7.03.2019, 16:58
Қараулар: 4
«ӘЗІЛ БАЗАРЫ» басталды

«ӘЗІЛ БАЗАРЫ» басталды

«Жастар жылы» аясында аудан жастарының арасында қазақстандық патриотизмді дамыту, еліміздің жеткен жетістіктерін насихаттау, жастардың интеллектуалдық дарындарын жетілдіру, жас таланттарды анықтау, жастарды ізгілікке, жаңашылдыққа, жасампаздыққа, креативті ойлауға тәрбиелеу мақсатында Шыңғырлау аудан әкімінің қолдауымен 4 кезеңдік «Әзіл базары» жобасы басталды. «Мен жастарға сенемін» тақырыбы арқау болған бұл сайыстың бірінші кезеңіне аудандық колледж студенттері мен мектеп оқушылары қатысты. Атап айтқанда, ақпанның 25-і Шыңғырлау колледжінде «Приколстан», «Электрик», «Сварчик», «Сваркам» командалары,  26 ақпан күні Ащысай мәдениет үйінде «Из 90 девяносто», «Ұнамаса қарама», «Жарық жұлдыздар», «Қылышев фа-соль-де-рі», «Ауылдың балалары», «Ойбай», ал 28 ақпан күні Ақшат мәдениет үйінде «Папасының қыздары», «Қарағаш жастары», «Ақшат жастары» командалары – барлығы 13 әзілкештер топтары бақ сынасты. Командалар 3 бөлім бойынша сайысқа түсті. Сәлемдесу — команда туралы жалпы көрініс беру. Үй тапсырмасы – өнер жұлдыздарына, танымал адамдарға породия көрсету. Тамаша қойылымы — елімізде белгілі әзіл театрларының қойылымдарын қою. Ойынға қатысқан командалар күнделікті өмірдегі оқиғаларды әзілге қосып, көрерменге күлкі сыйлады, тіпті ойынның қызықты әсерлі өтуі командалардың өздеріне оң әсер етіп, аяқ астынан ұтымды әзілдердің дүниеге келіп жатқанын да байқауға болады.

Қазылар алқасы көрермендердің көңілінен шыққан қатысушылардың ойындарын жоғары бағалады. «Әзіл базары» жобасының ұйымдастырушы, қазылар алқасының төрағасы, кезінде өзі де «Жайдарман» ойынының беделді ойыншысы болған Айбек Абаков:  – «Әзіл базары» ойыншы жастарының дайындық деңгейі жоғары, үлкен жауапкершілікпен келгені байқалады. Жас та болса әзілді көрерменге ұсынуы, қоғамдағы маңызды тақырыпты әзілмен қозғай білуі баршамызды қуантып, артымыздан еріп келе жатқан жас дарындардың аз емес екендігіне көзім жетті. Мәселен, Ащысай ауылының «Из 90 девяносто» командасы әр ойынның нақышына келтіріп, актерлік шеберліктертін көрсетсе, Ақшаттық «Папасының қыздары» командасы нәзік жанды қыздар болса да жігіттермен қатар тамаша ойын көрсетіп, тапсырмалардан сүрінбей өтті» — дей келе, енді алдымызда тұрған екінші кезеңде ауданымыздың жастары, яғни мекеме қызметкерлері арасында өтетін сайыстан да зор үміт күтетінін айтып өтті.

Нәтижесінде үздік деп танылған командалар финалға жолдама алып 4-ші кезеңнің финалдық ойынында бақтарын тағы бір мәрте сынайтын болады.

 

Анар Сағи