11.02.2019, 12:12
Қараулар: 125
Өңірдегі өнегелі істер жалғасын табады

Өңірдегі өнегелі істер жалғасын табады

Бейсенбі күні Шыңғырлау ауданының әкімі А.Есалиевтің тұрғындар алдындағы есептік кездесуі өтті. Бұл шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов және оның орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары, аудандық мекеме-бөлім басшылары, соғыс және еңбек ардагерлері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, аудан тұрғындары мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

Есептік кездесу 2018 жылы атқарылған іс-шараларды қамтыған бейнероликтің көрсетілімімен басталып, аудан әкімі А.Есалиевтың баяндамасымен жалғасты. Альберт Темірболатұлы өткен жылда тындырылған жұмыстарға тоқталып, алға қойылған міндеттермен бөлісті.

Өткен 2018 жыл шыңғырлаулықтар үшін нәтижелі жыл болды. Әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтіп, жаңа ғимараттар бой көтерді. Жаңа алаңдар салынып, ауылдарға ауыз су тартылды, жолдар күрделі жөндеуден өтті.  Аудан бюджеті 2018 жылы 4 млрд. 207 млн. теңгені құрап, өткен кезеңмен салыстырғанда 10 пайызға артты. Сонымен қатар, өз кірістер есебінен былтыр аудандық қазынаға 386 млн. 600 мың теңге түсіп, жоспар 107 пайызға орындалған.

Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2019 жылдың 1 қаңтарына 843 млн. теңгеге жетуінің нәтижесінде өткен жылдың сәйкесті кезеңіне 100 пайыз құрап отыр. Негізгі капиталға инвестициялар көлемі 2 млрд. 626 млн. теңгеге жетіп, 67 процентке өскен. Соның ішінде, бюджеттік қаражат 1 млрд. 942 млн. теңге болса, меншікті қаражат есебінен салынған инвестиция – 685 млн. теңгені құрады.

Ауданда тіркелген шағын және орта бизнестер субъектісі — 694, бүгінде оның 608 бірлігі жұмыс істейді, олардың 336-ы ауылшаруашылығы саласында. Өткен жылы ауылшаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 8 млрд 26 млн теңге болды.

Мал шаруашылығында да өсім байқалады, ірі қара мал басы 12% (30072), құс – 2%-ға (30665), жылқы – 6%-ға (5800), қой–ешкі – 1%-ға (33148) және түйе — 2%-ға (20) өссе, ет өндірісі — 5,0%-ға, сүт — 2,0%-ға, және жұмыртқа 2,0%-ға ұлғайған.

«Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы ауданның екі шаруа қожалығы («Мақсат», «Арман») 57 млн теңге несие алып, шетелден ангус тұқымды 107 бас аналық малын және 5 бас бұқасын сатып алса, екі шаруа қожалық («Жайдар», «Саға») өз қаражаттары есебіне 89 бас ангус тұқымды ірі қара малын сатып алды.

Сонымен бірге, үш шаруа қожалық («Жайдар», «Бірлік») «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен жалға алу әдісімен 424 бас малды 7 жылға жалға алды.

Жалпы, 2018 жылы аудан бойынша 30 шаруа қожалығы ашылып, оларға жалпы көлемі 18 мың гектар жер берілді және 24 шаруа қожалығы қосымша 17 мың гектар жер учаскелерін алды. Соның ішінде мал шаруашылығымен айналысатын 3 инвестор 7 мың гектар жермен қамтамасыз етілді.

Ауданда 13 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істейді. Соның ішінде «Шыңғырлау-Агро» ауылшаруашылық кооперативі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы жалпы соммасы 23 млн. теңге несие алып, модульді мал сою пунктін іске қосты. Болашақта осы мал сою пунктерінің базасында бордақылау алаңдары құрылмақ.

  • Бүгінгі күнге аудан тұрғындарының 82 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. 2018 жылы Ақшат және Амангелді ауылдары сапалы ауыз суға қосылды. Қазіргі кезде, Жанакүш, Ащысай ауылдарында таза су құбырын тарту және Ашықтоғай ұңғымасынан Шыңғырлау ауылына қосымша су тарту жұмыстары жалғасуда. Осылайша 2019 жылы ауыз сумен қамту көрсеткіші 86 процентті құрайтын болады. Ал, өткен жылы Ақсуат елді-мекенінің әлеуметтік нысандарының газдандырылуының нәтижесінде аудан көгілдір отынмен толықтай қамтылды. Жол мәселесіне келсек, аудан бойынша облыстық маңызы бар жолдардың ұзындығы 143 шақырымды құрайды. Соның ішінде, 104 шақырымды құрайтын Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай өңірлік автожолының ішінара жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2018 жылы аталған жолдың 8 шақырымы күрделі жөндеуден өтті. Биылғы жылы жұмыстар жалғастырылуда. Осы жолдың әуелгі 12 шақырымын құрайтын Шыңғырлау-Ұрысай жолына күрделі жөндеу жүргізу үшін конкурстық жұмыстар басталды. Бұл жолға асфальт жамылғысы төселетін болады, — деді есептік баяндама барысында аудан әкімі Альберт Темірболатұлы.

