28.02.2019, 9:46
Қараулар: 136
Нан неге қымбаттайды?

Нан неге қымбаттайды?

Нан өнімдерінің бағасы жыл басынан бері 12 пайызға күрт өсті. Ас атасы – нанның бағасы осыншама өсуіне не себеп болғанын анықтау мақсатында біз аудандық ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің мамандарымен жолықтық.

  • Жалпы ұн бағасының өсуі нан бағасының өсуіне тікелей әсер етеді. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметіне сәйкес, ұн бағасының жоғарылауы жалпы нарықтағы  3 сыныпты бидайдың тоннасы 71-72 мың теңгеге дейін қымбаттаумен байланысты болып отыр.  Ауданға ұн Орал қаласында ұн өндіретін 3 кәсіпорыннан («Ақ қайнар НӨК» АҚ,  «Белес-Агро» ЖШС,  «Желаев НӨК»АҚ)  сатып алынып, жергілікті кәсіпкерлер  аудан тұрғындарына өткізеді. Аталған кәсіпорындарда жоғары сұрыпты ұнның 1 кг 113-115 теңгеден, ал 1 сұрыпты ұнның 1 кг  100-105 теңгеден сатылуда,-дейді ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы А.Бисембаев.

Бүгінгі күнге ауданда жоғары сұрыпты 50 килолық ұнның қапшығы  6 200-6500 («Соковых», «Мусин» ЖК)  теңгеден, ал 1 сұрыпты 50 кг ұнның қапшығы  5800 -600  теңгеден сатылуда.

Ауданымызда 4 наубайхана  халыққа нан сатады. Бүгінгі күнге 2 сұрыпты ұннан өндірілген нан 80 теңгеден,  1 сұрыпты ұннан өндірілген нан 90 теңгеден, ал жоғары сұрыпты ұннан өндірілген нан 100-110 теңгеден сатылуда. Бұған қоса аудан дүкендерінің сөрелерінде Ақсай және Орал қаласынан жеткізіліп отырған нан өнімдері де ұсынылуда.  Ал, ауыл тұрғындары ұнды қапшығымен сатып алып, нанды  өздері  пісіреді.  Ауылдық округ әкімдерінің айтуынша, нанның бағасы 90-120 теңге көлемінде қалыптасып отыр.

1400 жуық халқы бар Ақшат ауылдық округінің әкімі М.Сатыбалдиев: «Ақшат ауылында 2 наубайхана бар,  бір наубайханада тәулігіне 100-ге жуық нан пісіріліп, тұрғындарға сатылады. Ұнның бағасы қымбаттауына орай 90 теңгенің наны бүгін 100 теңгеге жетіп отыр. Кей дүкендеріміз қаланың нанын әкеліп сатқандықтан әрине, үстіне 5-10 теңге қосады»,- дейді.

Ауданымыздағы ірі наубайхананың бірі «Аружан» кондитерлік цехынде 1 сұрыпты нан 90 теңгеден сатылуда. Цех басшысы С.Намиеваның айтуынша осы жұмаға дейін 1 сұрыпты бөлке нанды біз 80 теңгеден сатып келген. Дегенмен,  «Белес-Агро» ЖШС сатылатын ұнның қымбаттауы оларға да өз әсерін тигізіп,  1 сұрыпты нан 90,  2 сұрыпты нан 80 теңгеге көтеріліп отырғанын айтады.

Аудан бойынша  халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін  әлеуметтік маңызы бар тауарларының 19 түріне  жүргізілген мониторингтен жалпы ұн өнімінен өндірілетін өнімдердің бағасы 10-15 пайыз көлемінде өскені байқалады.

Дегенмен, осындай қымбатшылық пен бәсекелестік заманында әр аптаның жұма күні «Бәйтерек» дүкенінде 40 бөлке тұрғындарға тегін үлестіріледі екен. Оның 30 данасын дүкеннің басшысы Ақмарал Камзаева қойса, қалған 10 нанның ақысын бір мұғалім төлеп кетеді екен.

Әр дастарханның басты байлығы болып болып табылатын нан бағасын тұрақтандыру мақсатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы азық түлікті тұрақтандыру қорынан 200 тонна ұнды 90 теңгеден сату үшін босатып отыр.

Аман Ізмұхан

Шыңғырлау ауданы