13.02.2019, 18:08
Қараулар: 6
Бүгінгі ұл

Бүгінгі ұл

Алдымда келе жатқан ұзынтұра «ұзынынан» түсті. Сүрініп кетті білем, ұзын-ұзын аяқ-қолы икемге келмей, қапелімде орнынан тұрып кете алмады. Өз денесін өзі игере алмай жатқан бозбала жігітке аянышпен қарадым. Қаланың «чипси» жеп өскен шикі баласы. Қарғып кетер жасында қариялар секілді кирелеңдеп жатқанына ызам келді. Ауылдың баласы болса… Айтпақшы, мұндай «ашарық» жастар бүгінде ауылда да бар. Телефонға телміріп, интернеттен «нәр» алған бүгінгі кейбір жастың сиқы осындай.

Көз алдыма ауылым келді. Шіркін ауыл, ақжолтай пейіліңмен, адами мейіріңмен, әсем табиғатыңмен ерекшесің-ау… Сенде өскен ұрпақ қандай болушы еді, жазында балық аулаған, өзеніңде шоршып, тауыңда тас тепкен, қысында тау-қырдан шана-шаңғы теуіп, өзеннен кеспекпен су тасыған(ол кезде қазіргідей үйге кіріп тұрған су жоқ қой), кескен таяқты қару етіп, тастан-тасқа секіріп «қылыштасып» өскен балалар қандай еді. Шетінен шымыр, қарулы еді. 4 сыныпта-ақ пішенге шығып, шөп бригадасында жұмыста жүретін. Ондағы қызықтардың өзі бөлек. Иә, ауыл баласы шаруамен өскен, жұмысқа піскен, мықты боп өседі. Денсаулықтары да анша-мұншаға алдырмайтын берік. Табиғат анамен қоян-қолтық өскен, табаны топырақтан нәр алған, денесі даланың самалымен тыныстаған бала ауырушы ма еді.

Әлі күнге есімде маусымның айы әдетте қой қырқымының уақыты. Үлкен кеңшардың кішкене «точкасы»- біздің ферманың өзінде 12 отар қой бар еді. Ол кезде бір ферманың өзінен қыруар мал шыға беретін. Сол  «қырықтық» науқаны бір айдың шамасына созылады, күн жауынды болса одан да ұзайды. Үлкен «баздың» іші үлкен және екі кіші бөлікке бөлініп, үлкеніне отар, кішілеріне қырқылатын қойлар қамалатын. Әр бөліктің алдында 6 қырықтықшыдан тұратын «полкілер» болушы еді. Біздер баламыз, сол 4-5 оқитын шамада, жаңағы полкілерге аяқтары маталған қойды алып береміз, қырықтықшылар іске кіріседі. Қырықтықшылар түгел әйелдер, апаларымыз, жеңгелеріміз, аналарымыз. Ол кезде ер адамдар ауылда сирек болатын, бәрі жұмыста, не егіннің басында, не шөпте. Қырықтықшылар әбден қолдары жаттыққан, әр қойды демге келтірмей «жалаңаштап» тастайтын. 6 адамға қойды ұстап, байлап, алып бергенше, бірінші адам «әкел» деп айқай салып жататын. Қаптаған қырықтық машинакалардың  шуы, адамдардың айқайлап сөйлескен дауысы, малдың маңырағаны бар-қырықтық пунктінің іші ызы-қиқу боп жататын. Қырықтықшыларды кідіртпеу басты міндет, жанұшырып жүріп соның бәріне үлгеретінбіз. Тұла бойды жуған тер, тобықтан кешкен мал қиы, қиылған жүннен ұшқан шаң-тозаң, шайыр- қысқасы «полная антисанитария». Жүзіміз айғыз-айғыз, апаларымыздың да кескіні сол, алдындағы малмен «алысып» тұрған олардың өздеріне қарауға мұршасы жоқ, сорғалаған терлерін кейде әлдебір орамалдармен, кейде қолымен сыпырып тастап, жанталаса қырқып жатады, иә, ол үкімет жұмысқа «ынталандыруды» білетін, үздіктерге, ең көп қырыққандарға «премияльный» да, қырықтықшыларға арнайы сойылатын ірі қараның етінен де көп үлес тиетін.

Айтайын дегенім, сол жанталастың арасында жарты сағаттық «үзілістер» болып тұрады. Бұл да қажеттіліктен туындайтын сәт, өйткені, жаңағы шаң-тозаңы бұрқыраған пункттің ішінде, ызы-қиқу шудың ортасында, қабырғаның қасында қаздай тізіліп «коляскілер» тұратын, әрине, бос емес, әр коляскіде дәл мағынасында «шыбын-шыбын болып», бір-бір «батыр» ұйықтап жататын. Солардың тамақ ішетін уақыты біз үшін «прәзднік», аналарымызға сәл тыныс. Бұзауын көрген ана сиырдай әрқайсы өз кішкентайына еміреніп, көтеріп, сыртқа, көлеңкеге шығатын. Алдарына алып жіберіп, ұйқылы-ояу сәбилерінің ауызына айғыз-айғыз, кір-кір «мамаларды»  салып жіберетін, салып жіберетін де ауылдағы соңғы жаңалықтарға кірісетін. Кішкентайлар да сырты кір, іші нәр «мамаларға» шөліркей бас қоятын. Таңғалатыным, сол кездің балалары жыламаушы еді, күн ұзаққа ұйықтайтын, анда –санда оянғанда, сол арадағы жөндеуші, қайрақшы ағалардың өзі-ақ жұбата салатын, тербете қоятын, соларды жатырқамайтын да сол сәбилер. Ал енді, сол «антисанитарияның» ортасында жатса да, солар бір ауырмайтын. Тұмсықтары қаспақ-қаспақ болып, шіреніп ұйықтап жататын. Бүгінде сол балалар жігіт болған, барлығы да еңгезердей, нар тұлғалы азаматтар болды. Қазіргі дәрігерлердің айта беретін микробы, вирусы сол кезде де болған шығар, бірақ соны біздер көрмей-білмей-ақ өстік. Отардағы 700-850 бас қойды сол жасымызда  игеретінбіз, шаршайтынбыз, бірақ тұраламайтын едік, шымыр болатынбыз.

Қазіргі кейбір балаларға қарап, болашағымызды уайымдап қалатын кездерім болады. Қол- аяғы шидей, бойы соқиған «памперс» заманының балдары шошытады. Көп өбектеліп, «шөп басын сындырмай» өскен әрбір үйдің «әздегі» қарап жүріп ата-анаға уайым. Әскерге де жарамай жүргенін көріп жатырмыз. Сонда, бұл қалай болғаны?  Бүгінгі балаға да, ата-анаға да, тәрбиеге де таңмын..!

     Қаршыға Асуұлы