21.02.2019, 12:23
Қараулар: 447
Жақсы эстафета жалғасын тапса

Жақсы эстафета жалғасын тапса

Көшеде келе жатқан маған екі қыз бала жүгіріп келіп сәлемдесті де қолдан жасалған гүл мен ашық хатты тапсырып тұрып: «Күніңіз сәтті болсын» деген тілектерін білдірді. Кәдімгідей қуанып қалдым. Жас қыздарды танымадым, бірақ таныс та бейтаныс жандардың бәріне осындай жылы тілек арнап, шын жүректен шыққан сыйлықтарын тапсырып жүрген періште тілекті бүлдіршіндер Л. Қылышев атындағы орта мектептің 8 б сыныбының оқушылары екенін сұрастырып білдім. Сынып жетекшілері бастап, ата-аналары қолдап адамға көтеріңкі көңіл күй сыйлауды мақсат еткен ізгі бастамалары мақтауға тұрарлық екен.

Аға ұрпақты сыйлап, үлкенге ізет білдіре білетін, таным-түсінігі мол ұрпақ барда Қазақ елі Мәңгі ел болатынына сенімім мол. Алдағы уақытта да адамға жақсы тілек сыйлап, кеуделеріне нұрлы шуақ толтыру эстафетасы жалғасын тапсын.  Ақ ниет пен ақ көңілден шыққан періште тілектер қабыл болып, әр баланың ата-анасы жанында, ал балаларымыз  әке-шешенің ыстық ықыласына бөленіп аман өссе екен!

 Ұлжан Исболаева,

дәрігер