28.02.2019, 9:56
Қараулар: 2
Жақсының аты ел жадында

Жақсының аты ел жадында

Адам баласына тән «азамат» деген жақсы ат бар. Ол өскен орта, өзің жүрген қоғам, қадіріңді білер халықтан берілетін атақ. Саналы адам әуелден осы халықтан берілер бағаны қадір тұтар еді. Азаматтық — адамның адамгершілік болмысы, салауатты өмірі, саналы жүріс-тұрысы, біліктілігі, білімі үшін берілетін баға. Сондықтан, мұндай халық талғамы кез-келген жанға түсе бермесі тағы ақиқат.

Осы бір тұста, осынау азаматтықтың қадір-қасиеті бір бойынан табылған, бірақ бұл күні арамызда жоқ қадірлі замандас, ақпейіл әріптес, дос, жақсы адам болған Байғали Оразғалиев есімізге түседі.

Мінезінде мейірімділігі басым, өз ісіне мұқият, аса сауатты жігіт еді ол. Біздің таныстығымыз, Белогор совхозында 1979 жылы бастау алды. Кейін байқап отырсам, достығымыз да сол уақытта басталған екен.  Мен, ол кезде совхоздың прорабы болып қызмет жасаймын, ол есепші болып орналасты. Тура 25 жаста болатын. Кеңес үкіметі кадр мәселесіне аса қатаң қарады, әр маман өз орнына көптеген сыннан өтіп келетін, Бәкеңнің маман ретіндегі мықтылығы, білімі оны 25 жасында білдей бір совхоздың бас бухгалтерлігіне әкелді.

Ол кезде Белогор совхозы аудандағы алдыңғы қатарлы кеңшар болатын. Кеңшарды атақты Аринжанов Ибраш Халиоллаұлы басқарып тұрды. Белогор совхозы сол кезде 30 мың га жерге егіс егіп, 35 мың бас қой, 4000 аса ірі қара өргізген, 500 басқа жуық жылқы шұрқыратқан әлеуетті  аймақ еді. Құрылыс толассыз жүріп жатты, халықтың тұрмыс-тіршілігі жоғары болды, аудан бойынша ең бюджеттік қоры мол совхоз болатын. Осының бәрін 25жастағы жас жігіт- Байғали Шеркешбайұлы игеріп отырды. Ол кезде де кеңшардың, олардың ауылдық нүктелерінің салауатты дамуы қаржының дұрыс, мақсатты жұмсалуымен тығыз байланысты еді. Ал, Белогор совхозының үнемі алдыңғы орында болуы осы қаржы мәселесінің дұрыс маманның қолында болуына тікелей қатысты болатын.

Өмірде ағалы-інілі болып сыйластық (менің екі-үш жас үлкендігім бар), жұмыста жақсы әріптес едік, әрбір шаруаның, мейлі ол құрылыс болсын, мал шаруашылығы немесе егін, пішен шабу, басқа да толып жатырған совхоз қажеті, барлығының ретін, оған жұмсалатын қаржы, қайтарылатын қаражат, түсетін кірісінің бәрі көкірек көзінде сайрап тұратын. Өз ісінің шебері, маманы болатын. Осы жерде он жылдай қатар жұмыс жасадық. Содан соң ол ауданға ауысты. Қызмет бабымен оны аудандық ауылшаруашылық бөліміне есепші болып тағайындады. Мұнда да он жылға тарта жемісті еңбек етті. Кейінгі жылдар белесінде осы өз мамандығымен «Шыңғырлау» акционерлік қоғамының, Шыңғырлау аудандық саз мектебінің есепшісі болып жасады. 2007 жылы аудандық мәслихат депутаты боп сайланып, тексеру комиссиясының төрағалығы қызметін атқарды. Кейінірек осы мекеменің аппарат жетекшісі қызметін де атқарып, 2017 жылы зейнеткерлікке шықты.

«Жақсы жүрісімен — пұл, жаман жүрісімен-құл» дейді қазақ, мықты маман болуымен, парасатты жүріс-тұрысымен арамызда аса сыйлы болған, ел танып, халық білген аяулы жанның бірі осы Байғали деген азамат еді. Иә, ол нағыз азамат болды, сол азамат қалпында бұл дүниеден де ертерек аттанып кетті. Жақсының аты өлмейді дейді халқымыз, сені білетін ел-жұртың, атыңды алысқа апарар ұрпағың барда сенің есімің ұмытылмайды дегім келеді.

Алға тартсын заман атты көш мейлі,

Талай көктем бүрлентсе де төскейді.

Тірілердің тізімінен түскенмен,

Жақсы адамдар, жақсы адамдар,

Ел-халқының санасынан өшпейді!

Сағынғали Имашев,

Шыңғырлау ауылдық округі

ардагерлер кеңесінің төрағасы