6.02.2019, 17:42
Қараулар: 375
Халық көпір қызығын көруде

Халық көпір қызығын көруде

Ақтау ауылының тұрғындары атқа мінер азаматтармен, еліне жанашыр жандармен кездескен әрбір жиындарда Утва өзеніне көпір салуды сұраудан жалыққан емес-ті. Өйткені, қыс болса жауған қар бітеп тастайтын, көктемде еріген судан шатқаяқтап тұрған көпір қауіпті болғандықтан халық үрмелі қайықпен арғы бетке қатынауға мәжбүр болып келген еді.  Ел мұңына қанық, ауыл жаңдайын жақсы білетін іскер азамат Мирболат Тасмағамбетов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен жылдың басында жаңа көпірді халық игілігіне берген еді. «Жарас» шаруа қожалығының басшысы Мирболат Алғалиұлы 7 млн. теңге өз қаражатына жаңа көпірді тұрғызып, халықтың арманын жүзеге асырды.

Міне, бір жылдан бері осы көпірдің қызығын көріп келеміз. Енді еріген қар суы да, бұрқасын-боран да ауыл халқының тынышын алмайды. Көлігің сайлы болса болғаны, ауыл-ауданмен байланыс үзілген емес. Әсіресе, аукылға келіп-кететін оқуда жүрген студенттерге оңтайлы болды.

Ел тілегіне құлақ асып, қолынан келген жәрдемін берген Мирболат Тасмағамбетовке деген ауыл тұрғындарының алғысы шексіз. Халық жәйін ойлайтын, туған жерінің гүлденуіне тырнақтай  болса да үлесімді қайтсем қосам деген азаматтар осындай-ақ болсын дейміз.

Берік бетоннан қаланып, биіктен орын алған көпір талай жыл ауыл тұрғындарына қызмет ететініне сенеміз.

Жауымбай Үркембаев,

ауыл тұрғыны