21.02.2019, 12:14
Қараулар: 3
Сұлулық  құрбандықты талап етсе де

Сұлулық  құрбандықты талап етсе де

Әрбір қыз-келіншек,  жылдар өте келе егде тартып, табиғаттың еркіне бағынары анық. Десек те, өздерін күтіп, бетінің әрін тайдырмай, орнымен үйлесімді етіп сүрме жағып, кірпіктерін көтеріп жүруді әдетке айналдырған әйел затына сүйсінбей қарамау да мүмкін емес. Бүгінгі күні нәзік жандылардың  заман көшіне ілескені соншалық, шетелдерге еліктеушілік үрдіс алып келеді. Қабақты тілдіру, қасқа татуаж жасау, омырауды үлкейту немесе кішірейту, мұрынын түзету, тіпті қабырғасын алдырып қыпша белді ару атанғысы келетіндер туралы да оқып, біліп жатырмыз. Наноластика, ринопластика, жалпы әсемдік әлеміне шақыратын түрлі оталар туралы жарнамалардан көз сүрінеді. Осындай оталарды жасату барысында ТМД елдері ғана емес Қазақстанда да қайғылы оқиғалардың орын алуына қарамастан, тәуекелге бел буған арулардың саны азаяр емес. Баспасөз беттерінде бетіндегі әжімдерін тарттырып, кеудесін үлкейтем, артық майдан арылам деп косметолог хирургтарға жүгініп, ота үстелінде көз жұмғандар туралы оқығанда: «Алла-ау, өздерін осындай құрбандыққа шалатындай не көрінді екен, артындағы шиеттей бала-шағасына ол онсыз да әлемдегі ең әдемі ана, жар емес пе еді?»- деген күйінішті ой келеді.

Бұл күрделі сұраққа мамандар да, тіпті осы ойдың жетегінде жүргендер де дәл жауап бере алмас. Ал, бүгінгі таңда қыз-келіншектер үшін алдыңғы қатарда тұрған маникюр мен педикюрдің айналасында не әңгіме бар екен? Бұл тақырып төңірегінде де «ойпырмай!» дегізетін оқиғалар болмай қалып жатқан жоқ. Жақында ғана ақпарат құралдары әлдебір нәзік жандының сапасыз маникюр жасатам деп бәлеге ұрынып, ақыры саусағын кестіруге мәжбүр болғанын жаппай жазды. Жалпы, Қазақстанда бүгінгі таңда маникюр жасатуға әйел адамдардың 85% түбегейлі бет бұрған болса, ер адамдар да осыған қызығушылық танытып, 15 пайызы маникюр жасатуды әдетке айналдырып отыр екен! Демек, ер адамдар да көптің ортасында өздерінің күтімге алынған саусақтарымен, тырнақтарымен таң қалдыруға тырысып қана қоймай, жеке бас гигиенасын қалай ұстануды үлгі еткісі келетін сыңайлы.

Заманның озығынан біздің ауданымыз да шет қалып отырған жоқ. Аудан орталығында тырнақ әрлеумен жұмыстанатын бірнеше қызмет көрсету көздері бар. Осы жерде еңбектеніп отырған қыздарға  тырнақтарын сәндетуге жүгініп отырғандар көп екен. Айталық, Ирина Бикетеева, Татьяна Төребекова, Азалия Смелова сынды маникюр мамандарына күн ілгері жазылып қоймасаң, кезекті бірнеше апта күтуің мүмкін. Бұл жердегі жұмыс істейтін үстелдің үсті мұнтаздай таза, барлық қажетті құралдары бір реттік, ультракүлгінді залалдандыру құралдары мен арнайы өңдеу сұйықтықтары, дәкелері мен қолғаптары да жетерліктей дәрежеде жинақталған. Айталық, И. Бикетеева әр қызмет көрсетушіге пайдаланатын құралдарды тек жаңадан бастап отыратынын, бір пайдаланған затты екінші рет қолданбайтынын, бұл тек тазалық қана емес әр келушінің денсаулығына нұқсан келтірмеудің қажеттілігінен жасалатын дүние дейді. Иә, өте орынды. Осы маман  бір кездері маникюрмен айналысқан әріптесінің  санитарлық ережені сақтамай, келуші қыз-келіншектерге саңырауқұлақ зеңі (грибок)  ауруын жұқтырғандығын,  тырнақтарында аурудың белгісі бар жандармен жұмыс істемейтіндігін ашып айтты. Дұрыс, бұл ауруды бір адамнан екінші адамға жұқтырмаудың негізгі амалы, әрі өзінің жұмыс істеу дәрежесіне нұқсан келтірмеудің басты жолы. Тырнақ құрылысының бұзылып, оның сынып, түсінің өзгеруі бұл аурудың алғашқы сатысының басталғанының анық дәлелі. Ал, ауру дендеген шақта осы ауру қолмен жасалған тамақтар арқылы ішкі ағзаларға да зең ауруы өзінің салдарын аямай тигізетінін денсаулық сақтау саласының мамандары айтудан шаршаған емес.

Аудан орталығында мұнымен қатар үйлерінде отырып,  жарнама жасап тырнақ жасатуға шақырып, жұмыс істеп отырғандар да жеткілікті. Олардың қаншалықты тиісінше сертификаты бар-жоғын білу мақсатымен бірнешеуіне көрсетілген анықтама телефондары арқылы хабарластық. «Анаргүл» деп таныстырған тұрғын өзінің сертификаты бар екенін,  кішкентай сәбиі болғандықтан үйден қызмет көрсететіндігін айтса, екінші жарнама иесі сұрағымызды естісімен телефон тұтқасын қоя салды. Үшіншісі «сізге оның не қажеті бар, мен ЖК емеспін, еш жерге тіркелгенім жоқ, сол үшін де жауап беруге тиіс емеспін», — өзіме дүрсе қоя берді. Төртіншісі қойылған сұрағымызға шамданып, Интернет желісінен кез келгеy мағлұмат алуға болатынымызды айтып «ұйқымнан» оятпақшы болды. Әңгіме барысында бүгінгі таңда бұл бағытта да бәсекелестіктің жоғары екендігін аңғардық.

Жалпы, осы мәселе төңірегінде аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекші маманы Бақтыгүл Сатыбалдиева былай дейді:

—  Ауданда қызмет көрсетудің бұл түрі біздердің қадағалау құқығына жатпайтын нысандар тобына енеді. Олардың пайдаланатын құралдары тиісінше өңделіп, залалсыздандырылудан өтуі тиіс, әрі олар таза дәкенің үстінде беті жабылып тұрғаны жөн, негізі олар арнайы сөрелерде тұрулары қажет. Тұрғындардың денсаулығына нұқсан келтірмеу, талап дәрежесіне сай қызмет көрсету, арнайы сертификатының болуы туралы осы сала төңірегінде жүргендердің басын қосып, әңгіме өткізу жоспарда бар. Бұл күн тәртібіне дұрыс қойылып отырған тақырып, өйткені осы тазалықтың сақталмауы салдарынан жұқпалы аурулардың таралуы әбден мүмкін.

Иә, қандай да бір кәсіпті меңгерген соң оның адам денсаулығына зиян  келтірмеудің жолдарын да ұмытпаған жөн. Кім-кімде әдемі, сұлу, көз тартарлық келбетті болғысы келеді, ал сол жолда өздерінің басты байлығы – денсаулығын әдемілік әлемінде қызмет ететіндерге сеніп тапсырады. Сұлулық құрбандықты талап етеді десек те, өлшеулі өмірден қымбат ештеңе жоқ екенін ұмытпайық.

Гүлшат Ибрагимқызы