1.02.2019, 17:08
Қараулар: 412
Жастар жылы «Өсу векторымен» басталды

Жастар жылы «Өсу векторымен» басталды

Шыңғырлау аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен «Өсу векторы» оқыту және дамыту мектебінің II маусымы аудан көлеміндегі жас педагогтардың басын қайта біріктірді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде «Елді одан әрі дамыту тек білімді, дамыған және мәдениетті жастардың қолында» деген болатын. Осы сөзді арқау ете отырып, алғашқы күні «Туған елге тағзым» жобасы аясында Шыңғырлау ауданының тумасы, ауданда ұзақ жылдар бойы еңбек еткен, өз ісінің кәсіби шебері, қазіргі таңда Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің психологі Гүлнар Кабулованың   ұйымдастыруымен «Психологиялық жайлылық аймағы» атты тренинг өткізілді.Тренинг барысында жас мамандарға мотивациялық жігерлі сөздер айтылып, білімін жетілдіруге арналған тапсырмалар да қолданылды.Үш сағатқа созылған кездесу нәтижесінде жас мамандар психологиялық жағымды серпіліске бөленді.

Шараның екінші күні Жайық жұртшылығына тағлымды тәрбие сағаттарын дәріптеп жүрген айтыскер ақын Шолпан  Қыдырниязова мен облыстық әдістемелік кабинетінің директоры Аягөз Хамзинамен кездесу ұйымдастырылды. Шолпан Батырқызы кездесу барысында жас мамандарға ұлттық тәрбие турасында әңгіме өрбітсе, Аягөз Орынбайқызы заманауи мұғалімнің өн-бойынан табылуға тиіс тұлғалық қасиеттер хақында өз ойымен бөлісті. Кездесу аудандық мұражайда мектеп оқушыларымен өткізілген «Салиқалы сұхбат сағатымен» жалғасын тапты.

«Өсу векторы» оқыту және дамыту мектебінің I маусымында «READx» пәндік жобасы бұл кезеңде де ескерусіз қалған жоқ. READx — тыңдаушыларға, оқушылар мен мұғалімдерге жаңа оқу идеяларымен бөлісуге, өздері үшін қажетті тың дүниелер естуге  және шабыттандыратын, кітап оқуды ұнататын белсенді оқырмандардың оқу алаңы. Бұл жолғы мектеп кітапханашыларының ұйымдастырылуымен өткізілген  шараға арнайы спикер ретінде ауданның ақынжанды азаматы Қаршыға Асуұлы шақырылып, Ақселеу Сейдімбековтің «Қазақ әлемі» және «Тәрбие туралы толғаныс» кітаптары таныстырылып, көпшілікке ұсынылды. Жоба талаптары бойынша  тыңдаушылар талғамы «оқимын» немесе «ойланамын» парақтарын көтеру арқылы бағаланды. Қорытындысында көпшілік оқырманның бұл кітапқа қызығушылығы артып, «оқимын» деп дауыс бергендер саны 55 екендігі анықталды. Шара тізгінін жас педагогтар қолға алып, түрлі жанрда оқыған кітаптарымен, оқыған кездегі әсерлерімен бөлісті.

Жас мамандардың  бос уақытын тиімді пайдалана білуге бағыттау мақсатында «Тоғызқұмалақ» пәндік жобасы аясында тоғызқұмалақтан спорт шеберіне үміткер, халықаралық дойбы ойынынан жүлделі орындар иегері М.Өтемісов атындағы БҚМУ «Дене тәрбиесі» факультетінің 3 курс студенті Шынар Исақұлова  тоғызқұмалақ ойынының тарихын, түрлерін, ойнау техникасының қыр-сырымен бөлісті.

Қорытынды күні жас мамандар жаңартылған білім мазмұны бойынша  мұғалімдердің сабақтарына қатысып, тәжірибе алмасты.

 

 Мәнсия Сәкиева,

аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі