28.02.2019, 9:52
Қараулар: 29
Шаруасына мығым жан

Шаруасына мығым жан

Аудан іргесіндегі Ақсоғым ауылында асыл тұқымды мал өсіріп, адал еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген азаматтың бірі деп Саламат Абдуғалеевті айтуға болады. 2012 жылы шаруа қожалығын құрған ол алдына қойған мақсаттарға жету үшін тынымсыз еңбек, шыдамдылық пен ізденіс қажет екендігін берік бағамдап, әр шаруасын жоспармен жүргізуді қолға алды. 2017 жылы «Береке» бағдарламасы арқылы алынған 4 млн. теңге несиеге асыл тұқымды мал басын сатып алып, шаруашылығын өрістетті. 300 га шабындық жерінен шабылып,  қыстағына тасылған шөп қоры қыстан қысылмай шығуына мүмкіндік берсе,  350 га жазғы жайылымдық жерінде мал басы көкке бас қойып, жаз бойы салмақ қосып, қоңдануда.

Бүгінгі таңда Саламат Серікұлының қарамағында 145 ірі қара, бұған қоса 2 түйе күтімге алынған. Ертелі-кеш қора маңынан шықпайтын малсақ жан азығының уақытылы берілуін қадағалап, жем қорының жеткілікті болуына аса мән береді. Тайлап үйілген шөбінен жазғы даланың иісі әлі кетпеген, жап жасыл болып көз сүйсіндіреді. Бағымдағы малы да тиісінше күтімге алынып жатқанын айғақтап тұрғандай. Айтқандай, Серіктің шаруашылығында 2 МТЗ-82 тракторы, 1 — шөп бастырғышы, 2 шабу құралы, 3 трактор тіркемесі, 1 жүк көлігі бар. Жазғы науқан кездерінде ауыл азаматтарын жұмысқа алып, жем-шөптің мол қорын жасап алуға асығады.

Аз сөйлеп, тындырымды еңбегімен танылып жүрген ауыл азамытының аудан экономикасына қосып отырған үлесі айтарлықтай. Қазіргі заманда өзіне нық сенген әр адам шаруасын дөңгелете алатынын дәлелдеп жүрген ауылдасымыздың бүгінгі тірлігі көпке үлгі екендігінде сөз жоқ.

Тыныштыбай Баянов,

Шыңғырлау ауылдық округінің бас маманы