13.02.2019, 17:33
Қараулар: 372
Бас редакторлардың көшпелі отырысы

Бас редакторлардың көшпелі отырысы

Өткен аптада Теректі ауданында «Жайық пресс» медиахолдингі жанынан құрылған «Бас редакторлар клубының» ІІ көшпелі мәжілісі өтті. Мәжіліске «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Р.Сәбитұлы бастаған облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінің және 12 ауданның бас редакторлары жиналды. Сонымен қатар, алқа отырысына арнайы шақырылған елімізде танымал публицист, тележурналист, «Қазақстан» ҰТА Бас редакторы, ТМД Журналистер Конфедерациясы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Президенті грантының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай мен Атырау облысының Индер ауданының «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурлин қатысты.

Алқа отырысында «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директорының бірінші орынбасары Н.Мықтыбайдың, аудандармен жұмыс бөлімінің жетекшісі Т.Кенжеғалиевтің есептік баяндамалары тыңдалып, соңғы үш айда атқарылған жұмыстар сараланып, баспасөз жұмысы барысында жеткен жетістіктермен қатар, жіберілген олқылықтар мен кемшіліктер сөз болды. Көршілес облыстан келген әріптес те өз тәжірибесімен бөлісіп, пікір алмасу жиыны түстен кейін шеберлік сағатымен ұласты.

Шеберлік сағатында білікті журналист Қайнар Олжай барынша көп оқып, ізденіс үстінде болу керек дей келе, журналист – көп салалы мамандық болғандықтан,  әр дүниенің түп-тамырынан зерделеуге шақырды. Танымал публицист журналистердің сауаттылығы, білім деңгейі және теориялық білімді практикаға ұштастыра білу бағытындағы тәжірибесін ортаға салды. Редакторларға, тілшілерге өз ісінің шебері болудың қыр-сырымен, мақала жазудың формулаларын, оны түрлерін көрсетті. Сонымен қатар, журналистика саласындағы тіл мамандарының жіберетін өрескел қателерін талдау жұмыстары жүргізілді.

Күні бойына созылған бас редакторлар клубының ІІ көшпелі мәжілісінің ресми кезеңдері өз мәресіне жетіп, Теректі ауданының және Ғ.Құрманғалиев атындағы филармония өнерпаздары көрсеткен концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Осындай әдемі кеш барысында өзіміздің  аудандық «Серпін» газетінің тілшісі Е.Киваның «Чингирлауский путешественник» атты мақаласы  «Орыс тіліндегі үздік танымдық мақала – 2018» аталымымен марапатталды.

Аман Ізмұхан

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар