15.02.2019, 16:22
Қараулар: 112
Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл

Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл

Кеңес дәуірі тарихының ең қаралы кезеңдерінің бірі — Ауған соғысы. Отан алдындағы борышым деп осы қасіреті мен зардабы мол соғысқа Шыңғырлау ауданынан да 46 жас жеткіншек аттанады. Өкінішке орай, бір жерлесіміз жат елінде ерлікпен жан тапсырса, қалған қандастарымыз оқ пен оттың ортасынан жаны да тәні де жаралы елге қайтады.

Міне, биыл осы қанды майданға, Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толып отыр. Осыған орай, Шыңғырлау ауданында аталмыш соғысқа қатысып, қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған митинг өтті. Шарада қанды қырғында мерт болған сарбаздарды бір минуттық үнсіздікпен еске алып, ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды.

Ардагерлерге арналған құрмет аудандық мәдениет үйінде «Ерлігің ұрпаққа үлгі» атты салтанатты жиынмен жалғасты. Жиында аудан әкімінің орынбасары Е.Тұрмағамбетов ер жүрек ағаларымыздың ерліктерін жастар үшін үлгі екендігіне тоқталып, соғыс аяқталғанымен, оның тарихы мәңгілік, сондықтан, ерлердің қанымен, ананың көз жасымен жазылған бұл майданды біздің ұмытуға хақымыз жоқ деп атап өтті. Сонымен қатар, жерлес ауған соғысы ардегерлерін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылуына 30 жыл» төс белгісімен марапаттады.

Беу, адамзат, атсын мәңгі таң тыныш,

Соғыс жайлы сан жүректе жатыр жыр.

Ауғанстан. Айқас, ажал, қанды ұрыс,

Өтіп кетті. Өткеніне 30 жыл! – деп жерлес Қ.Елемесовтың өлеңімен басталған театрландырылған көрініс концерттік бағдарламаға ұласты. Көптеген адамның өмірін өзгертіп, қаншама қайғы қасірет әкелген соғыстың зардаптары жайлы бейнефильм көрсетіліп, бүлдіршіндер өлең шумақтарын оқыды. Мың бұралған бишілер мен әншілеріміз өнер көрсетіп, әсем көңіл-күй сыйлады.

Аман Ізмұхан