21.02.2019, 11:57
Қараулар: 153
Әуе толқынында –Қазақ радиосы!

Әуе толқынында –Қазақ радиосы!

Бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде радионың алатын орны ерекше. Бала кезімізде  үйде саңқылдап сөйлеп тұратын радионың үні бір сембейтін. Таңертеңгі шайға отырған ата-аналар жер-жерде болып жатқан жаңалықтардан құлағдар болып, әсем әуен тыңдап жұмыстарына асығатынды. Сол әр үйде тұратын кішкентай ғана ақ қорапшаның ішіндегі адамдар қалай шаршамайды екен деп бала көңілмен біздер таң қалушы едік.

Аудан орталығындағы радиохабары желісі өткен ғасырдың 90 жылдарындағы тоқырау кезінде өз жұмысын тоқтатып еді. Кейін жұртшылық шағын радиқабылдағыш құралдарынан, бертін келе ұялы байланыс телефондарынан жаңалықтарға құлақ түріп жататын. Оның үстіне теледидардағы қаптаған түрлі арналар тағы бар, бірақ, соның бәрі балалықтың бір көрінісі болып, көз алдымызда мәңгіге сақталған кішкентай ғана ақ қорапқа жетпейтіндей еді…

Жуырда орталық саябақтан саңқылдаған радио үнін естіп таң тамаша болдық. Сөйтсек, арнайы бағанаға 98 жылдық тарихы бар «Қазақ радиосын» тарататын радио құрылғы орнатылып, салтанатпен саңқылдаған диктор үні соңғы жаңалықтармен таныстырып, әр саладан хабарламалар таратып, әсем ән мен күмбірлеген күйге кезек беріп жатыр екен. Қандай тамаша! Шыны керек, көшелерге жан біткендей әсер алдым. Күні-түні тіршіліктің қамымен бас көтеріп, жан жағымызға қарауға мұрша жоқ, таныстарымызды көрсек сәлемдесуден әрі асуға уақыт тапшы, сүрініп жүрген шағымызда уақыт бейне бір сәл аялыс тапқандай болды. Айналамызға бажайлап қарап, радио үніне құлақ тосып, әуезді әнді құшырлана  тыңдап бір рахат көңіл күйге бөлендік.

— Тәулік бойы тыңдаушыларына ел жаңалықтарын, түрлі танымдық хабар, бағдарламаларын ұсынатын, тәлімдік маңызы терең «Қазақ радиосы» әр шаңырақта болуы тиіс деп ойлаймын. «Мәңгілік Ел» идеясын насихаттап, қазақтың өнері мен тілін дәріптеуде шексіз үлесін қосып, баршамыздың серігімізге айналсын деген ниет жетегінде атқарылып жатқан жұмыстың бірі,- дейді осы жақсы бастаманы жүзеге асырған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Өмірбек Бекениязов.

Аудан тұрғындары, біздердің «Бәрекелді!»-ден басқа айтарымыз жоқ.

Гүлшат Ботанова

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар