына қосқан еңбек жолы кезіндегі үлестері үшін алғыс айтылды. Риясыз әңгіме, емен-жарқын сәтке ұласқан әдемі отырысты домбырада орындалған «Анаға сәлем», «Ұлыңмын, әке», «Ауылды сағындым» әндері жалғастырды. Жанды шуаққа бөлеп, көңілді мейірге толтырған әдемі шараны қариялардың жүрекжарды лебіздері мен батасы түйіндеді.

Қаршыға Елемесов,
музей экскурсоводы