13.02.2019, 18:12
Қараулар: 409
Спортты серік еткен жан.

Спортты серік еткен жан.

 

Салауатты өмір салты қоғам өмірінің көркем жағы ғана емес, адамның келісті келбеті, мықты денсаулығы, сын бермес сергектігі де. Елбасымыздың сапалы ұлт қалыптастыру туралы көбірек айтылып жүрген ойлары түптеп келгенде осы бір мақсатқа, яғни, өскелең ұрпақтың дені сау, қимыл-қозғалысқа қабілетті, дене еңбегіне де, ой еңбегіне де икемді болуына құрылған. Бүгінгі орта озық технология, цифрлы қоғам заманы. Бұл өз кезегінде адамдарды артық дене еңбегінен шектеп, қимыл-қозғалысты азайта түсті. Отырып жұмыс жасау, көп уақыт қозғалыссыз отыру адам денсаулығын жақсарта қоймасы анық. Сондықтан бұқараны спортпен айналысуға тарту, жер жерлерде спорт кешендерін салу, тұрғындардың спорт алаңдарына, жаттығу тренажерларына қолжетімділігін қамтамасыз ету шаралары жаппай жүріп жатыр. Бұл құптарлық жағдай. Енді бір мәселе, қоғамға осы спортты ұлықтап жүрген жандарды үлгі ету, өнеге етіп ұстау мәселесі.

Өмірлік ұстанымын «өз денсаулығына мән беретін әрбір адам спортпен айналысуы керек. Өйткені, спортты серік еткен жанның дені сау, көңіл-күйі көтеріңкі болады және денсаулығы жақсарады» деп бағамдайтын жанның бірі- аудан тұрғыны, спорт саласының жанашыры, спорт ардагері Сағат Ахсанұлы Шагиров.

-Спорт- алдымен сергектік, денсаулық, содан кейін төзімділік, әрқашан бойыңда күш-қуаттың толық болуы. Бұл бүгінгі ұрпаққа ұмытылыс тудыруы керек, әрбір жасөспірім жазда жаттығып, қыста шынығуға мән беруі тиіс және ол әбден әдетке айналуы,- керек дейді кәнігі спортшы. Қазір спортқа ден қоямын деген жанға футбол, баскетбол, волейбол, теннис, хоккей, шаңғы тебу, суда жүзу, т.б. спорт түрлері көп, онымен айналысуға жағдай да бар. Тек ықылас қажет.

Шынында да, спортқа ықыласы жас кезінен-ақ басталған кейіпкеріміз таза ауада жаттығу жасап сергуді өмірлік ғадетіне айналдырған, үнемі бойын сергек, санасын ояу ұстайтын азаматтың бірі бүгінде. Жас кезінен бойға сіңген мұндай әдемі әдет жасы есейген уақытта да жаңылыссыз жалғасып келеді.  Ол мектеп кезінен- ақ жүгіру, секіру, доп ойнауға қатты әуестеніпті. Мектептен соң жүрек қалауымен 1983 жылы Қарағанды қаласындағы  техникумға оқуға түсіп, оны дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығы бойынша тәмәмдаған. Техникум қабырғасында жүріп Сағат Ақсанұлы 1987 жылы Талдықорған қаласында Қазақстан Республикасының чемпионатына спорттың бокс түрінен жарысқа қатысып, ІІІ орынды иеленген екен. Содан бері аудандық, облыстық шаралардың бел ортасында жүріп, салауатты өмір салтын ұстанып келеді.

Сағат Шагиров спорт саласындағы белсенділігі, қол жеткізген табыстары үшін 2007 жылы туризм және дене шынықтыру спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Қазіргі таңда да спорт ардагері түрлі шаралардың бел ортасында жүреді. Өткен жылы ұйымдастырылған 5 шақырымдық көпшілік жүгіру марафонына қатысып, «Ең жасы үлкен» аталымына ие болды. Бұған қоса ол ауданның құрама командасының мүшесі ретінде облыстық шараларға да жиі қатысып жүр. Әрқашанда белсенді, спорт туралы тақырып қозғала қалса әңгіме тиегін ағытуға әзір спортшы аудандық мәслихат аппаратының басшысы қызметін де мінсіз атқарып келеді.

Аудан спортына жанашыр және оған өзі тіклей атсалысып, әлі күнге аудандық, облыстық жарыс алаңдарында сапта тұратын ағамызға алдағы уақытта да деніне саулық тілеп, өскелең ұрпаққа өнегелі өмірдің өрнекті тағлымын таратып жүре беруіне тілек білдіреміз.