1.02.2019, 15:32
Қараулар: 571
Жаңа нысан — халық игілігіне

Жаңа нысан — халық игілігіне

Аудан орталығынан 80 шақырым орналасқан Ақшат ауылында медициналық  амбулатория ел игілігіне пайдалануға берілді.

Жаңадан бой көтерген ғимарат мемлекеттік – жекеменшік серіктестік аясында салынып, оның құрылысына облыстық бюджеттен 5 жылға 167 млн  240 мың теңге бөлінген болатын. 2018 жылдың маусым айында басталған нысанның құрылыс жұмыстарын мердігер «Лайгэ» ЖШС жүргізіп, уақытылы аяқтады.

1400 жуық халқы бар Ақшат ауыл тұрғындары бұрын заман талабына сай келмейтін ескі ғимаратта ем алса, енді жаңа жоба бойынша тұрғызылған ғимаратта емделетін болады. Бөлмелері талапқа сай, медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген ғимараттың жалпы алаңы 495 шаршы метрді құрайды. Амбулатория арнайы ем алатын процедуралық және физио–терапиялық кабинеттермен қатар, стамотологиялық кабинеттің де қажетті жаңа заманауи құралдарымен жабдықталған.

Жаңа нысан тек Ақшат ауылының тұрғындарын ғана емес, жақын орналасқан Алмаз, Қарағаш ауылдық округінің де тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етуге қауқарлы.

Амбулторияның ашылу салтанатына арнайы келген Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Беркінғали Нұрданат және аудан әкімі А.Есалиев ақшаттықтардың қуанышына ортақтасты. Аудан әкімі өз сөзінде Елбасымыздың жүргізген саясатының нәтижесінде өткен жылдың өзінде ауданымыз бойынша 4 нысанның, яғни Қарағаш, Шоқтыбай, Ақтау, Амангелді ауылдарының фельдшерлік-акушерлік пункттері күрделі жөндеуден өткенін де айта кетті. Шарада жобаның бас мердігері «Лайгэ» ЖШС басшысының орынбасары С.Жолымбетов, ауыл тұрғындарының атынан Шыңғырлау ауданының Құрметті азаматы, денсаулық саласының зейнеткері Ж. Байқатов ізгі тілектерін арнады.

 

Анар Сағи