Өткен жылдың еншісінде қалған ауқымды жұмыстардың бірі әлеуметтік нысандардың күрделі жөндеуден өтуі және жаңадан салынуы. Атап айтқанда,  денсаулық саласында 4 нысан, яғни Қарағаш, Шоқтыбай, Ақтау, Амангелді ауылдарының фельдшерлік-акушерлік пункттері күрделі жөндеуден өтсе, үстіміздегі жылы жаңадан бой көтерген Ақшат ауылының медициналық  амбулаториясы халық игіліне пайдалануға берілді. Шыңғырлау жалпы орта білім беретін мектебіне де облыстық бюджеттен қарастырылған 244 млн теңгеге күрделі жөндеуден өтіп қолданысқа берілді. Жөндеумен бірге мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, жаңа спорт алаңы салынғанын ерекше атап өтуге болады.

Және де ауданымыздың кіре-берісіндегі алаң абаттандырылды. Алаңға биіктігі 15 метр болатын  «Жеті керемет» монументі, бейне бақылау камералары, жарықшамдармен қоса, соңғы үлгідегі ЛЭД экран орнатылып, 3 авто тұрақ, арнайы автокөлік жолдары жасалған.

Аудан басшысы аудандағы құрылыс, цифрландыру, жастар, кадр мәселелері,  әлеуметтік және басқа салалардағы игі шараларды саралаумен қатар, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.

Атап айтқанда, аудандық тарихи-өлкетану музейі ашылып, Шыңғырлау ауданының тарихи ескерткіштері – құлыптастары туралы кітабы және ауданның қазіргі мен байырғы тарихы туралы кітабы жарық көрді. Бұл кітапқа Шыңғырлау ауданының тарихы, тұлғалары, табиғаты, аңыз-әңгімелері жинақталды.

Ұлы тұлғалардың бірі Шыңғырлау ауданына қатысты әдеби, тарихи мәліметтерге сәйкес, көшкен жері Шыңғырлау болған Асан Қайғы бабамыздың есімін дәріптеу мақсатында «Асан қайғы аялдаған аяулы мекен — Шыңғырлау» тақырыбындағы республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға Ақтөбе, Ақтау және облысымыздың ғалымдары қатысып, орталықта жаңадан абаттандырылған алаңына, меценаттымыздың демеушілігімен орналастырылған Асан қайғы бабамыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Және де өткен жылы жерлес меценатымыздың қолдауымен жоба құны – 7 млн. теңге болатын Ақтау ауылының кіре-берісінде орналасқан көпір жөнделіп, қолданысқа берілді.

Сонымен қатар, ауылдық округтердің көнерген атауларын жаңғыртып заман талабына сәйкестендіру мақсатында, тұрғындардың ұсыныстарымен ономастикалық жұмыстар жүргізіліп барлық елді-мекендердің тарихи атаулары қайтарылды. Соның ішінде, Лубен-Ақшат, Полтава-Ардақ, Белогор-Ақтау, Тасмола-Ақбұлақ болып өзгертіліп, меценаттардың қолдауымен ауылдық округ атаулары жазылған маңдайшалар орнатылды.

Есептік жиынға келген облыс әкімі Алтай Көлгінов алдымен облыс көлемінде атқарылып жатқан іргелі өзгерістерге шолу жасап өтті. Мұнан соң Шыңғырлау жерінде атқарылып жатқан жұмыстардың көңіл толарлық екендігіне тоқтала келе,бүгінгі таңда көптеген аудандарда тұрғын үй, су мәселесі өткір болып, күн тәртібінде тұрса, бұл мәселелердің Шыңғырлау ауданында өз шешімін тауып жатқанын,  аудандағы елдімекен тұрғындарының ауыз сумен 82 пайыз, көгілдір отынмен 100 пайыз қамтылуының жақсы көрсеткіш екендігіне назар салды. Сонымен қатар облыс басшысы өз сөзінде әрдайым біздің ауданымызды өзгелерге үлгі етіп жүретіндігін айтып жұртшылықтың мерейін көтере келе, өңіріміздегі тазалық, мәдениет, тәртіп, жолдардың асфальтталуының айтарлықтай деңгейде екендігін тілге тиек етті. Шыңғырлау өңірі ауыл шаруашылығын дамытуға өте ыңғайлы, сондықтан осы саланы өрістетуге шақырып, құс өсіру бағытындағы табыстарымызды атап өтті.

Басқосуда Алтай Сейдірұлы аудан тұрғындары тарапынан түскен Ақбұлақ ауылына мәдениет үйін және аудан орталығына дене шынықтыру және сауықтыру кешенін салу  сынды ұсыныстар мен өтініштерді шешу жолдары қарастырылатынын айтты.

Алдағы тұрған міндеттерді межелеген, атқарылған шаруаларды тиянақтап, жаңаша ізденістерді жатсынбауға жетелеген жиын аудан жұртшылығының көңілін бірлеп, жұмыла еңбек етуге ынталандыра түскендей болды.

                                                    Анар Сағи

Шыңғырлау ауданы