28.02.2019, 9:54
Қараулар: 401
Нағыз дәрігер

Нағыз дәрігер

2003 жыл. Екі кештің ортасында оң жақ көзімді аша алмай қалдым. Желтоқсанның кәдімгі қысы болатын. Ол кезде мен аудан орталығындағы мектептің от жағушысы болып жасаушы едім. Қазандықтарды отынмен толтырып, көмірдің қызыл шоғын ойнатып, темір қыздырамын, оны тапап, немесе ұштап шаруға керек сүймендер жасаймын, іштегі дәнекерлеу құрылғысын (сварочный аппарат)қосып сынған үстел, парта, қала берді халыққа қажет шана, күректерді жасай беретінмін қол босағанда… Таң атқанша ұйықтамайтын, кезекшілікке тәулікке бір-ақ түсетін отжағушының бос уақыты болатын, әрине.

Қойшы, не керек, сонымен бір білеу темірді зырылдауық темір кескішпенен («болгарка») кесіп жатқам, кескен ізінен отты жаңқалар атып әлгі «болгарка» сәл тұтыққанда, отты жаңқа көзімді көміп жіберді. Шым ете түскен жанарды қайта-қайта сүртіп тұрып жұмысты тез бітірдім, бірақ, көздің ауырғаны әйдікке кетті. Аштырмай түйіліп, оның үстіне сорғалаған жас әп-сәтте өзі де күйелеш бет-ауызды әлемтапырық қылып жіберсе керек, әрі-бері шыдағанмен болмаған соң, жергілікті ауруханаға барған мені кезекшілікте отырғандар шошына қарсы алды. Айтпақшы күн жексенбі, жалпы көпшіліктің дем алып жатқан шағы, дәрігерлерден де тек кезекші мамандар жүр екен. Сонымен көзім бұлаудай боп отырмын, түйіліп, солқылдағанда жан шыдамайды. Көз дәрігері ауылда жоқ боп шықты, дегенмен тәжірибесі мол, білікті маман деп Жұбаныш Хамидуллин ағайды шақыртты кезекші дәрігерлер. Ол кездің де өзінің қиындығы бар шақ, аурухана көлігі ескі, жанармайы аз, әйтеуір, барып келуі ұзап кетті көліктің. Сол күні қонақтықта отырған Жұбаныш ағай хабар тиісімен  шұғыл киініп ауруханаға жаяу тартады. Киімін де алмастырып үлгермеген қалпымен келген бойда  жоғарыға (3 этажға) алып кетті. Үшінші қабаттағы кезекші дәрігер үстеліне әкеліп отырғызып, үстелдегі дәрігер шамын жақты да, көзіме ұзақ үңілді, жағдайды тәптіштей сұрай жүріп, желең халатын желбегей жамылып, тағы жанарыма үңілді. Содан соң, қағазын жыртып, жап-жаңа шприцтің инесін алды, алды да көзімді барынша бақырайта аштырып, әлгі шамды барынша жақындатып, инесін көзіме жақындата берді. Көзді жұмып алуға болмайды, ішімнен «апырым-ай, ақыры соқыр болатын болдым-ау, бір көзді құртып тынатын болдым ғой» деп өкініш пен иманымды қатар үйіріп отыра бердім. Сонымен, Жұбаныш ағам инемен көзімді түрткілей бастады, кәдімгідей білініп тұрды, бірақ қолы мұндай жұмсақ болар ма, балқып келіп көзжанарының шырыш қабатына бойлай еніп кеткен темір жаңқалардың бірінен соң бірін суырып ала берді. Сөйтіп, айналасы 10 минөтке жеткізбей үш бірдей жаңқаны алып, көзімді тазалап берді. Түйілгені басылып, аздап ашығаны ғана қалған көзіме өзіме олжа болып, бар алғысымды айттым. Айтпай қайтейін, жаңа ғана іштей «хош айтысқан» көзім жарқырап көріп тұр. Ағай тағы бір жағатын май беріп, өзі қонақтығына кетті. Оны бір адамның көзін сақтап қалдым деп бәлсінбеуін айтсаңызшы, кәдімгі қолдан тікен алғандай әңгімесін айтып, енді абайлап жүруімді ескертіп, үйге аттандырып жіберді. Мен орныма келесі әріптесімді жіберіп, көзімнің толық жазылуын күтіп үйде жаттым. Келесі күні, дүйсенбіде ауруханаға келіп, сол кездегі көз дәрігері Дария апайға көзімді қараттым. Арнайы аппаратқа салып ұзақ тексерген апай көзімнің таза екенін айтып, енді байқап жүруімді ескертті.

Одан бері 16 жылдай уақыт өткен екен байқап отырсам. Жұбаныш ағай сол бұрынғыша аудан ауруханасында жұмыс жасап жүр.  Осы уақыт ішінде ол кісіден жарақатына дауа, сырқатын шипа тапқан талай жерлестерімді көріп- біліп жүрмін. Қолы алтын, жүрегі ізгі, жаны-дәрігер деп осындай жандарды айтатын болар,сірә. Менің ойымша, Жұбаныш Хамидуллин дәл осындай нағыз дәрігер. Бүгінгі күнге дейін қызылды-жасылды жарық дүниені жартылай емес, толық көріп жүргенім осы шебер жанның  арқасы. Алла оған әрқашан амандық, бақыт пен жақсылық берсін!

 

Қаршыға Елемесов,

аудан тұрғыны