21.02.2019, 12:26
Қараулар: 3
Көнеден қалған көк киіз

Көнеден қалған көк киіз

Атадан балаға мирас болып қалған киіз басу өнерін балаларға үйретудің қарапайым жолдарын қарастыру, күнделікті тұрмысқа қажетті жүннен бұйымдар жасаудың қолайлы жолдарын меңгерту мақсатында Қуағаш орта мектебінде  «Көнеден қалған көк киіз» атты киіз басудан  шеберлік сыныбы өткізілді.

Шеберлік сыныбында ең алдымен киіз басу өнері туралы жалпы түсінік беріліп, кейін 5 сынып қыз балаларының қатысуымен  практикалық жұмыс жүргізілді. Киіз басу — сабау, шабақтау, булау, білектеу, қарпу секілді кезеңдері арқылы жүзеге асты.  Іс жүзінде киіз басу өнеріне қаныққан оқушылар ұлттық өнердің өзге де түрлерін меңгеруге деген қызығушылықтарын білдірді. Шеберлік сыныпты балалармен мектептен тыс жұмыс орталығының қосымша білім беру педагогы, «Киіз басу» үйірмесінің жетекшісі Нұржамал Құлмағамбетова жүргізді. Бүгінде оның оқушылары  аудандық байқаудың, қала берді республикалық «Зерде» байқауының жеңімпаздары.

Нұржамал апамыз киіз басуды Ақжан әжесінен үйреніп, бүгінде оның қолынан шыққан киіздері аудандық музейдің төрінде тұрғанын мақтанышпен айтады.

Гүлбадам Кабулова,

тәуелсіз сарапшылар кеңесінің мүшесі