1.02.2019, 15:55
Қараулар: 2
Шебердің  жаңа «туындысы»

Шебердің  жаңа «туындысы»

  Биыл  аппақ қар мол жауып, бір – екі айдың ішінде жер бетін  көмкеріп -ақ тастады.  Қардың қалыңдығы  сондай тіпті ауыл адамдарын  сәл-пәл есеңгіретіп тастағандай. Таң атысымен  күрегін алып, қар аршып жүрген бір адам.  Десек те,   Ақтау ауылының адамдары үшін бұл шаруа шешіліп те қойылған. Себебі , темірден түйін түйген Еркін сияқты ауылдастың арқасында көше арасындағы және  ауыл маңындағы жолдар сайындай жарқырап жатыр. Ол  қары қалың жерлерді өзі ойлап тапқан қар тазалағыш құрылғысымен  әп-сәтте тазартып беріп жүр. Нақтырақ айтар болсақ,  бұрында совхозда  темір жонушы, дәнекерлеуші  болған Еркін Айманғалиев  ескі құрылғылардан қар тазалағыш құрастырып алыпты.

— Еркін қолы шебер жан. «Ернар» шаруа қожалығының жетекшісі. Ақтаудың байырғы тұрғыны.Темірден түйін түйген деп осындай жандарды айтар болар. Бір жылдары  ескі тоқта жатқан  бидай тазалағышты әкеліп бергенмін.  Ағамыздың осыдан бірдеңе ойлап табарына сенімім мол болды. Былтыр қар аз болды ма, бұл құрылғыны көрмедік. Міне, биылғы жауған қалың қарда осы техниканың пайдасын халық көріп отыр,-дейді бұрынғы Ақтау ауылдық округінің әкімі, қазіргі таңдағы   аудандағы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Рустем Еслямов.

Шебер жанның  жаңа «туындысын»   біреу қызықтап қараса, ал ауылдастары үшін бұл үлкен  көмек, техника тапшы ауылдар үшін таптырмас құрал. Шебердің қолы ортақ деген осы да!

Айсұлу Амангелдіқызы